Қазақ журналистикасы бүгінде өзге ұлт өкілдерінің арасынан шыққан қалам ұстаған қауыммен де толығуда. Көгілдір экраннан мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілін көрсек, өз тілін өгейсітіп жүрген кей қандастарымыздың намысын оятса екен дейтін болдық. Бір жағынан бұл өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі шығар деп марқайып қалатынымыз тағы бар. Қазақтілді көрерменнің көңілінен шығып жүрген арулардың бірі, қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, өзге ұлт өкілдеріне ана тілімізді насихаттап жүрген журналист – Ольга Спирина.
Ольга Спирина бүгінде «КТК» телеарнасының спорт жаңалықтарын жүргізуші болып қызмет етеді. Алматының тумасы. Болашақта журналист болуды армандаған балауса қыз жастайынан шағын әңгімелері мен мақалаларын «Ұлан» газетіне жолдап, кейін осы балалар басылымының жас тілшісі атанды. Бала күнінен журналистикаға жаны құмар болып өскен орыс қызынан қазақ тілін үйренудегі мақсатын сұрағанымызда: «Қазақ мектебінде білім алып, қазақы тәрбиені бойыма сіңіріп өстім. Қазақ мектебіне барамын деп әсте ойлаған емеспін, ол – менің аяулы ата-анамның шешімі. Бала кезімнен қазақы ортада өскен мен үшін тіл үйрену қиын болған жоқ. Бірақ мұнымен тоқталғым келмейді. Алда мемлекеттік тілді мейлінше жоғары деңгейде меңгеріп, осы саладағы білімімді одан әрі жетілдірсем деймін. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін», – дейді ол. Дегенмен, өзге ұлт өкілдеріне әсіресе қазақ тілінің төл дыбыстарын үйрену, оны дыбыстау оңайға соқпасы анық. Осы жайында Ольга: «Маған қазақтың төл дыбыстарын үйрену аса қиындық туғызған емес. Тек сөйлеген кезде кейбір сөздер мен сөз тіркестерінен сүрінетін кезім болатын. Мәселен, «үш жүз» деген сөзді күні кешеге дейін айта алмайтынмын. Кейіннен үйреніп кеттім. Қазақы ортада жүрген соң үйренбей қоймайды екенсің», – деді.
Жиырма бір жастағы орыс қызы қазақтың салт-дәстүрлерін де біледі. «Қазақ елінде тұрып қазақтың салт-дәстүрлерін білмеу ұят шығар. Маған ерекше ұнайтын дәстүр – «Шашу». Сондай бір салтанатты әрі көңілді дәстүр ғой. Оған қоса шашу әр шаңырақта қуанышты күндері шашылады ғой» дейді Ольга. Сөз арасында Ольга өзінің қазақтың ұлттық тағамдарын да дәмді әзірлейтінін тілге тиек етті: «Қазақтың ұлттық тағамдарының ішінде ерекше ұнататыны – Наурыз көже. Сол себепті Наурыз мерекесін ылғи тағатсыздана күтемін. Ал қазы мен бауырсақ туралы әңгіме тіптен бөлек. Бұл тағамдарды мен ғана емес, отбасымызбен сүйсініп жейміз. Бауырсақты үйде жиі пісіруге тырысамын».
Мемлекеттік тілдің ахуалы жайында әңгіме өрбіткен Ольга: «Жасыратыны жоқ, елімізде мемлекеттік тіл өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Басқа елдерде мемлекеттік тіл мәселесі тіпті жоқ. Бірақ соңғы кездері жағдай жақсарған сыңайлы. Қазақ тіліндегі радио және телебағдарламалар көбейеді. Эфирге шығатын қазақтілді бағдарламалардың саны артуда. Сонымен қатар барлық ісқағаздар мемлекеттік тілге көшіріліп жатыр. Өзім өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанын да көріп жүрмін. Сол себепті жақын арада бұл мәселенің шешілетініне сенімдімін» деді.
Ольга Спирина бүгінде Халықаралық бизнес университетін менеджмент мамандығы бойынша тәмамдауда. Қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, оған құрметпен қараған орыс қызының таудай талабы талайға ой салар деген үміттеміз.
Аида ҚОЖАҚОВА
28-Маусым, 2012
«Ана тілі» газетінен