Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Кеңес Аухадиев, қоғам қайраткері: Қазақтың қазақтығын көрсететін — бiрiншi-жерi,екiншiсi -тiлi?

15 Тамыз 2012 | 5:01


Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Алматы қаласының басшысы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кеңес Аухадиев мырзаның өмір жолы да бүгінгі ұрпаққа үлкен сабақ.
Әже тәрбиесін көрген бала
— Біздің бабаларымыздың атаме­кені — Алматы облысының Балқаш өңіріндегі Іле өзенінің сол жаға­ла­уын­да орналасқан Желтораңғы деген ауыл, — деп бастады әңгімесін тарих қатпарына үңілген Кеңес аға. — Атам Аухади қызмет істеп жүріп репрес­сияның алдында ұсталып, қамалып, қайтыс болған. Одан екі бала қалады, бірі менің әкем Мұс­тахан, екіншісі — інісі — Айтжан. Әжеміз Маржан сол өңірдегі атақты байдың қызы болған екен. 1933-1934 жылдары болса керек, ашаршылық, елдің босып жатқан кезі, сол кісі екі баласын алып Алматыға қарай келе­ді. Менің бала күнімде «Бақа­настан бері қарай арбамен келе жатқанда жолдың екі жа­ғында адамдар өліп жататын» деп ай­тып отыратын.
Әкем Абай даңғылының бойын­дағы Биокомбинатта біраз жұмыс жасапты. Менде әкемнің сол жерде жұмыс жасағандығы жайлы анық­тама бар. Біздің отбасымыз Алматыда шамасы 1 жылдай тұрған болуы керек. Бұл жерде де соншалықты күйлері болмай, елге ілесіп, Алматы облысы­ның Шелек ауданы жағына қарай ығысады. Сол жердегі бір колхозға (қазіргі Малыбай деген ауыл) тоқ­тапты. Анам әкеммен сол Малыбайда танысқан екен. Ата-ба­бамыздың өмір жолы осылай өрбиді. Біз сол жерде туып, өстік. Әкеміз қыз­­мет жасады. «Қызыл жұлдыз» колхозы бастығының орын­басары болатын. 1939 жылы әкемді Жаркент жаққа бастықтарды даярлайтын курсқа оқуға жібереді де, сол жақтан армияға алады. Әскери міндетін атқаруға Свердлов облысына түседі. Одан ары қарай фин соғысына аттанады. «Бұл соғыстан аман-есен оралып, Мәскеудің түбінде тұрмыз. Құ­дай бұйыртса, күзге таман елге барып қалармыз» деген хаты келді. Мау­сым­ның 14-жұлдызында Брест ма­ңын­дағы Боровичинск ауданынан жа­­зыл­ған хаты келген. Содан кейін ха­бар жоқ. Соған қарағанда соғыс­тың алғашқы күні-ақ қаза тапқан бо­лар…
«Келін қайынененің топырағынан жаралады» дегендей, анам Зинатай әжем сияқты өте пысық кісі болды. Әжем ерлері соғысқа кеткен әйел­дер­ді жинап алып: «Еңірегенді қойың­дар. Одан да қалған ұрпақты өсірейік. Тірі болса, ер-азаматтар келеді» деп біріне сиыр сауғызып, екіншісіне бұзау байлатып ұйым­дастырып жүретін. Анам 1,5 айдай жайлауға кетеді. Сол кезде әжем тоқал тамның төбесіне шығып алып «Зинатайым қашан келеді екен?» деп жүретін.
Әкесі соғысқа кеткенде кішкентай Кеңес небәрі 1 жаста екен. 1938 жы­лы желтоқсанның 27-сінде туған. Елдің тұрмысы расымен де ауыр кез. Со­ның өзінде бұл үйде әжесі мен анасы­ның еңбекқорлығы арқасында темір төсектің астында қарын-қарын май жататын. Қайран әже, сол еңбек­сүйгіштікті өз
немересінің бойына да дарыта білді. Оның 6-7 жасар ке­зін­де ойнауға кетіп бара жатқанын көрген әжесі «Күбіні кетіп бара жат­қанда 100 рет, қайтып келгенде тағы 100 рет пісесің» дейді екен. Анасы Зинатай қой фер­масының бастығы болды. Қойшыларға қант келеді. Әйелдер қантты санап, әр отбасының мүшелеріне қарай бөлетін. Тәтті көрсе айналшықтап шықпайтын ба­ла біткеннің әдеті емес пе, бөліп жатқан қанттан сұрайды. Олар бере қоймайды. Өзінше бұр­тиып, ашу­ланған болып кетіп қалады. Әйелдер барлық қантты қылдай бөліп болған соң, түбінде қалған қоқымын уыстап кішкентай Кеңестің қолына салып береді. Бұл оны есіктің алдында жүрген балаларға үлестіретін.

Мектепті медальмен бітірді

Әкейдің соғыстан оралмайтыны белгілі болды. Әжесі де мәңгілік са­пар­ға аттанды. Бұл анасы мен кіш­кентай Кеңеске өте ауыр тиді. Әке­сінің інісі Айтжан да жасы 18-ге тол­­­ды деп құжат жасатып, 17 жасында соғысқа кетіп қалды. «Немістерді қырамыз» деп улап-шулап пойызда кетіп бара жатқанда түн жарымда жаулар пойызды бомбалай бастайды. Орыстардың командирлері «Ор­манға қарай жүріңдер» дейді. Ол кез­де орысша да дұрыс білмейді. Қа­шып жүріп әрең құтылады. Бірақ Айтжан көкесі соғыстың соңына де­йін қа­тысты. 1945 жылы жаралы бо­лып, госпитальде 8 ай жатып жазылып, одан жапон соғысына кетті. Ол жақтан да аман қайтты. 14 бала өсірді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас болса ке­рек, сірә.
— Малыбай ауылында қазақ-ұй­ғыр орта мектебі болатын. Етекке ба­рып колхоз-колхоз болып көкпар тартамыз, — дейді Кеңес аға. — Айтжан ағаның балаларының бәрі ұй­ғырша сөйлейтін. Анам ферма бас­тығы жұмысынан босап, темекі ша­­руа­шылығында жұмыс жасады. Күні бойы темекіні жұлады, арбаға салып, тігетін жерге алып барады. Жіп­ке тізеді. Кейде анамның қасына барамын. Біраз отырған соң ұйықтап қаламын. Үстіме күпәйкені тастап қойып, өздері түннің бір уағына де­йін жұмыс жасайды. Бір күні түн ор­­­тасында әйелдердің жылаған дауысынан оянып кеттім, сөйтсем олар «Жданов өліп қалды» деп жылап отыр екен. Адамдардың елін, жерін сүй­гендігі, Отанға шын берілгендігі ғой. Колхоздың қара жұмысын істеп жүріп анам «Мына баланың оқуы не қазақша емес, не орысша емес. Дұрыс білім ала алмайтын болды-ау. Мен оны орысша оқытайын» деп ойлайды. Әжем дүние салған. Бас көтерер деп арқа сүйейтін әкемнің інісі Жапонияда соғыста жүр. Сөйтіп төркініне хабар беріп, анамның әкесі келді. Біз көшетін болдық. Анамның Майтөбе стансасында бауыры тұратын. 11-12 жасымда Айнабұлақтың бер жағын­дағы сол стансаға көшіп келдік. Тоғыз жолдың торабы — Сарыөзекте интернатта жатып оқыдым, үздік оқушы болдым. Мұғалімдеріміз өте білімді болатын. 4-5 сабақ қана қазақша болды да, қалған сабақтар орысша жү­ретін. Менің оқыған жерімнің артық­шы­лығы — мұғалімдердің барлығы Ленин­градтан келген офицерлердің Мәскеуде, Ленинградта оқу бітірген әйелдері еді. Сарыөзектің қасында үлкен әскери қалашық бар. Мектепті сол жерде медальмен бітірдім. Үш қазақ әйелі Матай темір жол бөлім­шесінде қара жұмыс істейтін. Оның бірі менің анам Зинатай болатын. Май-май болып, балға, басқа да оны-мұны 16 келі темір-терсегін арқалап жүретін. Ол заманда елдің барлығы солай тіршілік етті ғой. Громков деген мастері жиналыс өткізген сайын менің мұғалімдерім жіберген мақтау қағаздарын оқып беріп анама «Осындай бала тәрбиелеп өсірген сізге рақ­мет. Мектепте ылғи 1-орын алады, барлық сабақтан үздік» деп мақ­тайды екен. Мектепті үздік бітіріп, қалаған ЖОО-да оқуға мүмкіндігім болып тұрса да, анамды қара жұ­мыстан босатамын деп, жақын жердегі Шұбар ауылшаруашылық техникумына оқу­ға түстім. Техникумды да үздік тамамдадым.

Ауыл кеші көңілді…

— Жас кезде қыздарға қырындау мектептен басталады ғой. Мектепте оқып жүргенде көрші разъезде тұра­тын Кербез деген қызға көзім түсіп жүретін. Әкесі Ұлы Отан со­ғысының мүгедегі, ата-анасы қарапа­йым жұ­мысшылар. Бірақ ол Алматыда оқи­тын. Менен бірер жас кіші болатын, — дейді Кеңес аға әңгімені басқа ар­наға бұрып. — Анам да «Ботажанның қызы әп-әдемі екен, өзі жақсы оқиды дейді» деп маған құлаққағыс жасап қоятын. Оқушы кезімізде көр­кем­өнерпаздар үйір­ме­сін құрғанбыз. Соны басқарып жүр­дім. Өзім оркестрде мондалинде ой­­­наймын. Темір жол мектептерінің арасында екінші орын алып, бірінші рет сағат алғаным бар. Кербез тұра­тын 54-разъездге концерт ұйымдас­тырып бардым. Қыздың алдында өзімді көрсетіп жүргенім ғой. Жолдасым Өмірсерікке «Сен сол жақты ұйымдастыр» деп жібердім. «Сосын біреудің үйіне жиналайық» деп ұсы­ныс жасадым. Концерт бердік, өзім концерт жүргізуші болдым. Автолав­ка, автоклуб қана келетін ша­ғын ға­на ауыл ғой, шал-кемпірлерге де­йін жиналып «Сарыөзектен келіп кон­церт қояды екен» деп бізді күтіп­ті. Алдында біраз толқығанмен, кон­церт жақсы өтті. Соңынан он шақты қыз-жігіт жиналдық. Ол кезде кеш өткізу қайда, бір үйге жиналып «Көр­­ші, көр­ші», «Анда кетті мон­да­лақ, мұнда кет­­ті мондалақ», «Ақ­сүйек» ойнадық. Қатар-қатар отырып орамалды орап-орап басын бекітіп, аяқтың арасынан ары-бері жүгіртіп отырасың. Қасың­дағы көр­шіңе қолың да тиіп отырады. Біз соған мәзбіз. Жеңіліп қалғанға тақ­пақ оқытып, басқа да «тапсырмалар» береміз. Жасай алмай қалса, орамалмен соғамыз. Орамалды ұстап ала­мын дегенде екінші біреуге лақ­тырып жібереміз. Біреу орамалды ұстатып қойса, ортаға сол шығады. Ән айтамыз. Өзімізге қызық. Біз Кер­без екеуіміз ең алғаш рет осылайша жа­қын таныстық. Содан ке­йін анда-санда кездесіп жүрдік. Ол кезде Кербез 17 жаста болатын. Үш жыл қыз бен жігіт болып достастық. Оның 20, менің 22 жасымызда бас құрап, отау көтердік. Жаркентке бір­ге бардық. Балаларымыз — екі ұл, бір қызым Жаркентте туылды.
Жаркенттің мен жұмыс істейтін Ленин атындағы колхозында да көр­кемөнерпаздар үйірмесін құрдық. Мен де, Кербез де спектакльде ойнайтынбыз. Бірінші орын алып, Ха­лық театрын құрдық. Сол кездері Қытай­дан Дәнеш Рақышев біздің колхозға келді. Ауыл кеші көңілді еді. Жиналып ән салып, Дәнешті тыңдап отыр­ғанбыз. Мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған болатынмын. Біз ауданға көшейін деп дос­та­рымыздың басын қосқанбыз. Бір кезде қонаққа келген көпбалалы әйел «Әй, Кеңес, мына әйеліңді дә­рігерге алып бар. Әйтпесе бүгін осы жерде туып қалады» деді. Машинамен Көктал деген жерге алып бардым. Өзім тез қайтып келіп, енді таң атқанша тойлайық деп жатсақ, бір-екі сағаттан соң «Әйелің қыз тапты» деп телефон соғып тұр.

Асанбай ағаның орны бөлек

Кеңес ағаның айтуынша, олар же­тім бала, жесір ана болып өсіп, же­тіл­ді. Оған ешкім бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен жоқ. Айна­ласындағы жанашыр жандардың мүмкіншілігі, білім деңгейі төмен бол­ды. Анасы да, Кербездің әкесі де қарапайым жұ­мысшы. Анасының інісі де темір жолда қара жұмыс іс­тей­тін. Сол уақытта не істеу керек еке­нін көбіне өзі шешті. Мектеп бітірген соң оны Көкшетауға жіберді. Бірақ анасына қарай­ла­сатынын, оның жалғыз екенін айтып Жаркентте қалды. Ол жақ та көрмеген же­рі. Алтынемелді асып барды. Жар­­­кентке барған соң жайлап істеген еңбегіне қарай қызметі өсе бастады.
Колхозға келгенде кейбір «білгіш­тер» «Сырттан келген өзге жастар сияқ­ты бұл да мұнда сіңбейтін шы­ғар» деген екен. Сіңгенде қандай?! Кол­хозда 2 жылдай жұмыс жасап, 4,5 жы­­­­л ау­дан жастарын басқарған жігіт Ке­ңес­ті сол колхоздағы адамдар құр­мет­теп Алматыға дейін шы­ға­рып салған.
Оған сүйеу болған алғашқы адам Панфилов аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Сейдәлім Тәнекеев деген кісі еді. Кеңес Мұс­таханұлы ол кезде колхозда трактор-жастар бригадасының бригадирі болды. Атағы жайлап шыға бастады. Газетке шығарды. Бірде жиналыста «бас инженер болмаймын, бригадир боламын» деп сөйлеген. Партия қа­тарына алынды. Колхоздың комсомол ұйымының хатшысы, аудан­дық комитеттің мүшесі болды. Бір күні С.Тәнекеев егіс даласында жүр­ген Кеңеске өзі келіп: «Сені аудандық комсомолға бірінші хатшылыққа ұсынайық деп жатырмыз. Қалай қа­рай­­сың?» деді. Ол кезде мұндай жұ­мыс­тар аса түсініксіз болатын. Сон­дықтан «Сіздер қалай шеш­се­ңіз­дер, солай болады» деп келісімін бер­ді.
— Менің еңбек жолым Алматы облысының бірінші хатшысы Асанбай Асқаровпен тікелей баланысты болды, — дейді ол. — Жаркентте ау­дан­дық комсомол комитетінің бірін­ші хатшысынан кейін облыстық комсо­молдың бірінші хатшысы болдым. Асанбай ағадан үйренгенім көп. Біз өте жа­қын араластық. Ол кісі қызмет ауыс­тырып Шымкентке кеткенде мен ол кісінің орнына облыстық партия комитетінің бі­рінші хатшысы болдым. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Асекең үйіне шақырып, ас беріп «Кеңес, айналайын, мен сені жас­тайыңнан жақсы көруші едім. Қазір менде де ешкім жоқ. Сен де жал­­ғыз­сың. Төс қағысып, бауыр бол­ғанға қалай қарайсың?» деді. Сөй­тіп екеуі­міз бауыр болдық. Жең­геміз үстіме шапан жапты. Одан ке­йін Асекеңнің, өзімнің айна­лам­дағы туған-туыстың басын қо­сып, мен де бауыр болғаны­мызды жария еттім.
Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мен 35 жасымда қалалық атқару комитетінің төрағасы, 38 жасымда астаналық обком партияның бірінші хатшысы болдым. Сол кезде «Бұл қайдан келді? Кімнің адамы?» деген неше түрлі әңгімелер айтыла бастады. Кейбіреулер «Үлкен кісімен бір жақындығы бар екен» деп тон пішеді. Сол кезде ел арасына тараған бір әң­гіме есіме түссе, қазірге дейін езуіме күл­кі үйіріледі. Ол әңгіме былай өр­биді «Аухадиевтің әкесі соғысқа кетіп бара жатқанда Қонаевқа «Жал­ғыз балам қалып барады. Осыған ие бол» деп табыстапты» дейді. Бұл әңгімені айтып отырғаным мен Д.Қонаевты ең алғаш рет Совет аудан­дық партияның бірінші хатшысы болып жүргенде көрдім, ол кісіге партбилет тапсырдым. Сол кезде бүкіл Кеңес Одағында партбилет ауыстыру кезеңі еді. Міне, сол күні бірінші рет жақын келіп, қолын алғаным есімде.

Қонаевтың телефоны әр кез қол­жетімді болатын

— 1975-1978 жылдары Алматы қаласын басқардым. Ол кезде Алматы — астана. Сондықтан Димаш Ах­метұлы жұмысын менен бас­тайтын, — дейді Кеңес аға өткен шақты ой елегінен өткізіп. — Кейде «Кенеке, қалай, қаладағы жағдай жақ­сы ма? Қала тыныш па? Ет-май қымбаттаған жоқ па?» деп сұрайды. Бірде Шоқан Уәлиханов ескерт­кі­шінің маңындағы гүлді суаратын ма­шина тастарды құлатып кеткенін біреулер звондап айтыпты. Ол кісінің телефоны қол­жетімді болатын. Қа­лада бір жағдай бола қалса, кез келген қала тұрғыны оған мәселенің мән-жайын айта алатын. Мұндай жағдайда ол кісі әңгімені «Аухадиев, сендер өзі қаланы аралай­сыңдар ма, жоқ па?» деп бастайды. Бірақ Қонаев­тың айтқаны үнемі дұрыс болатын. Бір күні «Көкба­за­рыңа» су кетіп жатыр» деп звондайды. Ол кісі өте кіші­пейіл, қарапайым жан еді. Қаталдығы өзгелерге ұқса­майтын, боқтық сөз айтпайтын. Обкомның бірінші хатшысы, бюро мүшесі болған соң дас­тарқандас, дәмдес болып араласып кет­тік. Анда-санда туған күнінде, жаңа жылға қарсы үйіне шақыратын. Қоян-қолтық араласқан 5-6 отба­сының ішінде біз де болдық. Қонаев­тың тәрбиесін көріп, өстік. Үлкен қызмет жасадық. Қасында еңбек еттік. Қонаевтың басына күн туғанда да, қиыншылық болған кезде де қасынан кетпедім. Сосын Қонаев қорын құрған кезде Димекең «Сен ауданды, облысты басқардың. Ылғи ұйымдастыру жұ­мыстарының басы-қасында жүрдің. Сен осы қордың ұйымдастыру жұ­мыстарын бас­қаршы» деді. Міне, содан бері Ха­лықаралық Қонаев қо­рының ұйым­дастыру жұмыстарын да, тікелей басшылық жұмысын да осы күнге дейін жүргізіп келе жатырмын. Қонаевтың қасында жақсылық ке­зінде де, басына күн туғанда да бірге болдым. 1985 жылдан өмірінің со­ңына дейін ол кісінің қасында болған адаммын.
Менің Құдай берген қасиетім бар екен. Бұйыртса, келер жылы 75-ке келемін ғой, артыма қарап ойланамын. Менің әжемнің мықты адам болғанын әңгімеміздің басында айтып кеттім. Сол кісі кейде түсіме еніп біртүрлі көзқараспен қарап өтіп ке­тетін. Содан 1-2 айдан кейін қыз­метім өсетін не басқа да жақ­сы­лық­тар болатын. 3-4 рет сондай түс көр­дім. Өмір болған соң неше түрлі қиын­шылықтар болды. Ең қиыны — менің қызметтен кеткен кезім. Қайта құру басталған 1985 жылы Алматы облысын бас­қа­ратынмын. М.Горбочев сайланғанда Қонаевпен бірге Әшімов, Назарбаев, Әуелбеков, Қуанышев, мен сияқты 4-5 жас хатшы барып, құттықтадық. Сонда Горбачев бізге қарап «Жастар, сендер Димаш Ахметұлын сақтаңыздар! Бұл кісі біздің партияның алтын қоры» деген болатын. 5 айдан кейін Горбачев өзгеріп шыға келді. Диме­кең онсыз да зейнеткерлікке кетемін деп дайын тұрған болатын, шақырып алып адам­гершілікпен «Осы уақытқа дейін жа­саған еңбегіңізге рақмет» десе, кете берер еді. Бірақ Горбачев бұл мәселеге басқаша қарады. Қо­наев­ты қызме­тінен босату мәселесін жергілікті жерден көтеру керек деген жолмен жүріп, ел басқарып жүр­ген азамат­тардың арасында іріткі салды. Сол кезде менің де үстім­нен арыз ұйым­дастырып, Лигачев түскен арызды парт­комиссияның тексеру қорытын­дысы бойынша саяси бюрода қарамақ болған. Қонаев «Өзіміз қарайық» деп сұрайды. «Егер Ау­ха­диевті қыз­ме­ті­нен босатсаң қарауға жібереміз. Әйт­песе өзіміз қараймыз» дейді Лигачев. Сонымен қойшы, 1985 жылдың 23 қыркүйегінде мені қыз­метімнен босатты.
Одан кейін «Бас­күріш­совхозқұры­лыс» бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқардым. 1,5 жылдан кейін желтоқсан басталды. Менің ісім қайтадан қарала бастады. Асқаровқа іс жүргізілді. Димекеңді сұрауға ала бастады. Мені прократура, ҰҚК, тағы басқалар 18 рет ша­қыр­ды. Мен жастар алаңда көтеріл­ген күні кешке жақын Шымкентке кеткенмін. Бір үлкен конференция өткіземіз деп алдын ала дайындап қойғанбыз. Кетіп бара жатқанда біреулер шығарып салды, келген соң «Сол жаққа барып ұйымдастырып келдің» деп ұстады. Дегенмен еш­қандай ілік таппады, қамай алмады. Ол ұзақ әңгіме. Орталық партия ко­митеті анықтама жаздырып, кем­шіліктерді көрсетіп, бастауыш ұйым­ға жіберді. Ол уақытта ком­мунистердің ісін бастауыш партия қарауы керек деген қаулы шыққан болатын. Коммунистер «Партиядан шығармаймыз» деп отырып алды. Оны райкомға жіберді. Райкомда да шығара алмады, өйткені бюро мү­шелері мені қолдады. Меңдібаев менің ісімді обкомда қараймын деп жатқан кезде Мәскеу­ден «Желтоқсан оқиғасын тоқта­тыңдар» деген хабар келді. Сонымен, мені партиядан шығара алмады. Бірақ та қызметімнен босатып, қатардағы инженерлік қызметке жіберді. Бір жылдан соң бұрынғы қызметіме қайта оралып, «Баскүріш­совхоз­құрылыс» бас басқармасы бастығы­ның орынбасары болып тағайын­дал­дым.

Мені мазалайтын жер мен тіл мәселесі

— Димекең бір мәселе шешілмей жатса: «Әй, өз ал­дымызға дербес ел болсақ, осы мәселе шешіліп кетер еді» деп айтатын. Еліміздің тәуел­сіздігін Димекең де, біз де үлкен қуа­нышпен қарсы алдық. Ата-ба­ба­мыздың аңсаған азаттық таңы атты. Жаңа заманға сай көп нәрселер жасалып жатыр. Мен Астананың салынуы мен басқа облыс орта­лық­та­рының гүлденуін айтар едім. Ди­мекеңнің 100 жылдығына қарай біраз облыс орталығын аралап шықтым. Көп игі өзгерістер бар.
Дегенмен, егемен ел болғаннан кейін біз жердің иесіміз. Мемлекет несімен бағаланады? Өзгелер «Ол қай жерден екен? деп сұрайды. Ол «Жері бар ма?» деген сөз ғой. Қа­зақтың қазақтығын көрсететін екі-ақ үлкен мәселе бар: бірінші — жер. Екінші — тіл. Қазір саясатқа араласып жүрген адам емеспін. Өткен ғасырдың бірінші жартысы революция, ашаршылық, соғыспен өтті. Ал біз өткен ғасырдың екінші жартысында — тыныштық заманда ел басқарған адамдармыз. Экономи­каның өсіп, мәдениеттің гүлденген кезінде қызмет жасадық. Менің айтарым осы — жер және тіл мәселесі үнемі назарда болуы керек. Телевизордан «тіл мәселесін шешіп жатырмыз» деп айта салу оңай, ал нақты «сол тілдің жағдайы қалай?» деген мәселе күрделі. Ең алғашқы кезде Үкіметтің қызметке алу, қызметте өсу мәселесінде қазақ тілін білуіне қарай бағаланатын бір қаулысы шыққан болатын. Өзіміздің ұйымдағы Қазақ тілі қоғамының басшысы болдым. Сонда бізде жұмыс істейтіндердің 80 пайызы орыстар еді. Зейнеткерлікке бір-екі жыл қалған орыстар «Кеңес Мұс­таханұлы, біздің зейнет демалысына кетуімізге бірер жыл қалды, бізді қинамаңыздар. Аз уақытта қалай мен тілді үйренемін?» деп сұрап келетін. Өзгелері аптасына үш рет сабаққа қатысып, тілді үйренуге кәдімгідей құлшына кірісті. Құдайға шүкір, қазір қазақша сөйлегісі ке­летін өзге ұлт өкілдері көп. Оған еш­кім қарсы емес, мәселе ұйымдастыру жұмысында болып тұр. Орыстың қыз-жігіттері қазақша сайрап, ән сала алатынын телевизордан көріп жүрміз ғой. Жақсы үйренуге де, сөйлеуге де болады. Сондықтан тілді үйретуде ұйымдастыру жұмыстары жетіңкіремейді деп ойлаймын.

«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» демекші, таңертең ерте тұрып, күндізгі істің қамын жасау — Кеңес ағаның ертеден қанына сіңген қасиет. Сол еңбектің арқасында абырой-атақтан кенде болған жоқ. Келер жылы 75 жылдық мерейтой. Бұл да бір белес. Әлі де жасалатын жұмыс көп. Жас­тайынан түрлі қызметтің құлағын ұстап, небәрі 47 жасында үлкен қызметтен шеттетілді. Соның өзінде елдің қуанышына ортақтасып, көптің ішінде болды. Лауазымды қызметте жүргенде айналасында болғандар Кеңес ағадан ешқашан теріс айналып кеткен жоқ. Қайта қасынан табылды. Елмен байланысын үзбеді. Қазір де көптің құрметіне бөленіп жүр. Үлкен саясатқа ара­ласпай-ақ елге пайдалы іспен айна­лысуға болатынын Кеңес Мұстахан­ұлы өз ісімен дәлелдеп келеді.

Гүлнар Жұмабайқызы «Айқын республикалық қоғамдық-саяси газет» 15.08.12.