Қазақ тіл білімінің тарихындағы аса ерекше тұлға – ардақты ұстаз, академик Рәбиға Сыздықтың тіл мәдениетіне қатысты, Өзі айтқандай, барлық дерлік зерттеулерінде берілген «жанайқайы» дәл қазіргі кезеңде – қазақ тілінің өміршеңдігі мен ұлттық болмысын сақтауға бағытталған іс-шаралар түбегейлі іске асырыла бастаған тұста – соншалықты өзекті.
Қазақ тілінің бүгінгісін пайымдасақ, заңнамалық құжаттарда көрсетілгеніндей, «тіл мәдениетінің деңгейі төмендеген», ал бұған себепші жайттардың бірқатары қалың жұртшылыққа таныс. Академик Р. Сыздық тіл мәдениетін жетілдірудің жолдарын 1997 жылы жарияланған мақаласында дөп басып айтқан (Сыздық Р. Қазақ тілі мәдениетінің бүгінгі проблемалары // ҚР ҒМ ҒА Хабарлары тіл, әдебиет сериясы. 1997. №6. 3-7-бб.). Бұдан 23 жыл бұрын жазылған шағын мақаладағы кесек тұжырымдар аса құнды.
Қандай іс атқарылды, алдағы міндеттер қандай деген сауал тастай отырып, бұған жауапты ғалым осы мақаласында «бүгінгі күнге дейін тіл мәдениеті саласынан нақтылы ережелерді түзіп, әр алуан анықтамалық құралдарды, сөздіктерді ұсынумен шұғылданып, бар күшіміз бен міндеттеріміз осындай шаруаларға арналып келсе, ендігі мақсат – алдағы уақытта білім-ғылымның аталған саласына жаңа бір қырынан келу және оған қатысы бар сыртқы (экстралингвистикалық) факторлармен санаса отырып қарастыратын сәттері бар деп санаймыз» деп бекітіп алады да, әрі қарай шын мәнінде бүгінгі таңда анықталуы, дәлелденуі аса қажетті проблемаларды нақпа-нақ көрсетеді.
Ғалым-ұстаздың осы еңбегіндегі әрбір сөз, әрбір түйін кеңінен тарата талдауды қажет етеді. Мәселен, ғалым тіл мәдениетінің қазіргі таңдағы басты нысанасы – тілдің қолданыс мәдениетін көтеру деп санайды. Ал бұл үшін Ғалым-ұстаздың атқарылуы кезек күттірмейтін міндеттер деп тұжырымдаған ұсыныстары дәл бүгінгі таңда тіл мәдениетінің, тұтастай алғанда, қазақ тілтанымының өзекті мәселелеріне зейін қойып, саналы зердемен негізге алатын бағдар болуы тиіс.
Қолданыс мәдениетін көтеру үшін не істеу керек? Қазақ тілі мәдениетінің көш басында тұрған ұлағаты мол ғалымның санамалап көрсеткен проблемаларының бірқатарын назарға ұсынамыз:
— тіл мәдениетінің өзегі – норма, сондықтан нормалардың негізін, бағытын көрсету, ғылым тезіне салу, тілдік нормаларды кодификациялау, яғни ережелерді түсіндіріп, тіркеп, бекітіп отыруды жолға қою;
— ұсынылып келген ереже-қағидалардың ғылыми-теориялық негіздерін нақтылау, дәлелдерін күшейту, бірқатарына жаңаша көзқараспен қарау;
-әрбір функционалдық стильдерінің нормасы дегендерді жеке-жеке жігін айырып сөз ету және оны тек ғылыми әдебиетте айтып, баяндап қана қоймай, мектеп окушыларынан бастап, қалың көпшілікке мейлінше айқын, түсінікті түрде таныту;
— көп сәттерде орыс тілінің орынсыз жасалған ықпалын азайту, қазақ тілінің сөздік қазынасын сарқа пайдалану, ғылым саласындағы қызметін күшейту;
— көркем әдебиет тілінің ұлттық нормасы дегенді арнайы қарастыру керек.
Ең ғажабы – Ғалым-Ұстаз бүгінгі таңда қалың жұртшылықты толғандырып, мамандарды ойландырып отырған маңызды бетбұрыста – латыннегізді жаңа әліпбиге көшу барысында анықталуы тиіс маңызды жайттарды көрсеткен. Автор реплика тастайды, реплика арқылы мәселенің өзектілігін күшейте түседі, әрі өз пікірін бекемдейді. Бұл проблеманың түйінді тұстарын Ғалым-Ұстаздан артық жеткізу мүмкін емес. Осы себепті мақаладағы емле ережелеріне қатысты үзікті толық ұсынамыз.
Ұстаздың өз сөзі: «Ұлттық жазудың жаңа түріне – латын графикасына көшуге байланысты қазақ емлесі мен орфоэпиясының жаңа ережелерін түзу харекеті міндеттердің маңыздысы. Жазу мен сөзді дұрыс дыбыстаудың жаңа нормаларын ұсынбас бұрын қазір қолданылып жүрген қазақ емлесінің бірқатар тұстарына азды-көпті өзгерістер енгізу қажет, өйткені жаңа емле қағидаларының негізі бүгінгі жазу тәртібімізде жатқанын білеміз, ал қазіргі емле ережелерімізде сан жылғы жазу тәжірибемізді ескеріп, әрі Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, «көптің жанын қинамас» үшін кейбір ережелердің бірқатар тұстарын қырнай түсу қажет сияқты. Мысалы, біріккен сөздердің түбір тұлғаларының фонетикалық бітімін сақтамай, олардың тоғысқан жіктеріндегі үндесу зандылықтарына қарай жазу керек болар ма еді? Немесе орыс тілінен (және орыс тілі арқылы) енген сөздердің қазақша тұлғалануын осы күнгіше қалдыра тұру керек пе, әлде «айтылуынша, естілуінше» принципін мақұлдап, белесипет, иніститөт, абиекті, аптабүз, килә, әртіс, әктер деп жазуға қазірдің өзінде көше беру керек пе?
Көп сәттерде сақталмай келе жатқан жүйелілікті қалпына келтіру де керек сияқты. Мысалы, жалқы есімдерді жазуда қалыптасып қалған қағиданы (яғни қазақша адам аттары екі сөзден жасалған болса, олар қосылып жазылады деген ережені) бұл күндерде бұзып, жүйелікті бұзып тұрған екі бөлек сөз етіп жазушылыққа (Мырза Әлі, Ғалия Бану деген сияқты етіп), бұдан былай жол бере беру керек пе, әлде бір ізге салып, ережені қатаң сақтауды жазу мәдениетінің шарты деп ұсыну керек пе? Қысқасы, тіл мәдениетіне қатысты алдымызда тұрған үлкен шаруаның, проблема ретінде қойылатын жұмыстың бір ұшы емле, яғни сауатты жазуға келіп тірелетініне қатты назар аудару қажет деп ойлаймын» (6-б.).
Ғұмыр жолы ғылымға адал қызмет етудің үлгісі болған, ғылым мектебін, ғылыми өнеге мектебін қалыптастырған Ғалым-Ұстаздың қазақ жазуы мен тіл мәдениетіне қатысты ғылыми-практикалық зерттеулері қазақ тілтанымының кеңістігінде маңызды орын алады. Біртуар ғалымның ұлттық тіл, ұлттық жазу, тіл мәдениеті, тілдік норма, сөзқолданыс турасындағы әр сөзі, әр пікірі қазіргі түбегейлі бетбұрыс заманында бағдаршам іспетті.
Ф.ғ.д., профессор А.Алдаш
Сілтеме: https://www.abai.kz/post/121165