25 жастағы Надия Захарова 2 жыл бұрын елімізге Украинадан көшіп келген. Перзентханада фотограф болып жұмыс істейді. Қазақ тілінің күнделікті өмірде, әрі жұмыс барысында маңызды екенін түсінгендіктен, мемлекеттік тілді үйренуге бел буыпты. Қазірдің өзінде қазақша түсініп, кей тұрмыста қолданылатын сөздерді жаттап үлгерген. Украиналық арудан Қазақстандағы әсері мен екі ел арасындағы дәстүрлік, тілдік ұқсастықтар туралы сөйлестік.
Надия 2020 жылы Қазақстанға жұбайы үшін көшіп келген. Осында тұрып жүрген уақытта ол қазақ мәдениеті мен мемлекеттік тіліне қызығушылығы арты түсіпті. Қазір ол тілді меңгеру үстінде. Тіпті желіде қазақ тілін үйреніп жатқанын айтып, оқырмандарынан қолдау тауып үлгерген.
“Жұбайым алматылық, соған көшіп келдім, екеуміз шаңырақ көтердік. Жолым Қазақстанға алып келді. Бұған дейін Қазақстанда екі рет болған едім. Құжаттарды реттеуге біраз уақыт кетті, басқа жаққа көшкісі келетіндерге айтарым, бұл уақыт алатын процесс екен”, – дейді Надия.
Дәл Қазақстанды таңдауына осында жұбайының тұратыны себеп болған екен. Ару бұл шешімді жасағанына еш өкінбегенін айтады.
Қазақстанға келгендегі алғашқы әсері туралы Надия былай дейді.
“Шок болды. Мұндай әдемі қаланы ешқашан көрген емеспін. Әлдебір ертегіге түсіп кеткендей болдым. Айналамда тау, алдымда бейне бір қабырға сияқты тұр. Әдетте оларға ақырындап көтерілу керек, ал мұнда кәдімгідей қабырға сияқты тұрады, өте әсерлі.
Көп жерде болған жоқпын. Шарын шатқалы, Есік көлінде, Үлкен Алматы көлі, Қапшағайда болдым. Қазақстан сондай алуантүрлі екен, ал мен әлі көп жерін көріп үлгермедім”, – дейді ол.
Сөзінше, қазақ тілін үйренуіне жұмыс істей бастаған жерде қазақ тілін білудегі қажеттілік болған.
«Маған адамдар бір-бірімен не туралы сөйлесетіні қызығушылық тудырды. Басында адамдардан он реттен әр сөзді сұрай бердім. Себебі есімде сақталмайтын. Адамдардың сөйлегені қызық болды. Мен ұяламын, кейбір сөздерді айтуға. Қазір бір-екі сөзден не туралы айтып жатқанын түсініп отырамын. Қателесемін, бірақ мені түзеп отырады. Мен үшін не айтып жатқандарын түсіну маңызды”, – дейді Надия.
Надия әлеуметтік желіде белсенді. Қазіргі уақытта TikTok желісінде қазақ және украин тіліндегі ұқсас сөздер мен мемлекеттік тілді меңгеруі туралы видео түсіреді, олар оқырман көңілінен шығатын көрінеді.
«Маған мұны TikTok-та халық айта бастады. «Сіріңке» сөзі бізде «сирники» болса, «түтін» бізде «тютюн» болады. Одан бөлек, «Сәлем Қалайсың?» «Жақсы өзің қалай?» деген тіркестерді білемін. Мұны адамдардың бір-бірімен сөйлесуі кезінде есімде сақтап қалдым”, – дейді ол.
Алайда Надия қазақша сөйлеуге сәл ұялатынын да жасырмайды.
“Бұл ағылшын тіліндегідей “барьер”. Мен оны еңсеруге тырысамын. Себебі сөйлеу қажет, тек түсініп қоймай.
Мен видео түсіре бастаған соң, ел мені түзей бастады. Содан соң сақтау керек сөздерді түртіп отырдым”, – дейді ол.
Надия қазақ халқы өзін құшақ жая қарсы алғанын айтып, тұрғындарды өте ашық деп бағалады.
«Мейрамдарда фото түсірген соң, қолыма толтырып тамақ салып беріп, пакеттермен қайтатынмын. Бұл бірнеше рет болды. Менің украин ұлтынан екенімді білгенде де қолдау көрсетеді.
TikTok-та маған жазылатын пікірдің 99%- жағымды”, – дейді ол.
Екі елдің бір біріне ұқсас салт, жоралғылары туралы да украиналық арудан сұрадық.
«Айырмашылық бар. Байқадым. Дәстүрлеріміз әртүрлі. Бірақ мен үшін бұл өте қызық. Себебі мен мысалы сіздерде тойға қалай дайындалатынын білмеппін. Бір жас тойға бардым, онда баланың өз болашақ тағдауын жасайтыны ұнады.
Бізде де адамдар тойлағанды жақсы көреді. Бірақ мұнда адамдар тойлайтын болса, қатты кіріседі екен. Біз де соншалықты емес. Қазақ тойларында болған жоқпын. Бірақ баланы перзентханадан шығарудың өзі үлкен той. Музыканттар, шоу, қуаныш. Адамдар бақытты екенін көресің. Біз де мысалы бәрі қарапайым күтіп алып, үйіне алып кетеді”, – дейді ол өз сөзінде.
Украинадағы соңғы жағдай бойынша Надияның көзқарасын сұрадық.
“Менің барлық туысқаным Украинада тұрады. Менің туған жерім Батыс Украина, ол жақ сәл тыныш. Бірақ бәрі басталған уақыт әлі көз алдымда, әрбір украиналықтың есінде шығар. Бұл таңғы уақыт еді, жай ғана Youtube-ке кіріп, адамдар түсірген видеоларды қарадым. Онда жарылыстар туралы айтып жатты. Қатты қорқып кеттім. Себебі екі ай бойы жаңалықтарды қарап жүріп, әлденені сезгендей болдым. Жарылыс басталған кезде, қорқып, жақындарыма хабарласа бастадым.
Олар ұйықтап жатты, үш сағат айырма бар. Оларға тығылатын жер болса іздеңдер дедім. Бұл дүрбелеңде өзімді әлсіз сезінбім, қолымнан ештеңе келмейтіндей болды. Олар сол жақта, мен осында. Бұл күн кез келген украиналық үшін сияқты ең қорқынышты күн болды”, – деп есіне алады ол.
Осы жағдайдан соң қазақстандықтар тарапынан өзіне қарым-қатынас өзгергенін де байқап үлгерген.
“Шынымды айтсам, көп адам қолдай бастады. “Бәрі жақсы болады”, “шындық Украина жағында” деп айтып жатты”, – дейді ару.
Көшу барысындағы басты қиындық құжаттармен байланысты болды дейді ол. Сондай-ақ жаңа елге көшу алдындағы қорқыныштың болғанын жасырмайды.
«Қазақстанға келгенде маған осында үш ай ғана бола аласың деді. Қайт деді. Қайтып кетіп, қандай құжат керек екенін білдім. Содан соң маған Украина кетуге рұқсат беруі керек болды, осының бәрі жарты жыл уақытты алды.
Бастапқыда қорқынышты болды. Жаңа ел, мен Қазақстан туралы ештеңе білмейтінмін. Жалпы ел, астанасы туралы білсем де, басқасынан бейхабар едім. Келгенде қалай өмір сүремін деп басым қатты. Қанша уайымдасам да, кейін құжаттарым да реттелді, осында үйреніп, сіңісіп кеттім. Өзімді үйімдегідей сезінемін”, – дейді Надия.
Надия Қазақстанда біраз уақыт тұрамын деп жоспарлауда.
“Қатты қаласам да, жағдайға байланысты үйге қайта алмаймын. Қазір осындамын”, – дейді ол.
Сөзінше, елімізде отандастарымен де кездесіп, араласып тұрады.
“Маған адамдар көп жазды. Бес адамдай. Қалай көшуге болады деп сұрайтындар болады. Украиналық әйелге үйленгім келеді немесе қазақстандыққа тұрмысқа шығатындарын айтып, менен кеңес сұрайтындар болады. Құжаттар бойынша кеңес бердім. Өз отандастарымызбен кездесейік деп ұсынғандар да болды. Бір қызбен сөйлесіп, таныстық. Өз отандастарыңды кездестірген әрқашан керемет сезім”, – дейді ол.
Надия шетелдіктердің жергілікті тілді білуі өте маңызды екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ол тілді жақсылап меңгеремін деп өзіне мақсат қойған.
“Бұл нәрсемен бетпе-бет келмесем, бәлкім түсінбес те ме едім. Сен Қазақстанда не басқа елде тұрғанда, мысалы Америкадағыдай ағылшын тілін адамдармен сөйлесу үшін үйренеміз ғой. Сол сияқты, тілде сөйлесіп, түсіну үшін үйрену керектігін ұқтым. Сондықтан үйрену керек деп шештім. Бастапқыда жай ғана қызығушылығым болды. Ең қызығы, жұмыс істеп жүргенде маған қазақша “есікті жапшы” дейтін. Ал мен түсінбей күліп тұра бердім. Әйел маған үш рет есік жабу туралы айтты.
Содан соң өзі барды да жапты. Не айттыңыз десем, “есік жап дедім” дейді. Бұл бірнеше рет болған жағдай. Содан соң үйреніп алу керек қой деп өзімді қамшыладым. Есікті жабуды қазақша қазір білемін. Он рет сұрап, әрең жаттадым. Сондықтан жауап та беріп, сөйлесу маңызды. Тілді үйреніп алуға барымды саламын. Кем дегенде сөйлесе алатындай деңгейде, жұмыста адамдармен сөйлесу кезінде болсын”, – деп түйіндеді ол.
Сілтеме: https://stan.kz/kazakstanga-ukrainadan-koship-kelgen-aru-eldegi-aserime-367203/