Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

«Абай жолын» түпнұсқадан оқыдым» – дейді «Достық» жастар орталығының жетекшісі Татьяна ОБОРИНА

23 Сәуір 2012 | 9:13


Бұл консультативті-кеңесші құрылым 2003 жылы Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мем­­лекеттік университеті жанынан құрылған. Мұн­дағы «Достық» жастар орталығы ҚР Конс­титуциясы мен республиканың басқа да нор­­­­ма­тивті-құқықтық актілеріне арқа сүйейді. Атал­ған жоғары оқу орнының жарғысы мен ішкі уни­верситеттік құжаттар да оның қызметіне қан жүгіртіп, бойын ширатумен келеді. Батыс Қа­зақстан мемлекеттік университеті жанын­­­­дағы «Достық» жастар орталығының жетекшісі Татьяна Оборина тарих факультетінің екінші курсында оқиды. Онымен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.

– Татьяна, өзің жетекшілік ететін орталықтың ұстанатын басты қағида­лары жөнінде не айтар едің?

– «Достық» – қызметі бір жүйе мен ізге түскен орталық. Мен өзіме дейінгі орталық жетекшілерінің атқарып келген істерін жал­ғастырушы ғанамын. Бұған дейін «Дос­­тық­тың» туын жоғары көтеріп, отын жағып келген Ольга Голубева магистратураға оқу­ға кетті де, орталыққа жетекшілік жасау тізгіні ректорат тарапынан маған тапсырылды. Алғашқыда біраз толқыдым. Қолымнан келмей қалса қайтемін деп ойым сан-саққа жүгірді. Әйтсе де, өзімдей өрімдей орта­лық мүшелерімен өзара түсіністік маған қанат бітіргендей күй кештім.

Қойған сауалыңызға орай айтарым, біз­дің басты қағидамыз – қазақстандық отан­шыл­дық сезімді тереңдету. Орталық мүше­лерінің қазақстандық қоғамға қажетті бір кірпіш болып қалануын назарда ұстау. Университет студенттері арасында әртүрлі этнос өкілдері оқып жүр. Әрине, олардың ұлты мен тілі, ділі мен діні, әлеуметтік тегі мен тобы әртүрлі болғанымен, ой-мақсат­тары ортақ. Республика Конституциясы мен заңдары алдында бәрі бірдей тең құқылы. Осындай ой-мақсат бірлігі мен сенім тұтастығы «Достық» жастар орталығының желбіретер басты туы болып қала береді.

Шынайы достық қарым-қатынастар қа­ғаз­да емес, біздің студенттік өмірімізде, бір-бірімізге деген қалтқысыз көңілімізде. Сон­дай-ақ, бүгінде бәрімізді Қазақстанның бо­ла­шағына деген үлкен сенім, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа деген мақтаныш сезімі де біріктіріп отырғанын айта кетуді басты парызымның бірі деп есептеймін. Ата Заңымыз бен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес Қазақ­стан халықтарының тілі мен салт-дәстүрін және ұлттық мәдениеттерін дамытуға жан-жақты жағдайлар жасалған.

Бұл өзге елдердің Конституциясы мен қоғамдық өмірінде кездесе бермейтін гу­манистік артықшылық деп білеміз. Сондай-ақ, орталық мүшелері қазақ тілін Қазақстан халықтарын біріктіруші, топтастырушы тіл ретінде таниды. Сонымен бірге, олар мем­лекеттік тілді үйренуге үлкен ынта-ықылас қойып отыр. «Достық» жастар орталығында тілді меңгеру ерікті түрде жолға қойылған.

Орталыққа жетекші болып тағайын­дал­ған­нан кейін әртүрлі этнос өкілдерінен құ­ралған студент құрбыларыма: «Қазақ тілін үйренгілерің келе ме?» деп сұрақ қойғаным бар. Оған қайтарылған жауаптар біржақты болды. Олардың бәрі де өздерінің жүрек қалаулары бойынша қазақ тілін үйренгісі, білгісі келеді екен. Университетте бұл іс қазір жүйелі түрде жолға қойылған. Оны оқып үйренуге аптасына екі рет арнайы сағаттар бөлінген. Оған арнайы оқыту­шы­лар тобы тартылған. Атап айтқанда, әзер­байжан қызы Гүлханым Гусейінова, орыс жігіті Александр Козлов, неміс қызы Мария Золотарь қазақ тілінің көркем де бай тіл екеніне тәнті болып келеді. Әрі олардың бәрі де қазақ тілінде таза сөйлейді. Құрыл­­­ғанына 80 жыл толып отырған еліміздің байырғы жоғары оқу орнында олардың осы өнегесін үлгі тұтушылар қатары жылдан-жылға өсе түсуде.

– Қарағым Татьяна, қазақ тілін еркін меңгергендердің алдыңғы қатарында өзің де бар екеніне күмәнім болмай отыр. Өйткені, әңгіме барысында сөйлеген сөзіңе бір ауыз орысша араластырмай, тіпті керек десең, қазақ тілінің барлық заңды­лық­­тарын, оның орфоэпиясы мен орфогра­фия­­сын сақтай отырып, ой-пікіріңді қағазға жазып түсіріп, сөз сабақтап отырсың. Енді мынадай бір сауалдың төркінін өзің­нен білгім келеді. Сенің ойыңша қазақ тілін білудің қажеттілігі неде?

– Қазақтың тілі – Абайдың тілі. Менің ойымша ол ден қойған адам үшін үйренуге өте жеңіл тілдердің бірі. Мектепте оқып жүрген кезімде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын аудармадан емес, өзінің түпнұсқасынан оқып бастап едім. Әйт­се де, бұл екі томдық үлкен романды аяғына дейін оқып шықпағанымды да жасырып қала алмаймын. Қазір алға қойып отырған жоспарымның бірі – осы клас­сикалық үлкен дүниені оқып шығу. Студент атанғаннан кейін облыс көлемінде өткізіл­ген Абай оқуларына қатысып, арнайы жүлдеге ие болдым. Қазақ тілі Қазақстан Конституциясы бойынша мемлекеттік тіл болғандықтан ғана оны үйренуіміз керек десем, біржақтылыққа, үстірттікке ұрынып қалумыз мүмкін.

Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті білімді маман атану да, ең алдымен, белгілі бір тілді еркін меңгеруден басталады деген ойдамын. Осы ой-пікірімнің қазақ тіліне де тікелей қатысы бар. Екіншіден, Елбасымыз атап көрсеткендей, қазақ тілінің болашағы үл­кен. Тілді білу достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың басты тетіктерінің бірі. Бір тілді жетік білу арқылы өзгелерін де түсінуге, игеруге болады. Мінеки, қысқаша айтқанда, бұл сауалыңызға қайтарар жауабым осындай.

– «Достық» жастар орталығының алға қойған мақсаттары қандай?

– Достық дегеніміз мәні мен маңызы өте жоғары қоғамдық-әлеуметтік категория. Қан­­дай істің болса да аты мен затының үй­лесімді болғанына не жетсін. Алға қой­ған басты мақсатымыздың бірі де осындай өре­лі ойдан қанат қақпақ. Яғни, орталық­тың аты «Достық» бола тұрып, заты оған үй­лес­пей жатса, мұның өзі бәріміз үшін үлкен сын болмақ. Ұлттық рух, ұлттық мақ­тан­ыш деген асыл қасиеттер бар екені бел­гілі. Біз бұл тіркестерді мемлекет құраушы ұлт – бір ғана қазақтарға қатысты деп түсін­сек, қа­телесеміз. Конституция бойынша мемлеке­ті­міз ұлттық-унитарлық мемлекет бол­ған­дықтан, ұлттық рух пен ұлттық мақ­таныш ұғымдары барлық қазақстандық студенттер мен жастарға қатысы бар екені анық.

Олардың ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімінің тамыр тартар тұсы да осында. Түйіп айтқанда, достық біз­дің білім алуымыздың, одан кейінгі барлық табыстармыз бен ізденістеріміздің бастауы. Сол бастаудың қашан да тұнық, таза, мөлдір бола беруі үшін «Достық» жастар орталығы бастамашылдық таныта түседі демекпін.

Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,

http://www.egemen.kz/?p=332527

Орал.