Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

100 пайыз мемлекеттік тілде іс жүргізуді барлық мекемелерге міндеттеу керек

19 Тамыз 2010 | 9:29


Қазір елімізде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасының» жобасын талқылау жүріп жатыр. Соған орай, әсіресе, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне жанашыр қауымның тарапынан айтылатын ұсыныстар мен пікірлердің көп болары түсінікті. Қазақ өзінің ұлт ретінде ұлықталуы мен өмір сүруінің басты шартының бірі – ана тілін Ата Заңмен (7, 93-баптар) айқындалған мәртебелі төрден көргенше асығулы.

Бағдарлама, өзінің аты айтып тұрғандай, бір ғана қазақ тіліне арналмаған. Алайда онда қарастырылған барлық шаралардың мемлекеттік тілдің басымдығын басшылыққа ала отырып атқарылатыны атап көрсетілген. Сондықтан бағдарламаның басты мақсаты – ұлт бірлігін нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз етуде тіл саясатын үйлесімді жүзеге асыру болып табылады. Көздеген мақсатқа қолымыз жеткенде, яғни таяудағы он жылда, мәселен, мектеп бітірушілер толықтай, ал халықтың ересек бөлігінің 85 пайызы қазақ тілін меңгереді деген сенім бар.
Бағдарлама жобасында еліміздегі тілдік ахуал мен шетелдік тәжірибе жан-жақты таразыланып, негізгі міндеттер ғылыми-методологиялық тұрғыдан нақтыланған. Сондай-ақ алда тұрған ауқымды жұмыстың төрт басым бағыты айқындалып, мемлекеттік тілді дамыту жолындағы іс-шаралардың мақсаты, негіздемелері мен күтілетін нәтижелері, көрсеткіштері байсалды тиянақталған деуге болады. Және де бағдарламада алдағы онжылдықта атқарылатын шаруа заң жүзінде бекітілетін болғандықтан, қарымды істердің қазығы нақ осы құжатта қағылғаны дұрыс. Сондықтан Үкімет пен халық осы бағдарламаны қабылдау мен орындау жауапкершілігін өзара тең бөлісіп, талап пен ынта біріктірсе, аталмыш құжаттың туған тілімізді лайықты тұғырына қондырары анық. Демек, күні ертең бағдарлама қабылданған соң, дау-дамайды қыздырмай, қоғамның талқысына ұсынылған жобаға бүгін ұсыныстар беру ортақ қозғалыстың алғашқы қадамы дер едік.

Енді бағдарлама жобасына беретін ұсыныстарымызға келейін. Бағдарламаның мемлекеттік тіл мүддесін қорғайтын нормативтік-құқықтық құжат ретінде ұзақ мерзімге жасалып отырғанын ескерсек, біздіңше, аталмыш жобада әлі де болса саяси және құқықтық тұрғыдан нақтылауды қажет ететін тұстар бар. Бұл арада әрбір сөзге, сөйлемге аса жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсінікті. Біріншіден, мақсаттық көрсеткіштерде – мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс жүргізу көлемін 100 пайызға дейін жеткізу көзделеді. Сонда республикадағы мемлекеттік органға жатпайтын өзге ұйымдар мен мекемелердегі қазақ тілінің жай-күйі қалай болмақ? Біздіңше, бұл сөйлемді меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелер мен ұйымдарда (шаруашылық субъектілерінде, оның ішінде ұлттық компаниялар мен қаржылық ұйымдарда) деп нақтылай түсу керек.

Осы мақсаттық көрсеткіштерде, сондай-ақ халықтың ересек бөлігінің мемлекеттік тілді игеруі – 85 пайыз, ал орыс тілін білуі 90 пайыз деңгейінде көрсетілген. Осы арқылы қазақ тілінің мүмкіндігі 10 жылдан соң да орыс тілінен төмен болатынын сандық көрсеткіштермен өзіміз-ақ мойындап отырған секілдіміз. Демек, орыс тіліне қатысты деректі нақтылаудың қажеті жоқ.

Екіншіден, көрсетілген мақсаттардың орындалу нәтижесі ретінде тек сандық көрсеткіштер негізге алыныпты. Мемлекеттік тілді оқыту барысына мониторинг жасауда және тіл үйренгендерді ынталандыруда тек сертификат алушылар санын нақтылап, статистикалық мәліметтерге жүгіну біржақтылыққа ұрындырары сөзсіз. Сол баяғы санмен берілген статистикалық мәліметтерге сүйеніп, қазақ тілі дамып жатыр, қолданыс аясы кеңіді деген ұғым тумауы керек. Соның салдарынан міндеттің ең маңыздысы – сапалық, яғни тілдің қолданымдық жағы, алған білімді қолдана білу талабы назардан тыс қалған деп ойлаймыз. Бұған қоса қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру мен жүйелеуде әзірленген және баспадан шыққан терминологиялық бюллетеньдердің де құрғақ саны нәтиже көрсеткіші бола алмаса керек. Жаңағы терминологиялық жинақтардың салалық ғылымдарды (техникалық, ақпараттық) толық қамтуы, бұрыннан бар сөздердің қайта баспа бетін көруі емес, олардың күрделенген сөздіктерге (тезаурус) топтастырылуы, терминдердің тіркесімдік ерекшеліктерінің ескерілуі секілді маңызды жайттар назарға алынса дейміз. Үшіншіден, жобада орыс тілінің қызметін сақтау көрсеткіші ретінде азаматтардың өтінішін қарауда тілдерді тең қолдану қағидатын ұсынудың қисыны жоқ. Себебі қандай мекемеде болсын, азамат қай тілде өтініш жасаған болса, жауаптың сол тілде берілетіні заңмен бекітілген.

Сонымен қатар бағдарлама жобасында заңдарды мемлекеттік тілде дайындаудың, қазақ ғылымын қазақша сөйлетудің, жоспарланған жұмыстардың орындалу тетіктерін, олардың нәтижелерін бақылау-тексеру мен бағалау-қорытындылаудың және іскери қазақ тіліндегі құжаттардың біріздендірілген ортақ үлгі-қалыптары топтастырылған Мемлекеттік стандарт әзірлеудің шараларын қарастыруды ұсынамыз.

Қысқасы, осы бағдарламаны орындауға баршамыздың жұмыла атсалысуымыз елдігімізге сын болмақ. Сондықтан өзара өкпе айтып, сын садағын безегенше, «өзім не бітірдім» деп ойланып, ортақ іске нақты үлес қосқанда ғана туған тілдің мәртебесінің асқақ болары айқын.

Автор: Азат ШӘУЕЕВ, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры

«Алаш Айнасы» 19 тамыз 2010 ж.