– Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы көңіліңізден шықты ма?
– Бұған төтесінен жауап беру дұрыс бола қоймас. Себебі бұл бағдарлама – республи¬кадағы тіл жанашырларының белсенді қатысуы¬мен жасалған құжат. Онда сонымен қатар шетелдердегі мемлекеттік тілге қатысты озық тәжірибе жан-жақты зерттелген. Сондықтан аталған бағдарлама, негізінен алғанда, тілдік ахуалды жақсартуға көмектесетін құжат деуге болады. Осы жерде бір атап айтатын нәрсе, жобада мемлекеттік тілді игерудің сатылы жүйесін енгізу көзделеді. Меніңше, бұл – құптарлық нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, тілдер бағдарламасы ана тіліміздің абыройын асқақтатуды жан-жақты ойластыра отырып жасалған деуге негіз бар.
– Бірақ бұл – әлі бағдарламаның жобасы ғана. Осы бағдарламаға қандай ұсыныс¬тарыңыз бар?
– Қордың Бағдарлама жобасына қатысты ұсыныстарын толық негіздеп, жазбаша да жібердік, бас қосқан жерлерде айтып та жүрміз. Біз, әсіресе, мемлекеттік тілге қатысты жұмыстардың орындалу тетіктерін мейлінше нақтылап көрсетуді, яғни белгіленген іске жауапты кім, қандай шаралар, қандай жолмен жүргізілмек, нәтижесін қашан көреміз, және ең бастысы, сапасы қандай болмақ, – деген сауалдар айқындықты талап ететінін баса айттық. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін енгізіп, бағдарламада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде тек мемлекеттік органдарға қатысты айтылатын тұстарын толықтыру қажеттігін көрсеттік. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тек мемлекеттік қызметпен шектелсе, қазақ тілінің өркен жаймасы анық. Сондықтан қоғам саласының өзге салаларында, өндіріс, қаржы, шетелдік ұйымдар жұмысында қазақ тілінің басымдық таныту қажеттігін міндеттеу шарт. Қысқасы, осы бағдарламаны орындауға баршамыздың жұмыла атсалысуымыз елдігімізге сын болмақ. Сондықтан өзара өкпе айтып, сын садағын безегенше, «өзім не бітірдім» деп ойланып, ортақ іске нақты үлес қосқанда ғана туған тілдің мәртебесінің асқақ болары айқын.
– Мемлекеттік тілдерді дамыту қоры бұрынғы басшының кезіндегі жұмыстармен ғана шектеліп қалған жоқ па? Қандай тың бастамаларды қолға алып жатырсыздар?
– Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы ауысса да, жұмысымыздың басты бағыт-бағдары ауысқан жоқ. Кез келген еңбектің нәтижесі, ол – ұжымдық жұмыстың қорытын¬дысы. Өзіңіз білесіз, қордың басты мақсаты мемлекеттік тіл саласындағы қоғамдық бастамаларға қолдау көрсетіп, осы бағыттағы насихаттық жұмысты өрістету болып табылады. Осы аталған жұмыс дәйектілікпен одан әрі жалғасуда. Бірақ бұл дегеніміз, бұрынғыдан ештеңе өзгермеді деген сөз емес. Өз басым қор жұмысында тілдің өткен-кеткеніне барлау жасап, пікір-сайыстар ұйымдастырғаннан гөрі тілдің болашағы жастармен жұмысқа көбірек көңіл бөлген жөн деп есептеймін. Сондықтан «Жас Отанмен» бірлесе отырып, жақында тауар жарнамаларын сауатты жазуға байланысты кең ауқымды шараны қолға алдық. Халық тұтынушы ретінде өзіне қажетті дүниелерді сатып алғанда оның қазақша атауларын және нұсқаулықтарын сауатты оқып бергенінің маңызы ерекше. Қазір қолымызда 100-ге жуық қате жарнамалар бар. Осы жарамсыз сауда этикеткаларының тізімін жасап, тиісті шара қабылдау үшін өкілетті органдарға жібергелі жатырмыз.
– Қай елдің тілді дамыту тәжірибесін бізге үлгі етіп айта аласыз?
– Тегінде үйренген, көрген жақсы. Бірақ «пәлен елде жақсы екен» деп өзімізге пайдалана қою асығыс болар еді. Оның үстіне 20 жылда біздің өз елімізде де мемлекеттік тілді үйретуге байланысты біршама тәжірибе қалыптасты. Бірақ оның нәтижесі жеткіліксіз болса, бұл – алдымен өзіміздің, әсіресе, қазақтардың тіл үйренуге құлқы жетпей жатыр деген сөз. Дегенмен озық тәжірибеге келсек, Израиль, Украина және т.б. елдерді айтуға болады.
– Қазір қазақ тілін үйретудің түрлі әдіс-тәсілдері бар. Осы методикаларды бірыңғайландыру қиын жұмыс па?
– Қазақ тілін үйрету әдіс-тәсілдерін бірыңғайландырудың екі жағы бар. Біріншіден, әдіс-тәсілдің мейлінше көп болғаны тиімді, әр адам өзінің тілді үйрену ерекшелігіне сай қажеттісін таңдап алады дегендей. Ал мектепте, жоғары оқу орын¬дарында қолданылатын бағдарламаларға келетін болсақ, бұл жерде елеп-екшеу, таңдаулысын іріктеу міндетті шарт. Сондай-ақ әдіс-тәсілдердің үйренушілердің білім деңгейіне, жас ерекшелігіне, тілді қолдану қажеттігіне сай бөлектенетінін де ескерген жөн.
– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік мекемелердегі ісқағаздардың қазақ тіліне толықтай көшірілмей жатқанына не кедергі?
– Тағы да қайталауға тура келеді, мемлекеттік қызметкерлердің өз міндетін жете түсінбей отырғаны кедергі келтіреді. Әсіресе, ана тілін білмейтін қызметкерлер етектен тартып отыр. Шынын айту керек, оларда тіпті іс-қағаздары толық қазақшаға көшірілсе, жеп отырған нанынан айырылып қалам деген көзқарас та жоқ емес. Сон¬дықтан жаңа бағдарламада, ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлерге талапты күшейту жөнінде тұжырым керек сияқты.
Блиц-сұрақтар:
– Енді 20 жылдан кейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақша сайрап кете ала ма?
– Менің оған күмәнім жоқ. Бағдарламаны бәріміз бірігіп, неғұрлым сапалы дайындап қабылданған соң орындалуына бір кісідей атсалысуымыз керек.
– Қазақ тілі үйренуге қиын дегенге келісесіз бе?
– Мүлде келіспеймін.
– Оңай болса, оны қалай дәлелдейсіз?
– Себебі орыс тіліндегі сөйлемдерді қазақшалағанда, мәселен, олардың үш жолдық сөйлемін екі-ақ жолға сыйдыруға болады. Мәселе дұрыс аудара білуде.
– Қазақ тілін білмейтіндерге ана тілімізді үйреткен кезіңіз болды ма?
– Студент кезімде «Алматытелекомның» қызметкерлеріне екі жыл бойы қазақша сабақ бердім.
– Орыстілді туыстарыңыз немесе дос, таныстарыңыз болса, олармен қай тілде сөйлесесіз?
– Орыстілді біраз достарым бар, оларға бірнеше жылдан бері қазақ тілін үйретіп келемін. Олар қазір әжептәуір үйреніп қалды.
– Өзіңіздің тіл үйретудің ең оңай рецептін ұсынып көрсеңіз…
– Ең бастысы – тіл үйренуге деген ынта-ықыластың болуы, былайша айтқанда, жүрегіңді ашу. Сосын сөздік қорың аз болса да, ішкі психологиялық кедергіні жойып, еркін сөйлесуге қадам жасау. Ықылас бар болса, сөйлейтін орта да табылады. Тым болмаса, қазақша ән жаттап, әннің сөздеріне мән беріп, үйренуге де болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Автор: Жарқын Түсіпбекұлы / Алаш айнасы 05.10.2010ж.