2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталық санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің 2-ші отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев мәлімдеді.
«Мемлекеттік тілдің дамуы еліміздің болашағының баянды болуымен тікелей байланысты. Сондықтан туған тілдің тағдыры мемлекет тарапынан назардан ешқашан тыс қалған емес, қалмайды да. Қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда», деді Қ. Саудабаев.
Оның айтуынша, тілді дамытуға соңғы бес жылда 5 миллиардтан астам теңге бөлінді. «Бүгінде 25 мыңнан аса ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларында барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тілін үйренуде», деп атап көрсетті ол.
Елімізде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашылады. Бұл туралы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев жария етті.
«Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде отандық телеарналарда мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілді. Ең бастысы, Қазақстанда сандық телевидениеге көшу аясында елімізде тек мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу қарастырылып отыр», деді ол.
Мемлекеттік хатшының атап көрсеткеніндей, олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеараналар болады деп жоспарлануда. Арналардың біреуін «Мәдениет», екіншісін оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған «Балауса» деп атаған жөн деген пікірлер де бар көрінеді.
«Арналардың атауына қатысты айтарым, бұл — түпкілікті шешім емес. Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет», дейді Қ. Саудабаев.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстанда мемлекеттік тіл саясатын жаңа инновациялық жолға қоятын «Әлеуметтік-лингвистикалық ғылыми зерттеу орталығын» ашу жөнінде пікір білдірді.
Ол қазақ тіліндегі түрлі бағдарламаларды орналастыру, жүйелеу ісі жаңа технологияларға сай, ғылыми тұрғыда сарапталуы қажеттігіне тоқталды.
«Қазіргі уақытта елімізде тіл білімін зерттейтін арнайы институттар баршылық. Дегенмен, ол институттарда мемлекеттік тілді дамытудың инновациялық технологиялар жүйесін, әдісін жетілдіре түсуге тиіспіз.
Соған орай, мемлекеттік тіл саясатын қазіргі заман талабына сай, ғылыми сараптай алатын әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулермен айналысатын «Әлеуметтік-лингвистикалық ғылыми зерттеу орталығын» ашуды ұсынамыз», деді Қ.Саудабаев.
ҚазАқпарат