23.02.12.
Қай халық болсын өзінің ой-санасын болмысты қабылдауға, айнала қоршаған әлемді сезініп, түйсінуге тек ана тілінің құралдарымен жеткізе алады. Тіл — қашанда ұлттың ең асыл құндылығы, қымбат қазынасы. Рухани кемелденетін ел тілін түлетеді. Тілінің тамырын тереңдетеді.
Тау халқында ежелден ел құлағында жатталған бір аңыз бар. Бір жігіт басқа халықтың қызымен танысып, ғашық болып, үйленуге ниет білдіріпті. Қыз: «Мен саған тұрмысқа шығамын, бірақ жүз тапсырмамды орында» деп талап қойыпты. Азамат онын әлгі қыңырлығын орындауға кіріседі. Алдымен ару оны табан тірейтін ешқандай шығыңқы тасы жоқ тік жартасқа өрмелетіпті. Жігіт жартасқа шыққан соң, енді одан секіруін өтінген. Бозбала қарғуын қарғыған, бірақ аяғын зақымдап алыпты. Сол кезде ол үшінші тапсырмасын ұсынған. Аяғы ауырса да, ақсаңдамай жүруін талап еткен. Қыздан үмітті жігіт қиналса да сыр бермей, аяғын дұрыс басады. Әлгі жүз талабында не жоқ дейсіз, мойнына асқан қоржынды суға тигізбей, өзеннен жүзіп өту, шауып келе жатқан сәйгүлікті қолмен тоқтатып, атты тізгіндеп, тізерлеу… осылай кете береді. Ол аз десеңіз, ару өз кеудесіне қойған алманы қылышпен кескілеуді тапсырған. Қыздың ойындағы тоқсан тоғыз тапсырмасын мүдірмей орындап шыққан жігіт бойы жеңілдеп енді жүзіншісі не болар екен деп күткен. Қыз талабы да тосын әрі ауыр еді: «Ал енді сен өз анаңды да, әкеңді де және ана тіліңді де ұмыт» деген. Әрине, ғашықтықтан қызды қанша құмартып, өлердей сүйсе де, жігіт мынадай қатал әрі сұмдық талаптан бас тартқан. Ол ләм-мим деместен, тұлпарына қарғып мінiп, бір ауыз сөз айтпастан, еліне қарай тартып тұрған. Расул Ғамзатов кітабындағы осы аңызды толғанбай оқи алмайсыз. Туған әке мен ананы тастауы өз алдына, туған тілінен мақұрым қалып, туған елінде басқаның ұлттық тілінде сөйлеп жүрген мәңгүрттер арамызда қаншама.
Қазақ тілінің дамуы бәрібір тіл туралы заңға немесе Қазақстанда тұратындардың айрықша ізгі ниетіне ғана қатысты емес, ең алдымен қазақтардың өздеріне байланысты, олардың тарихи жадылары мен иманына, жанының рухани байлығына, адамгершілік қырларына, ар-ұяты мен абыройына, дүниежүзілік өркениетте өзін халық ретінде құрып кетуден сақтауға деген құштарлық тілекке қатысты. Иманға, жоғары адамгершілік құндылыққа этикалық ақыл-оймен, тектік ар-ұятпен бәріне де жетуге болады. Бірінші кезекте, әрине, «ана тілді сақтау» дейді ұлт жанашыры Г.Бельгер. Рас, тіл тағдыры өзімізге байланысты. Бірде автобуста отырғанымда, алдымдағы орыс зейнеткер апайлар бір-бірімен білген қазақшасын айтып, үйренгендерін тексеріп жатты. Біріншісі қаңтардан бастап тамызға дейінгі ай аттарын орысшасымен салыстырып, сараптап шықты. Бәрі де жақсы, солай болуы тиіс қой. Бір кезде екіншісі «жақсы үйреніп қалыпсың ғой» дегенде құрбысы «бұдан да жақсы білер едім. Әттеңкөршілерімнің көпшілігі қазақ болса да, бір-бірімен орысша сөйлеседі» деп қынжылысын білдірді. Бұл — шындық. Таза өмір шындығы. Біз кейде басқа ұлттарды тілді менсінбейді, меңгермейді деп кінәлауға әуеспіз.
Туған тілінің қасиетін, ерекшелігін сезініп, білмеген жан ұлтының жанашыры да, қолдаушы, қорғаушысы да бола алмайды. Ол — рухани жарымжан кейпін-дегі бейшара бітім.
Тау халықтары тілді тәрбиенің түптамыры деп білген. Армянның көрнекті ақыны Сильва Капутикян: «Егер де сен ұмытсаң да анаңды, Армян тілін ешқашан да ұмытпа!» деген өлең жолымен жеткізген. Сәл ауырлау айтылса да ана тілді ақ сүтін емізіп, өсірген анасынан да артық қойып отыр.
Тіл тағдыры — ұлт тағдыры. Мысалы, Үндістанда 60-қа жуық тіл болса, оның ірісі — 15. Ең көп таралғаны — хинди, уруду, беталь, тамиль, марати, гуджарати, ассам, канери, малаякум, пенджаб тілдері. Ежелгі үнді тілі — тамиль, бұл тілдердің көпшілігі көнеден қалыптасқан. Кейбір тілдердің бірнеше ғасырлық тарихы, не классикалық әдебиеті бар. Ол тілдегі шығармалар ең көп таралған хинди әдебиетінен бірде-бір кем емес, тіл байлығы мен образдылығы жағынан қалыспайтын көрінеді. Өткен ғасырдың 80-жылдары 2 миллионға жуық дағыстандық 30-дан астам тілде сөйлеген, 5 тілде газеттер мен альманахтар басылса, 7 тілде ұлттық театрда ойындар қойылған, 9 тілде кітаптар шыққан. Ең көбі аварлар болса, олардың саны 400 мыңға жуық, ал тат тілінде небәрі 15 мың адам сөйлейді екен. Тіпті Дағыстанда 2 мың адам сөйлейтін ұлт тілінде өз ақыны бар екен. Ш.Айтматов «Туған тілдің кереметі» мақаласында осындай деректерді алға тартады.
Француз ойшылы Жан-Жак Руссоның «сіздердің балаларыңыз, әйтсе де ешқайда да қолданылмаған басқа тілдерде сөйлеуді үйренсе; олар өздері ғана түсіне алатын өлең құрастыруды үйренсе, ақиқаттан адасудың айырмасын білмесе, олар оны өнермен бірге жасауды меңгереді; олар бірақ кеңпейілді әділеттілік, ұстамдылық, адамгершілік, сөздерінің не мән білдіретінін де білмейді; «Отан» деген тәтті сөз ешқашан олардың құлағына жетпейді…» — деп тұжырымдайды. Ғалым ең алдымен туған тілді білу қажеттілігін ойға салып отыр. Туған тілін білмеу, туған халқының салт-дәстүрін, тарихын білмеу — үлкен қасірет. Басқа ұлттың алдында өз халқын да, өзін де масқаралайды. Ондайлар ел арасында толып жатыр. Ана тілі — ең бастысы, тәрбиенің өзегі. Туған тіл — тәлім-тәрбие, тағылым, таным тамыры. «Амофионның лиралары қалаларды тұрғызған жоқ, сиқырлы таяқша бақты шөлге айналдырған жоқ. Осының бәрін адамдарды жақындастырумен тіл жасады. Тілдің арқасында адамдар одақтасып бірікті, бір-біріне амандаса отырып, олардың махаббаттарын қалыптастырды, тіл заңдарды бекітті, туысты байланыстырды; тілдің арқасында адам жүрегі мен жанының түсініктерімен ұрпаққа берілетін адамзат тарихы мүмкін болды». И.Гердер адамзат мәдениеті, жалпы, жер бетіндегі тіршіліктің дамуына тілдің айрықша зор рөл атқарғанын осылай пайымдайды.
Адамзат қоғамының өткені-нен бүгінгіге дейінгі жүріп өткен жолын мәдениетінсіз, тарихын-сыз елестете алмайтынымыз тәрізді, тілдің маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы тұрғыдан келгенде философ-әдебиетші тілге сана-түйсіктің ерекше құбылысы ретінде үлкен анықтама береді. «Қысқаша айтсақ, тіл — бұл біздің ой-өрісіміздің мөр-таңбасы, соның арқасында ақыл-ой жарқын сипат алады да, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі». Тереңнен тұжырымдалған қағида. Тілдің адам, адамзат өміріндегі, қоғамындағы мән-маңызын биіктетеді. Тіл — ұлттың тірегі, жүрегі, ар-ожданы. Тіл — халық тарихымен, оның қалыптасуынан бастап өмір сүруінің әр кезеңдерімен, бастан кешкен тағдырымен тығыз байланыста дамып, өсіп келе жатқан, тереңге тамырлаған құндылық. Сол үшін де ел көсемдері мен кемеңгерлері сонау қамандастардан тілдің ертеңі үшін алаңдаған, келешегі үшін күрескен. Ұлтының тілі мен дінінен, ділінен, салт-дәстүрінен айырылуы түптің түбінде жоғалуына әкеп соғар қауіп екенін сезінген. Соның алдын алып, қамқорлық қормалы болған, қанатты ойлар қалдырған, алғыр ақылдарын арнаған. Халқымыздың қайраткер тұлғасы Әлихан Бөкейханов сонау XX ғасыр басында-ақ «Осылар-дай (Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып өлеңдерінен мысал келтіре келе — Ә. Т. ) ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» (191) ақын-жазушыларды медет етіп, әдебиеттің тілді өркендетуге қосқан өлшеусіз үлесіне көңіл тоғайтқан екен.
Рас, әдебиет — ұлттық тілдің байлығы мен қазына қоймасы ғана емес, оны дамытудың асыл арнасы, туған тілді нәрлендіріп, әрлендіріп, әлдендіріп тұратын қуатты рухани құндылық. Әдебиет әлсіреген елде тілді қаншама заң да, қаулы-жарғы да, амал-шара да халық жүрегіне, әсіресе, ұрпақ санасына бойлата алмайды. Ана тілі мен әдебиеті қос қанаты ұлттың болмыс-бітімінің қос рухани қанаты десе де болады. Ұлттың ұлағатты, берік мақсатты, алғыр ойлы ұрпағын тәрбиелеуде ана тілін меңгертумен шектеліп қалуға болмайды. Ана тілінің байлығы мен асыл қазынасы жиналған әдебиетін де терең оқып-біліп өсуі керек. Ә.Бөкейханов қазақ тілінің болашағына зор үміт артқан. Өйткені елдің жаппай сауаттанып, жазу-сызуға құлшына ден қоюынан ана тілінің енді жоғалмасына, қайта жаңарып, байып, қолданыс аясын арттыра беретініне сенген. «Түбінде біздің қазақ тілі, бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір-бірімізге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Мир Якуп. Шаһкерім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой» деген екен (191). Туған тілдің ұлттық әдеби құндылықтарымен бірге, басқа да халықтарды өзіне тартатын ерекшелігін сезінген. Біздің қазақ тілінің бәйгесі — оның сан қырлы, мол байлығында ғана емес, ой-өрісінің биіктігінде, ақыл-ойының тереңдігінде. Бұған ұлттық фольклорымызды өзге халықтармен салыстырып, сараптау барысында көз жеткіздік.
Қазақ тілі — ежелгі тіл, ерліктің, өрліктің, өркениеттің тілі. Мұны академик суреткер Ғабит Мүсіреповше толықтырсақ: «Ана тіліміз — бұл бай тіл! Оралымды, ырғақты, теңеу, бейнелеулері ерте туған тіл». Шын мәнінде, ерте туған тіл. Мұны Рим ойшылдары мен ғұламаларының философиялық даналық ойларының қазақ мақал-мәтелдерімен ұқсастығын салыстыру барысында айқындадық. Біз бұрын айттық па, әлде олар бізден үйренді ма, олар айтқан ғұламалық пайымдаулар ана тілімізде жаңа мағынада, тілдің байлығымен, бейнелілігімен айқын айшықталған. Бұл жөнінде 2010 «Әлем әдебиеті» журналындағы мақаламды жан-жақты дәлелдеп, талдаған едім.
Туған тілімізді туындыларында түлеткен, әдебиетімізге гүлзар гүл еккен, тамырын тереңдетіп, қадіріне жеткен ғұлама Ғабит ақсақал. «Біздің қазақ тілі өсу үстіндегі, адам баласының кез келген, қиын да күрделі ойын бейнелеудегі мүмкіндігі зор, аса бай тіл. Сондықтан да оны көздің қарашығындай қастерлеу — азаматтығымыздың ең шынайы түрі» деп кемеліне келтіре айтыпты.
Ана тілдің бар байлығын, жетістігін көрсететін айна — әдебиет пен көркем аударма. Ұлттық тіл-дің қазыналы қоймасы да сонда. Өкінішке қарай, біз туған тілімізді меңгеруге күш салғанымызбен, ұлттық әдебиетімізге көңіл бөлмей бара жатырмыз.
Әдебиеттің тамыры — тіл. Тіл — төл әдебиетті түлететін, гүлдендіретін, көркейтетін сарқылмас дария. Ұлттық тіл кедейленіп, өзге тілдердің үстемдігінде өгейлене бастаса, онда әдебиеттің де беделі түсе береді. Ал әдебиеттің қадірі кемісе, ұлттық сана да тоқырауға ұшырайды. Қазіргі кезде жиын- тойда ойына түскенін айтатын дүмбілездер көбейіп барады. Өйткені олар тілді де шала біледі, оны үздіксіз нәрлендіретін әдебиеттен мақұрым.
Тіл үйрену — үздіксіз жалғасар үрдіс. Ғали Орманов ана тіліне, оның көркемдігіне, сұлулығына, тазалығына аса мән берген. Мұхтар Әуезовтің өзі «Тілді Ғалидан үйрендім» деп мойындапты. Осынау азаматтығы асқақ ақынның тілдің келешегіне үнемі алаңдағаны жайлы замандасы, көрнекті ақын Хамит Ерғалиев естелігінде былай жазыпты: «Ағайын қаптап келіп жатыр. Келген сайын олар көбейіп, біз азайған үстіне азайып жатырмыз. Ана тіліміздің ахуалы қалай болар екен?.. Түптердің түбінде тіліміздің тағдыры солардың талқысына түсіп жүрмей ме, құдай біледі?». Осы сөзді Ғалекең аузынан он рет естіген шығармын. Әзір қарасаң, әулиенің сөзі ме деп қаламын». Шындығында да, ақындық көріпкелдік ойы бүгінгі күнге дәл келіп отыр. Тіл талқыға түсіп келе жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері тартысқа айналған еді. Әлі тартыста. Арқан тартыс ойыны сияқты. Тілді ойынға, ойыншыққа, саясатқа айналдыруға болмайды. Тілді түсіністікпен түйсікке, санаға тереңдете сіңіру керек.
Тіл — ұлттың ұлт болып қалуы үшін күрес. Мұны Қазақстаннан тысқары мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз айқын сезініп келеді. Тілді жоғалту тұлабойдан ұлттық сезімді, намысты, рухты жоғалту екенін түсінгендер сол үшін жанкешті күреске кірісіп кетті. Тілді үйреніп, меңгерудің түрлі тәсілдерін қолдануда. Заманауи ақпараттық технология тілді арақашықтық тәсілмен оқып-үйретуде. Алайда мұны барлық жат жердегі ағайындар меңгере бермесі анық. Тілді қандас бауырларымызға меңгертудің тағы бір жолы — олар тұратын өңірлерге мәдени шаралар, ақын-жазушылар және өнер адамдарымен кездесулер өткізу. Сонан соң Ресей-дің селолық мекендерінде тұратын қазақтар жастарын шекаралас облыстарда білім беруге тарту. Мысалы, соңғы деректер бойынша Самарадағы қазақтардың 70 пайызы Орал қаласындағы жоғары оқу орындарында оқиды екен. Қазақтар жиі шоғырланған жерге мектептер, кітапханалар ашса, қандай игі іс болар еді.
Қазақ тілінің көркем де көрнекті, керемет тіл екендігіне көзі жеткен орыс және шетел ғалымдары талай тамсантар ойлар айтқан. Оның бәрін келтіру қажет те емес. Ана тілінің қадірін қасиеттегендердің бірі В.Радлов. Лингвист ғалым: «Қазақтардың тілі майда әрі шешен, олар өткір ойлы және жиі шымшыма сұрақ пен жауапта тапқыр, кейде тіпті таңданарлықтай епті және де кез келген, тіпті ең сауатсыз қазақ біз мұны Еуропада тек француздар мен орыстардан байқағандағы-дай, сондай жігермен тілді меңгереді. Егерде олар әңгімелесе қалса, олардың сөздерінің орамдары тосын әрі сүйкімді» деп таңдана жазған.
Халқымыздың туған тілін аман сақтауын исламнан бөліну ықпалы өзінің бастапқы түркілік сипатын жоғалтпағанынан көреді де «… қазақтар басқа ұлыстардан ойын жеткізуде айрықша ептілігімен, керемет шешендігімен дараланады» деп ықыласты пайымдау жасайды. Ана тіліміз жайлы ғұламалар айтқан қаншама парасатты пайымдау, құнды ойлар бар. Оны көзіқарақты оқырман өзі де оқып, біліп жүр. Түйіндей келсек, қазақ тілі — қаһарман халықтың, қазыналы жерді мекендеген ақ көңіл, мейірімді, қасиетті елдің дана, дархан тілі. Ұлан-байтақ, ұшы-қиырсыз жердің кеңдігін көрсетер, өжет бабаларымыздың өрлігін өнегелер керемет тіл. Шешен, көсем тіл. Ұлтыңды сүйсең, ана тіліңді ұлықта, ұрпақ!
Әнуар ТАРАҚ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы
«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газеті