Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Мария Кузьмина, «Лениногор» кеден бекетінің маманы: Тіл үйренуіме достарым көмектесті

5 Қыркүйек 2012 | 5:26


Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Лениногор» кеден бекетінің маманы Мария Кузьмина өз міндеттерін абыроймен атқара жүріп, мемлекеттік тілді меңгеруді де алдына мақсат етіп қойған. Бұған айқын дәлел – қала, облыс көлемінде қазақ тілінен өткен байқаулардың бас жүлдесін бермейтін Марияның бағындырған биік белестері жетерлік. «Риддер қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, алғаш әліппемен танысқаннан бас­тап қазақ тілін үйренуге ден қойдым. Басында, әрине, оңай болған жоқ. Оған қоса отбасында өз ана тіліміз – орыс тілінде сөйлесетінбіз. Бірақ ең бастысы зор құл­шыныс болса, кез келген кедергіні бұзуға болады ғой. Бұл ретте қатар оқитын қазақ сыныптарындағы балалардың көмегі көп тиді. Олармен достасып қана қоймай, қазақ тілінде сөйлесіп, араласа бастадым. Тілдік орта пайда болғаннан кейін тілді меңгеруім тіпті жеңілдей түсті» дейді Мария.
Бастауыш сынып бастап-ақ қазақ тілі бойынша өткізілген пән олимпиадасына қатысып жүлделі орын алған орыс қызы ұстаздар тарапынан да қолдау тапты. Өйткені мемлекеттік тілді еркін меңгерген Мария мектептің мақтанышына айналып үлгерген еді. Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай, Риддер қаласы әкімі Марияны «Мемлекеттік тілді меңгергені және дамытуға қосқан үлесі үшін» деген арнайы мақтау қағазымен марапаттады.
«2001 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша оқуға түсіп, университет қабырғасында ұйымдастырылған тіл сайыстарына белсене араластым. Оқу барысында неміс, қытай тілдерін меңгердім, дегенмен қазақ тілінің көркемділігіне, байлығына ешбір тіл жетпейтініне көзім жетті.
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген әрбір қызметкер үшін өзіне жеңіл дер едім. Өмірде де, қызметте те оның пайдасы зор. Құжат айналымы, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу – бүгінгі күн талабы. Елбасының өзі 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесін 95 пайызға дейін жетуі керектігін айтты. Осы орайда, өзін нағыз Қазақстан азаматы ретінде санайтын әрбір адам қазақ тілін меңгеруі тиіс деп ойлаймын. Қызмет барысында азаматтар өтініштеріне жа­уап, түрлі кәсіпорындармен хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізілуі міндетті. Кеден қызметі – мемлекеттік орган. Оның оң имиджін қалыптастыратын біздер – кеден қызметкерлері. Сондықтан Елбасы айқындаған маңызды мақсатқа жетуде, кеден намысын қорғауда мен де өз үлесімді қосқым келеді» деп ағынан жарылды.
Патриот қыздың пікірінше, кез келген әйел үнемі қызметте ер азаматтармен тең дә­режеде иық тірестіре алуы тиіс. Ол «Біз­дер үнемі өз біліктілігімізді дәлелдеуіміз қа­жет. Әрине, әйел затына сай табиғи нәзіктік пен сұлулығымызды да айшықтағанымыз абзал. Биік өкше, белдемше, жеңіл макияж – біздің сәніміз. Қызмет барысын­дағы тиянақтылық, тәртіп және мейірімділік бір бойымызда ұштасып отырғаны игі. Ал отбасында, сөз жоқ, ер адам көшбасшы болуы керек. Үйде мен үнемі маңызды мәселелерді шешуде жолдасыммен ақылдасамын» дейді Мария. Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдарын өмірлік темірқазық ретінде ұстаған әріптесімнің осы бағыттағы ұстанымы әр мемлекеттік қызметкер үшін айқын үлгі екені анық.

Мақсат АКРАМОВ,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің маманы
Ана тілі газетінен