Мемлекеттік тілді дамытуға арналған қордың қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысында оның басым бағыттары мен міндеттері талқыланды
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында қозғалған мәселеге тоқталмас бұрын, әуелі кеңес жайында айта кетуді жөн санап отырмыз. Осыдан бір ай бұрын шамасында дүниеге келген қордың келешегінен жұрттың көп үміт күтетін себебі, кеңес құрамына елге танымал қоғам қайраткерлерінің, белгілі тіл жанашырларының, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар жетекшілерінің қамтылуы еді. Елбасы қор кеңесінің жұмысын қадағалап, оған төрағалық етуді тікелей Мемлекеттік хатшының өзіне тапсыруы, оған Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарынан таңдаулы өкілдерді, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері,, сондай-ақ “Егемен Қазақстан ” республикалық газеті, Қазақ гуманитарлық заң академиясы, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы, “Мұхтар Әуезов” қоры, “Қазақстан халқы Ассамблеясы” республикалық корпоративтік қоры, Ұлттық ғылым академиясы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Жазушылар одағы, “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігі, “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы сияқты құрылымдардың басшыларын, танымал қаламгерлерді тартуы бұл қордың қаншалықты рөл атқаратынын тайға таңба басқандай көрсетіп тұрғаны анық. Тағы бір айта кетерлік тұсы – ол мемлекет есебінен қаржыландырылмайды, қайырымдылық пен демеушілік қолдау шараларынан түскен қаражатпен қызмет атқармақ. Мемлекеттік хатшы жаңа қор өзіне дейінгі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық негіздегі құрылымдардың бірде-бірінің жұмысын қайталамайтынын, бұл қазақ тілін дамытудың заманауи талаптарына құрылған тың жобаларды жүзеге асыруға негізделіп отырғанын тілге тиек ете келіп, төрт басым бағытты атап өтті.
Бірінші қызметі бойынша ол қазақ тілін үйренуге ниетті жандарды ынталандыруға арналған жобаларды іс жүзіне асыруға, тілдің қолданыс аясын барынша кеңейтуге мүмкіндік туғызып, Елбасының мемлекеттік тілді дамыту мен қолдау жөніндегі бастамаларын жұртшылыққа жан-жақты жеткізуге тиісті болса, екіншіден, тілді үйретуге арналған тиімді әдістемелер мен озық технологияларды әзірлеуге, қазақ әдебиеті мен мәдениетін, танымы мен тарихын зерделейтін, шығармашылық, ағартушылық ғылыми-зерттеу орталықтарына қолдау көрсетуге міндетті. Үшіншіден, Қазақстан халқының өзара бірлігі мен тұтастығын нығайтуға және мемлекеттік тілде жарық көріп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға жағдай жасамақ. Төртіншіден, шетелдердегі қазақ диаспорасына қол ұшын созып, мәселен, атамекеніне оралып жатқан сандаған қандастарымыздың мұнан кейінгі уақытта тілден қиындық көрмеуіне жағдай жасалмақшы. Оларға тілдік-рухани, тарихи-танымдық тұрғыдан көмек көрсетіліп, ана тілде жарық көрген әдеби көркем шығармалармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілмек. Бәрін тұтас қамти келгенде, қор алдағы уақытта әр адамның бойына мемлекетшілдік пен отансүйгіштік сезімді сіңдіруге ықпал етеді деп күтілуде.
Мемлекеттік тілді дамыту қордың директоры болып тағайындалған Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары Берік Әбдіғалиев алдағы уақытта атқарылатын нақты іс-шаралар туралы айтып берді. Мемлекеттік тілді насихаттау мен дамытуға байланысты келешекте акциялар, семинар-кеңестер ұйымдастырылатынын, қазақ тілін үйрену Қазақстанды мекендейтін халықтардың ортақ борышы екенін ұғындырып, ол үшін ұтқыр жобаларға арнап байқаулар өткізу, гранттар тағайындау қолға алынып жатқанын сөз етті. Сенат депутаты Әбіш Кекілбайұлы мемлекеттік тілдің қазіргі таңдағы рөлі мен сипаты бұрынғысынан мүлде өзгеріп, енді мұнан былайғы уақытта ол халықты тұтастырушы, ұлтты ұйыстырушы ретінде жаңа үлгіге айналғанын айтты. Шешеннің айтуынша, біздегі “мінбер” қазақша сөйлемейінше, мемлекеттік тіл туралы айтып жатқан сөзіміздің бәрі айдалаға босқа кетеді. Тағы бір көкейді жегідей жеп жүрген ой – қазақ тілінің кем-кетігін неге тек зиялы қауым өкілдері ғана жоқтауы тиіс? Оның кілтипаны негізінен мектептерде жатқанын білсек те сол олқылықтың орнын толтыруға асықпауымыз неліктен? Қазақ тілінде оқып алуға болатын мамандықтың саны қанша екенін есептеген біреу-міреу бар ма? Қазақ тілінің басындағы қиындықты айтып жылап-сықтай бергеннен гөрі оны батып бара жатқан ұйықтан құтқаратын осындай нақты істермен шұғылданатын кез келді деген тұжырым көп ойымен қиысты.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы қазақ тіліне шын мәніндегі жанашырлық енді туып келе жатыр, оған Президенттің тікелей өз бастамасымен дүниеге келген мына қор нақты мысал бола алады, енді осы істі әрі қарай жалғастырып алып кетуге тиіспіз десе, Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов кеңес құрамына қазақ тілі үшін жаны ауырып, қаны буырқанатын дәулетті, қалталы жастарды да тарту керек. Ұлттық компанияларда жұмыс істейтін жастардың дені жергілікті ұлт өкілдері бола тұра, тілдері орысша. Мемлекеттік құрылымдарды қазақша сөйлету керек. Мемлекеттік тіл мәселесімен неге тек Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері айналысуы керек? Сонда басқа министрліктер қол қусырып қарап отырулары керек пе? Қазақ тілі туралы сөз барлық министрлікке ортақ саналмай, оған бәрі бірдей жауапты болмай, оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз деген ойын ортаға салды.
“Мұхтар Әуезов” қорының президенті Мұрат Әуезов қазақ тілінің қазіргі ахуалы туралы ойын жалпы түбі бір түркі тілдерінің мұқтаждығымен сабақтастырып өрбітті. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед барлық қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгергендігіне байланысты квалификациялық талап нормативі белгіленуі керектігін қозғады. Президенттік сайлауға түсерде Елбасының өзі қазақ тілінен тест тапсырғаны белгілі. Ал енді бұл талап неге мемлекеттік қызметшілерге қойылмайды? Мәселен, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде отырған орыс тілді адам мемлекеттік тілде өтініш жасаушы адамға қалай қызмет жасайды? Өмірде мұндай керағар тұстар алдымыздан жиі кезігеді. Осыған байланысты тиісті министрлік тарапынан жасалған ескертулер немесе ұсыныстарды басқа министрлік құлағына іле бермеуі жиі ұшырасып жатады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ондай жоғары жақтағылардың бәрін өз ықпалына иіруге дәрменсіз. Бұл үн Үкімет деңгейінде болмай тіл туралы жанайқай “баяғы жартас, сол жартас” күйінде қала беретіні онсыз да түсінікті жәйт. Ал мына жаңадан құрылған қорға үлкен сенім артып, оған әрқашан қолдау көрсетіп отыруға әзірміз деп бітірді әңгімесін министр.
Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім мемлекеттік тіл күрмеуінің бір ұшы мектептерде жатқанын айтты. Сол үшін 1-ші сыныптан 4-ші сыныпқа дейін балалар тек мемлекеттік тілде білім алулары керек деген ұсынысын алға тосса, Қазақ гуманитарлық заң академиясының профессоры Амангелді Айталы тілдер бәсекелестігіне қазақ тілі қаншалықты төтеп бере алады деген ойды қозғады. Бізде қазір көбіне адамнан гөрі қағаздар қазақша сөйлеп жатқандай көрінеді. Іштей қарсылық ілгері аяқ басуға шама келтірмеуде. Бірақ Президент бастамасымен дүниеге келген қор мұндай келеңсіз жәйттерді жойып, мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріледі деген сенім келешекке жетелейді. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мемлекеттік тілді қорғаудың жаңа тарихи кезеңіне аяқ басып тұрғанымызды, кешегі жіберген “әттеген-айларды” жоятын кездің жеткенін айта келіп, тіліміздің көркейіп, өсуі әр адамның кеудесіндегі ұлттық намысқа байлаулы екенін еске салды. Кешегі кеңестік дәуірдегі жалпақшешейліктің дәурені өтті деді. Сыртқа шығып жатқан азаматтар шетелде жүргенде мемлекеттік тілде сөйлейтін болсын деген талап қойды. Сыртқы саясатты қазақша сөйлету керектігін айтты. “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары Смағұл Елубай Елбасының қоры мемлекеттік тілдің қанат жаюына серпін беретініне сенемін деп өрбітті ойын. Ол қор мемлекеттік қозғалысқа айналуы керек деп пайымдады. Себебі, қазақ тіліне деген талап та, сұраныс та қазір жоқтың қасы. Мұндай шақта қандай іс-қимыл жасау керек? Мемлекеттік тілдің тағдыры – қазақ халқының тағдыры деп қарау қажет.
Ал “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы Асылы Осман “Қазақ тілі – ғажап тіл” деп бастады сөзін. Елбасы бастамасын әрі қарай бәріміз дамытып алып кетейік. Бір қазақтың ісін бар қазақ қолдап кететін болайық. Қазақ тілін білген адамдарды асқақтатайық деп шын жүрегімен жарыла сөйледі.
Мемлекеттік хатшы кеңестің отырысын қорытындылап, ортаға салынған ойлар мен ұсыныстарды сараптады. Мемлекеттік тілді тестіге енгізу, қорға қалталы азаматтарды тарту сияқты бірсыпыра ұсыныс, тілектер заматында-ақ құп алынып жатты. Қамқоршылық кеңестің сөзі қағазда қалып қоймай, кейбір ойлардың сол жерде оңтайлы шешіліп жатуы қорға деген жұрт үмітін үкілей түсті.
Авторы: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ / Егемен Қазақстан