Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Кейде осы мен қай ұлттың өкілімін деп ойланып қаламын – дейді «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Майя ВЕРОНСКАЯ

2 Сәуір 2012 | 6:35


Таңмен таласып жаңа туған күнмен қазақ елін оятып, көрермендеріне жарқын көңіл-күй сыйлайтын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының жүргізушісі Майя Веронскаяны білмейтін адам кемде кем шығар. Бір риза боларың, үш сағаттық тікелей эфирде сан алуан тақырыпты қамтып, танымал тұлғалар, өнер адамдары, саясаткерлермен әңгіме өрбіткенде сөзінен жаңылмай, өзін еркін ұстап, әңгімелесіп отырған адамды жетелеп отырады. Басқа да бағдарлама, салтанатты жиын-кештерді жүргізгенде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Майя қызымыз туралы жақынырақ білуге бәріміз де ықыластымыз. Бүгін соның сәті түскендей.

– Майя, бізді таңқалдырған жәйт, сенің Алматы қаласында туып-өсіп, қазақ тілін мақсатты түрде үйреніп, оны осыншалықты дәрежеде меңгеруің. Олай дейті­нім, біз білетін басқа ұлт өкіл­дерінің ішінде қазақ тілін жетік білетін­дердің дені қазақ ауылында туып-өскендер…

– Иә, мен нағыз қаланың қызы­мын. Алматыда туып-өстім. Әкем Владимир Александрович осы қала­ның байырғы тұрғыны, ал анам Галина Леонидовна Ресейдің Но­восі­бір қаласынан. Негізі үйде төрт ағайындымыз. Мен кенже­сімін. Әкем түріктанушы, аудармашы. Өмір бойы Металлургия және кен байыту институтында қызмет ат­қа­рып, оншақты тілден аударма жасаған. Жалпы, ол кісі одан көп тіл біледі. Кеңес Одағы тұсында ғылым саласында шет мемлекеттермен байланыс жақсы дамыған болуы керек, ең қажеттілері деп осыншама тілмен ғана айналыс­қан. Апайларымның мамандығы әр қалай, бір әпкем ағылшын тілі­не жақындау, бір әпкем анамыз сияқты дәрігер, медицина саласында қызмет атқарады.

– Қазақ тіліне осыншалық­ты ден қойып үйренуіңе не түрткі болды?

–1991-93-жылдардың басында болашақ тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келмеген басқа ұлт өкілдері бірден буынып-түйі­ніп өз тарихи отандарына тартып отырды емес пе. Ал әкем Қазақ­станды өз отбасының болашағы­нан бөліп қарағысы келмегені болар: «Біз осы елде қаламыз, еш­қайда көшпейміз. Майя сен міндетті түрде мемлекеттік тілді білуің керек. Сондықтан қазақ мек­тебіне ауыстырсақ, қалай қарай­сың?» – деді. Мен әкемнің айтқанын құптап, қарсы еместігімді білдірдім. Сөйтіп, бесінші сыныптың жаңа оқу жылын қаладағы №12 қазақ мек­тебінде бастадым.

– Қазақ мектебіне барғанға дейін қазақшаң қаншалықты еді?

– Қазақ тілінің деңгейі терезе, тақта, бор деген сияқты жекелеген сөздермен шектелетін. Ол кезде оқу­лық та тапшы. Әлбетте, отбасында тек орысша сөйлесеміз. Бір жақ­сысы, ата-анам мені қазақша мектепке барасың деп зорлаған жоқ, «тек барасың ба?» деп алдымен менімен есептесті. Келіскен соң ғана «онда біз саған көмектесеміз» деп уәде берді.

– Ал ол кісілердің қазақшасы қай деңгейде еді?

– Әкей түркітанушы ғалым бол­ғандықтан, түркі тілдес бір-бірі­не жа­қын тілдерден хабары бар еді, бі­рақ қазақшаны акцентпен сөйлей­тініне көбіне ұялатын. Ал қазақ мек­те­біне ауысқаннан кейін менімен үй тап­сырмасын бірге орындап, тілді әжеп­тәуір меңгерді деп айтуға болады.

– Орыс сыныбында жүргенде үлгерімің қандай еді?

– А-а, пәлендей жақсы оқыған жоқпын. Сабақ үлгерімім үштік-төрт­тік бағадан әрі аспайтын, өйткені, оқу аса қызықтырмайтын. Тіпті, жаман оқыдым десе де болады. Ал қазақ мектебіне ауысқанннан кейін менде бір қызығушылық басталды. Оқи келе, тіпті, үздік аттестатқа бітірдім емес пе. Ондағы ойым, осы жолды таңдаған екенмін, жарты жолда тастамай, ары қарай дамыту. Сол үшін де мектепті бітірген соң Абай атындағы ұлттық педагогика­лық универси­теттің аударма және құжаттану факульте­тінің қазақ бөлі­міне оқуға түсіп, тәмамдадым.

– Майя айтшы, қазақшаны мүл­дем қақпай, тек бесінші сыныптан бастап, бүгінгідей дәре­жеге жету­дегі жетісті­гіңнің құпия­сын білуге бола ма?
– Біріншіден, әкем көп уақытын бөліп, екеуміз күнде сабаққа дайындалатынбыз. Бұл жерде әкемнің еңбегін бағалауым керек. Екіншіден, мектептегі мұғалімдердің маған деген көзқарасы, ықыласы, ара-қаты­насы ерекше жылы болды. Барлық мұғалімдер жақсы көріп, қолда­рынан келгенше көмектесуге тырыс­ты. Сыныптастарымның да көп сеп­тігі тиді. Егер маған қажет болып, көмек сұрасам, міндетті түрде қолұшын беретін. Бірақ кішкентай болсам да намыстанып: «Орыстың қызы деп басқа оқушылардан бөліп қарамаңыздар. Маған жеңілдік жа­сау­дың қажеті жоқ. Басқа балалармен бірдей көріңіздер» дейтінмін. Білмеймін, әйтеуір, менде бір ерекше құлшыныс пайда болып, оқуға қатты тырыстым.

Шынымды айтсам, қазақ тілін кереметтей білемін деп айтуға ұя­ламын. Бәрібір ол қанмен берілетін қасиет. Сондықтан ылғи да: «Мін­детті түрде осы тілді білгеніммен тоқтамай, әрі қарай да тереңіне жетуім керек» деп өзіме талап қоя­тынмын. Тұрақты түрде көркем әдеби кітаптарды, газет-журналдарды, ғаламтордағы ақпараттарды оқи­мын. Үздіксіз үрдіс солай, ешқа­шан тоқтамайды. Мысалы, тікелей эфирге мәртебелі қонақ келерде, оған қалай болса солай дайындық­сыз шыға алмайсың ғой. Көрермен соны талап етеді. Белгілі бір дең­гейге жеттім деп ойламаймын. Өзімді өзім қамшылап, дамытып отырамын.

– Шынтуайтына келсек, Тіл туралы Заңның қабылданғанына 20 жыл болса да, қазақ тілі мем­лекеттік тіл мәртебесіне сай дамымай отыр. Қаншама қара­жат бөлінді, мемлекеттік құры­лым­дар құрылды. Бәрібір осы мәселе оң шешімін әлі де таба алмай отырған секілді…

– Ол үшін тіл маманы ретінде айтарым, ең алдымен, тілдік орта қажет. Егер маңайыңыздағы сізбен араласатындар тек қазақша сөйлесе­тін болса, ондай жағдайда кез келген адам тез үйренеді. Олай дейін десек, тілдік орта болмаған күннің өзінде де ағылшынша жап-жақсы үйреніп жүрміз ғой. Өйткені, бұл тіл ертең шетелге шыға қалсақ немесе жұмысқа тұра қалсақ қажет. Болмаса бір шет тілін білсек, жалақымыз өседі деп, алдымызға осы тілді үйренуге мақсат қоямыз. Ал қазақ тіліне ше? «Кейін үйренеміз ғой, әзірше қажеті жоқ, күте тұрайық, қажет болып жатса оқимыз» деген көзқарас қалыптасқан. Көптеген мемлекеттік мекемелер қазақ тілін үйрететін арнайы мұғалім жалдап, «үйде уақыттарыңыз болмаса» деп жұмыс кезіңде бір сағат уақыт бөліп, оқытуда. Ал енді соған да барып мандытып оқып жатқанымыз шамалы. Демек, қазақ тілі әлі де болса аса қажет емес деген сөз. Егер мәселе төтесінен қойы­латын болса, бәріміз сөйлеп кетер ме едік. Тіл үйренудің еш қиындығы жоқ. Тек мықтап талап қоюда болып тұр. Жалпы, бәрі де әр адамның өзіне байланысты. Болашағын Қа­зақ­станмен байланыстырғысы келе­тін­дер, бүгіннен емес, кешеден бастап оқуға кірісіп кетті. Ал «кетеміз, өйтеміз» дегендер, сон­шалықты мән бермейді. Меніңше, тіл үйренуге бізде мүмкіндік өте көп. Тағы да қайталап айтамын, ол адамның өзіне ғана байланысты. Мәселен, тілді үйренгісі келетін адам жазғы демалыс кезінде, өз еркімен жайлауға шығып, орысша білмейтін отбасында екі-үш ай болып, көмектесіп қайтса, нәтиже жоғары болар еді.

– Қазақ тілін білгісі кел­мей­тіндерге, ана тілін сый­ламай­тын­дарға не дейсің?

– Меніңше, өздеріне обал, одан басқа не айта аламын. Тіл ұлттың мәдениетінің үлкен бір бөлігі. Тіл білмеген адам сол мемлекеттің ты­ныс-тіршілігі­нен, қоғамдық ма­ңызы бар ақ­параттар ағы­­­ны­­нан, мәде­ние­тінен қалып қоя­­­ды. Сосын қазақ тілін білмеген адам не істейді? Ресейдің телеарналарын қарайды, шетелдік басылымдарды оқиды. Онда біздің жаңалықтарымыз жоқ­­тың қа­сы. Жазған күнде де өздерінің саяси көзқарасын біл­діріп жатады. Сондықтан көкірегімізде патриоттық се­­­зім­­­ді оятып, қа­лыптастыруда отандық басылымдарды оқып, отандық әр­тіс­терімізді тыңдап, өз бағ­дар­ламаларымызды көр­­ге­­­німіз абзал. Сонда ғана сезіміміз, патриоттық рухымыз қалыпта­сады. Әсіресе, ұлттық сезім, Отанға деген махаббат. Ал ондай сезімі жоқ адамдар елінің нағыз патриоты бола алмайды.

Шынымды айтсам, кейде өзім­нің ұлтым орыс па, қазақ па деп тү­сінбей қаламын. Әри­не, төлқұжа­тымда ұлтым орыс. Ата-анамның екеуі де орыс. Бірақ, жан-дүнием, ойым, қазақша қалып­тасқан. Өйт­кені, қазақы ортада өс­тім. Қазақтың салт-дәстүрін, өне­рін, мәдениетін эфирден таңғы сағат бестен кешке дейін қазақша насихаттаймын. Тек үйде, сосын қазақ­ша білмейтін құр­быларыммен ғана орысша сөйле­семін. Қалған уақыт­тың бәрінде қазақша тілдесетін­діктен, кейде осы мен қай ұлттың өкілімін деп ойланып қаламын. Қазақстанда тұрған­дық­тан осы ел­дің азаматымын. Маған «қай жерде тұрсақ, сол елдің азаматымыз, патриотымыз» деп айтатындар бар. Міне, ел болашағын, тілдің дамуына өз үлесін қосатын нағыз патриоттар солар. Мен солардың қатарын­дамын.

– Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Қазақтардан басқа 130-ға жуық ұлттың өкілі мекен етеді. Олардың тілге деген көзқарасы қалай деп ойлайсың?

– Журналист болған соң адамдармен жиі араласып, сөйлесіп, әр­дайым қарым-қатынаста жүреміз ғой. Олардың барлығы Қазақстанды жақсы көреді. Қазақстан қасиетті жер. Сондықтан да шығар, олардың кеткілері келмейтіні. Ал тілге келсек, белгілі бір уақытқа дейін орыс тілінен қаша алмайтын сияқтымыз. Бірақ, жастарға қазірден бастап талап қою керек. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқитын балалар осы мемлекетте тұрамыз, өз болашағы­мызды Қазақстанмен байланыстырамыз десе, онда қазақша сайрауы міндетті. Әрине, ересек адамдарға бұл мәселе қиындау тиер. Өйткені, жасы келген адамдарға тіл үйрену оңай емес. Ал менің ар жақтағы дауысым өздері суын ішіп, топырағын басып жүрген елге, оның тіліне құрметпен қарап, уақыт өте келе сөйлеп кетеді деп ойлаймын.

– Орыс тілі үйренуге жеңіл, ал қазақ тілі күрделі болғандықтан, қиынға соғады деп жатады. Теле­ар­налардың тілі қандай, көңілің тола ма?

– Жоқ, сіздің қазақ тілі күрделі дегеніңізбен келіспеймін. Үйренгісі келетін адамға қай тілдің де қиын­дығы жоқ. Телеарналардың ті­­­­ліне келсек, біздегі бағдарла­малардың стилі өзгеріп, қара­пайым­­ды­лыққа көшіп бара жат­қан­дай­мыз, соны байқадым. Бұрын ондай емес еді. Қазақ тілінің заңды­лығы бойынша етістік соңында тұрса, ал қазіргі өзгеріп жатқан стиль бойынша басқа сөз таптары алға шығып кетті. Тіл тірі организм деп айтып жатамыз, ол да өзгеріп, жаңарып отырады. Бұл да стильдің қалып­тасып жатқан көрінісі шығар. Сол стиль­дің өзгергенін қазақ тілді журналистерден байқап жүрмін.

– Телеарнаға жолың қалай түсті?

– Университетте аударма және құжаттану мамандығына грант бө­лінбеген соң, амалсыздан ақылы бө­лімде оқыдым. Ата-анама рахмет, қара­жатымды төлеп, оқытып шы­ғар­ды. Оқуды бітірген соң ата-анама да құрмет көрсетіп, еңбектерін ақтай­тын кез келгенін сезіп, жеке фирмаға қызметке тұрдым. Өйткені, ата-анам жасы келген адамдар. Әкей – 77-де, анам – 70-те. Бір жылдай хат­­шылық қызметте жүргенде, бес күн жұмыс істесем, сенбі-жексенбі күндері телеарналардағы бағдарла­ма­ларға кө­рермен ретінде қатысып жүрдім. Бірде телефон ұстап жүгіріп жүретін қыздардың бірі ауырып қалды. Тұрақты келіп жүрген үй­реншікті көрермен ретінде, мені ша­қырып, солардың орнын жоқтат­пау­ды өтінді. Сол жолы шығарма­шы­лық топпен әңгімелескенде қазақ ті­лін білеті­німді айтып едім, «Жарайды, онда есімізде болсын» деп қой­ды. Кейін­нен «Хабар» арнасында жаңа жоба ашылып, «Қазақстан» телехабарын жүргізуге шақырды. Бір жылдан кейін жоба жабылды. Одан кейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қол­қа салған соң, таңер­тең­гілік хабарды жүргізуге келісім бердім.

– Тікелей эфирді жүргізудің өзіндік қиындығы бар. Оны кез келген журналист алып кете алмайды. Кәсіби шеберлігіңді қалай шыңдайсың?

– Қазақта жақсы бір мақал бар. «Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» деген. Әрине, бас­тап­қыда телевизияға келгенде еш нәрсе білмедім. Экран алдында сұх­бат алғанда өзіңді қалай ұстау, қалай сөйлеу керек дегендей. Әр адамның мінез-құлқы әртүрлі, сол күні көңіл-күй болмай жатса, ол да сұхбат­та­суға кедергі келтіреді. Осы жағынан келгенде, көптеген психо­ло­гия­лық кітаптарды оқидым. Еш­қа­шан да­йын­дықсыз эфирге шыққан емеспін. Ол көрерменге деген құр­мет. Әрбір хабардың, әр бағдарла­маның өзіндік бағыты болады. Сол бағытты қа­лайда көрермендерге беруің, жет­кізуің керек. Егер экранға бет-жү­зімді көрсе деп шықсаң, әри­не, одан еш пайда жоқ. Мәселен, күн­делікті таңертеңгі бағдарлама­мызда халық­ты оятып, оларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Жұмысқа шы­ғар алдында қажетті ақпарат­тарды береміз. Оның ішінде ауа райы, соңғы жаңалықтар, т.б. Міне, біздің бағытымыз осындай. Егер жүргізуші өз болашағын телевизиямен байланыстырғысы келсе, жан-жақты болуың, қай жерге салса да қателеспей өзіңді көрсетуің керек. Ал ол үшін көп еңбектену қажет.

– Маяжан, тележүргізуші ретін­д­е қазақ тілін жақсы меңгергісі келетін жастарға не айтасың?

– Ең бастысы, мүмкіндігінше қазақша сөйлеуге тырысып, қа­зақша кітаптар оқуға ынта қою керек. Және де әр жұмыстың өзінің қиын­дығы, қызығы, құдіреті болады, соны ешқашан ерінбей істеуге талпынған жөн. Тағы бір еске­ре­тіні, журналист болсын, әнші болсын әрбір адам белгілі бір маман­дық иесі болсам деп армандау керек. Тек жұлдыз болу мақсат емес. Өйткені, ол әдіспен оның жолын ешқа­шан таппайсың. Егер өз кәсі­біңнің шыңына жетсең, та­нымал­дылық та, басқасы да өзі келеді. Ең бастысы, өз ісіңнің на­ғыз хас шебері бол. Соны жастарға тілей­мін. Мен ешқашан бір орында тұрмайтын адаммын. Кинода өзімді сынап көрейін деп фильмге де түстім. Жан-жақты болғым келеді.

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

«Егемен Қазақстан», Дүйсенбі, 02 Сәуір, 2012