Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

РУХАНИ БІРЛІКТІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

14 Шілде 2010 | 7:58

Рухы – қайсар, жаны – жайсаң, сөзге – шешен халқымыз туған тілін қашанда елдіктің ерекше мәртебесі санаған. Әрбір ұрпақ ел мен тілді егіз тағдыр ретінде қабылдап, ана тілімізді ата-баба аманатындай ардақ тұтып келеді. Бірақ, 1917-ші жылғы Қазан төңкерісі дүниеге әкелген Кеңестер Одағының тұсында қазақ тілі іс жүзінде мемлекеттің ресми қызметінен ысырылып шығарылып, әдебиет пен өнерде ғана қалт-құлт күн кешті. Қазақ тіліне жасалған бұл қасақана қиянат туралы айтудың өзі күнә болды, ал халқымыздың оған қорған болған қайраткер ұлдары жаппай қуғынға ұшырап, солақай саясаттың құрбандығына айналды. Бұл әділетсіздік еліміз егемендік алған соң ғана тоқтады.

Тәуелсіздік тілді тығырықтан шығарып қана қойған жоқ, оның ғұмырын ұзартты, тынысын кеңейтті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы қазақ тілін дамыту бағытында жүргізілген бірнеше кезеңдік іс-шаралар мен жұмыстарды зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда қазақстандық қоғамның мемлекеттік тілге деген ықыласы мен ынтасының арта түскенін анық аңғарамыз.
Әрине, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қабылданған кезі елдегі күрделі демографиялық ахуал жағдайымен тура келді. Ол кезде қазақ өз жерінде 40 пайыздан аса қоймаса, орыстар, украиндықтар мен белорустар 7 миллионнан асып, бүкіл халықтың 40 пайызынан жоғары болды. Мұндай фактормен санаспауға болмайтын еді. Одан бері 21 жыл өтті. Қазір қазақ ұлтының саны еліміздегі халықтың 63 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік тіл баяу болса да, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін барлық этнос өкілдері мен диаспоралар үшін қажеттілікке айналып келеді.
Бұл істе, ең алдымен, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тіл саясатындағы бастамалары зор серпіліс көрсетті. Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен қабылданған заңнамалық құжаттар мен бағдарламалар ана тіліміздің қоғамдық қызметін кең көлемде жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасады. Қабылданған шаралардың көпшілігі өз шешімін ойдағыдай таппай жатыр десек те, қазіргі жағдайдың бұрынғыдан әлдеқайда өзгергенін көзіқарақты жандардың кез-келгені көріп отыр. Конституция кепілі саналатын Президент бұл өзекті мәселені билік тізгінін қолына алғаннан бастап үнемі назарда ұстап, ерекше маңыз беріп келеді. Елбасы өзінің дәстүрлі халыққа жолдауларында, Қазақстан халықтары ассамблеясының жиындарында, журналистермен сұхбаттарында тіл саясатына байланысты стратегиялық міндеттерді жеріне жеткізе айтуының куәсіміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстандағы тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай 850 қазақ мектебінің ашылуы, тіліміздің қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында қолданыс табуы, қазақстандық өзге тілді ұлт өкілдеріне және орыс тілді білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытылып-үйретілуінің жолға қойылуы, еліміздің көптеген облыстары және Алматы мен Астана қалалары мемлекеттік тілде іс жүргізуге ресми түрде көшкені және бұлардан да басқа қол жеткізген табыстарымыз үлкен жетістік екені ақиқат.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры да Елбасы тапсырмасымен 2008-ші жылғы қыркүйекте құрылған болатын. Қордың басты мақсаты – мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларды ынталандыру мен қолдау болып табылады. Сөз орайында, оның қазақ тілін дамытумен айналысатын бұрыннан бар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметін қайталамайтынын айтқан жөн. Өткен жылы атқарылған жұмыстың арасында тіл жанашырларының 30-дан астам бастамалары қолдау тапты. Біз қаржыландырған жобалардың қатарында қазақтілді интернет-сайттар ашу, қазақ тілін үйретудің авторлық бағдарламаларын, оқыту әдістемелерін, бұрын жарық көрмеген әдебиеттер мен сөздіктер әзірлеп шығару және бұқаралық насихат сияқты шаралар бар және олар биыл да жалғасын табуда.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі ұлы даламызды мекен еткен байырғы қазақ ұлты мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын біріктірген, теңдік пен татулық мұраттарын ұстана отырып, бейбітшіл азаматтық қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлы рәмізі. Оған ешкім дау айта алмайды.
Турасын айтсақ, қазір ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін орнықтыруға жан-жақты жағдай туғызылған. Осы жерде тіл жанашырлары мойындаған мына бір ақиқатқа да назар аударғым келеді: туған тіліміздің өзінің лайықты тұғырына қонуы, ең алдымен, қазақтарға, барша жанашыр қауымның жұмыла жұмыс жасауына қатысты екеніне күмән болмаса керек. Бұл ізгі тілек түркі әлеміне ортақ ғұлама Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі» мына бір терең ұлағатпен үндесіп жатқандай:
«Бірі – дана ғалымдар, зейінділер,
Бірі – хатшы, білсін деп кейінгілер.
Үшіншісі – жүректі ер, батырларың,
Жау десе, жайдай жайпар жасындарың.
Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,
Қалған жұртты үйіріп, қоңсыға алса…».
Мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі, яғни қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. Біздің ең басты жолымыз да осы болуға тиісті. Демек, ана тілін білу – ана тілін сақтаудың қажетті шарты.

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті, 14 шілде, 2010 жыл