Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Тіл қазынасын саралаған сөздік

1 Ақпан 2012 | 8:54


«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» еліміздің рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды.
Нақты айтқанда, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» осы уақытқа дейін тиімді қолданылып келе жатқан сөзтізбеге толықтыру, реестр сөздердің санын көбейту, жаңадан енген сөздерді, терминдерді қосу, мағынасын нақтылай түсу, бұрынғы сөздікте орын алған бірқатар кемшіліктерді реттеу, қазіргі сөздік жасау ісіндегі жаңартпаларды кеңінен қолдану т.с.с. жұмыстар жүргізілген.
Сөз болып отырған мәселелер мектеп оқушыларын сөздікпен жұмыс істеп, тіл қазынасын игеруге байланысты оқу бағдарламаларына да енуі қажет. Осы орайда Мәдениет Министрлігі Тіл комитеті «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аталған сөздікті мол таралыммен шығарып, мекемелерге, республиканың кітапханалары мен мектептеріне таратуы үлкен тарту деп бағалануы тиіс.
Онтомдық сөздік жарық көрген жылдары репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері мен көркемсөз шеберлерінің мұралары (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы т.с.с.) деректерін еңгізуге мүмкіндік болмағаны белгілі. Ал қазіргі қолымызға тиіп отырған онбестомдық түсіндірме сөздікте ұлт арыстарының тілдік қазынасы молынан қамтылғанын көріп отырмыз. Аталмыш сөздікте берілген бұл деректердің мазмұны, біздің ойымызша, жан-жақты қызмет атқарған. Ең алдымен, репрессияланған ақын-жазушылардың шығармалары иллюстрациялық материал ретінде пайдаланылған. Соның астарында қаншама тарихи-танымдық ақпарат, ХХ ғасырдың басындағы ел ішіндегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерден мәлімет жатыр. Мысалы, Алаш елі, Алаш билігі, Алаш көсемдері, Алаштың ордасы, Алашорда, Алаш партиясы, Алашорда үкіметтігі, Алашорда үні т.с.с. Бұл сөздер мен тіркестер ХХ ғасыр басында жарық көрген «Қазақ» газеті, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы сынды алаш зиялыларының еңбектерінің тілдік деректері арқылы дәйектелген.
Сонымен бірге осы мақсатта көркем шығармалар, сол кезде жарық көрген басылым беттері, ғылыми еңбектер де негізге алынған. Бір атап өтерлік жайт: олардағы мәтіндер иллюстрациялық материал ретінде қолданылумен қатар, осы мәтіндегі сөздердің терминдік мағынасы негізге алынып, реестр сөз ретінде де көрсетілген. Әсіресе, қазақ тілі, әдебиеттану терминдеріне А.Байтұрсынұлы, медицина бойынша Х.Досмұхамедұлы, психология бойынша Ж.Аймауытұлы, педагогика бойынша М.Жұмабаев, заң терминдері бойынша Ә.Бөкейханов, М.Дулатов еңбектері мол дерек берген. Мәселен, аталмыш сөздікте публицистика сөзінің баламасы ретінде А.Байтұрсынұлы ұсынған көсемсөз атауы берілсе, дезинфекциялау (залалсыздандыру) терминінің баламасы ретінде Х.Досмұхамедұлы шығармаларын негізге ала отырып, аластау сөзі алынған. Ж.Аймауытұлының — ақыл-зерде сөзі, М.Дулатов еңбектеріндегі — алым, алым алды, алым жинау, алым тартқызу, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов еңбектеріндегі — алым-шығын, Х.Досмұхамедұлы еңбектеріндегі — антқағаз сөзінің терминдік мәндері нақтыланған. Бұл аталған сөздер қазіргі қазақ тілінің терминдік жүйесіне енуге мүмкіндік алса, екінші жағынан, терминжасамның қалыптасу, даму жолдарынан да мол мағлұмат береді.
Сонымен қатар бұрынғы сөздікке сол кезеңнің объективті себептеріне байланысты ене алмаған (Алла, Аллаға бас ұрды, Алла жазды, Алла қосты, Алла тағалаға сыйынды, Алланың рахматы, аузында — Алла, Алла сақтады ақирет, ақырзаман, Адамата, аруақ, Аллауакбар, (бұлардың бәрі Алла деген ұяда берілді); Төрт періште, Төрт кітап, Төрт түн, Машхар, Қытымыр деген қызыл ат, он сегіз мың ғалам т.б. діни прецедентті бірліктердің мәні ашылып көрсетілген. Қазақтың қоғамдық санасындағы діни білімдерді, әсіресе, ұлттық мәдениетпен қатар өріліп жүрген исламдық құндылықтарды таза күйінде жас ұрпаққа жеткізіп, дәріптеуде осындай ақпаратты объективті ашып беретін діни сананың тілдегі көрінісін айқындайтын діни лексиканың сөздіктен тиісті орын алуын, оның дұрыс лексикографиялануын жоғары бағалау керек. Бұрынғы сөздікте діни атаулар берілсе де, көбінесе жағымсыз, теріс мәнде ұғындырылып, дін — апиын деген мәнде сипатталып келсе, бұл сөздікте діни лексика үшін заманындағы терең сауатты болған, қоғамда рухани-әлеуметтік қызметке ие болған ақын-жыраулардың тілінен мол материал алынып, ондай сөздердің діни мазмұнымен қатар танымдық жағына да ерекше мән берілген.
Сөздікте жақсы нәтижелерінің бірі көне сөздердің мағынасының ашылуымен байланысты. Мәселен, ағлан сөзінің хабарлама, хабарландыру деген мағынасы М.Дулатов шығармаларынан деректер келтіру арқылы нақтыланған (Айтқандай, «Қазақ» газетасының соңғы нөмірінде Тұрысбек Маман балаларының мұғалім керек деген ағланы бар, оны көріп пе едің?). Сөздік бірқатар заттық мәдениет атауларымен де толысқан. Мәселен, ақірімшік (ыстық сүтке іріткі құйып, (мәйек қосып) жасалатын тағам) — Ж.Аймауытов шығармаларынан (Бүйен қартадан бір тұтамдай қалып еді. Ақірімшікке қосып соны береміз де). Ақкеріш (сазбалшықтың түрі) — Ә.Бөкейхан шығармалары (Былғары иіне ақкеріш балшық керек) т.с.с. алынған деректермен дәйектелген. Сол сияқты өсімдік, жануарлар әлемінің атауларының сан түрі қамтылған. Мәселен, аласауысқан деп аталатын сауысқанның түрі Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытұлы шығармалары негізінде, бүркіт тұқымдасына жататын ақиық атты қыран құс М.Дулатов шығармалары негізінде дәйектелген.
Сонымен қатар сөздік қазақ халқының тұрмыс-салтынан, салт-дәстүрінен, дүниетанымынан да мол дерек береді. Мәселен, ақ өлім (Пайдасыз бен баянсыз қуған ісің, Түпсізді толтырам деп кетті күшің. Ентелеген еңбектің бәрі жанбай, Ақ өлімді шақырдың, сол шын досың), ант-су ішу, аң байлады тіркестерінің т.с.с. түсіндірілуі.
Сөзімізді қорыта келе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары дайындап, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша шығарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» тілімізде сақталған қазақтың төл мәдениетінің энциклопедиялық сипаттағы анықтағышы іспетті. Бұл кешенді еңбекте қазақ тіліндегі танымдық-ақпараттық дереккөздерін орнымен пайдаланудың, сөз байлығының нақты мағыналарымен қатар тылсым күшін, мәдени-рухани әлеуетін ашудың жолдары және әдеби тіліміздің даму мен толысу деңгейі көрсетілген.
Бұл сөздік туралы «тіл қазынасы арқылы қазақ рухын танытуға, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуінің әлеуетін көрсетуге, қазіргі ұрпақтың санасына рухани-мәдени-танымдық біліктілікті сіңіруге игі әсер ететіні сөзсіз» деген қорытындыға келдім.
Жәрдем Кейкин,
ғалым-этнограф,
қоғам қайраткер

18.01.12. «Айқын» Республикалық қоғмдық-саяст газеті