Нұр-Сұлтанда «Кім білгіш?» зияткерлік-танымдық ойынының жеңімпаздары марапатталды. Жүлделі орындарды иеленген алты қатысушыға арнайы диплом мен гаджеттер табысталды. Жарыс екі кезеңмен өткен. Ақтық сында бақтарын сынағандар әртүрлі білім беру тақырыптарындағы 40 мыңға жуық сұраққа жауап берді.
Ауқымды шара жыл сайын жоғары сынып оқушыларының басын қосады. Бес жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мемлекеттік тілдерді дамыту қоры ұйымдастырған «Кім білгіш?» білімділер додасына 45 мың оқушы қатысқан. 53-і «Жылдың ең ақылды оқушысы» атағына ие болыпты. Зияткерлік-танымдық ойынға тек Қазақстан ғана емес, былтыр өзге елдің балалары да қатысуға мүмкіндік алған. «Ойынн шарттары өте оңай» дейді ұйымдастырушылар. Бақ сынау үшін тек смартфон мен арнайы қосымша қажет.
Азат Шәуеев, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:
- Біздің ойынды ойнап, біріншіден, бос уақытын тиімді өткізеді. Екіншіден, балалар білімін жетілдіре алады. Сондықтан да біз осындай ойынды жасап шыққан болатынбыз. 4-5 жыл болды. Былтырдан бері халықаралық болып жатыр. 7000 баланың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден көп бала ойнап жатыр. Бірақ олар финалға өткен жоқ.
Сілтеме: https://www.ktk.kz/kz/news/video/2021/11/08/195360/