Бүгін «Nazarbaev ortalygy» Даму орталығында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған турнирдің финалдық ойыны және марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жобалау офисінің жетекшісі Түркменбаева Зәуре және Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеев қатысты.
Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту, оқушылардың мәдени және білім деңгейін көтеру, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында бос уақытты тиімді ұйымдастыруға ықпал ету.
«Кім білгіш?» турнирі 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. «Кім білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлем, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 40 000-нан астам сұрақтардан тұратын тұңғыш отандық мобильді қосымша. Ойын барысында қатысушылар аталған тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап берді. Турнир қатысушылардың таңдауы бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілді.
Осы жылы оқушылар республиканың әр өңірінен белсенділік танытып, турнирге 3000-ға жуық мектеп оқушылары қатысты. Ойынның екі кезеңі онлайн режимінде өткізілді. Қорытынды финал Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп, үздік ойыншылар бір-бірімен эрудиция және жылдамдығымен жарысты.
Осылайша, қазақтілді ойыншылар арасында 1 орынға Түркістан облысының Күлтөбе негізгі орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жолтай Гүлайым, 2 орынға Ақмола облысының №2 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Қантай Даулет, 3 орынға Ақмола облысының №2 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Асылбек Ботакөз ие болды.
Орыс тілді ойыншылар арасында 1 орынға Павлодар облысы, Ақсу қаласы, №4 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Седова Анастасия, 2 орынға Павлодар облысы, Ақсу қаласы, №8 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Новак Мария, 3 орынға Жамбыл облысы, Тараз қаласы, №3 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Орынбасар Асыл ие болды.
Турнирдің жеңімпаздарына «2020 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.
Финалға қатысқан Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы, №38 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Дархан Камила, Алматы қаласы, №176 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Жалғас Нұрайдан, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы, Қ.Рысқұлбеков орта мектебінің 11 сынып оқушысы Төлебай Тоқжан, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, №46 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Күлімбетов Қабланбек, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Бекин Омар арнайы диплом мен смартфонға ие болды.
«Іс-шара балаларға бәсекелестік рухын сезінуге, өздерін және өздерінің білімдерін дәлелдеуге мүмкіндік берді», – деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеев.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушылар мен олардың ата-аналары, ұстаздары үшін жаңа «Nazarbaev ortalygy» дамыту орталығында экскурсия жүргізді.