Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевпен сұхбат
– Азат Сәдметұлы, Мемлекеттік тілді дамыту қорына басшылыққа келгеніңізге көп болмағанымен, осы ұйымда ол құрылған алғашқы күннен бастап жұмыс жасап келесіз. Ана тіліміздің әлеуетін арттыруға Сіз қалай күш салып жатырсыз?
– Иә, өзіңіз айтқандай, бұл ұжымда алғаш құрылған күннен жұмыс істеп келемін. Басшылық тізгіні ауысқанымен, алға қойған мақсатымыз, бағыт-бағдарымыздың өзгермегенін айтып өткім келеді. Бүгінгі күнгі және алдағы уақытқа жоспарлаған жұмыстарымыздың түп мазмұны – қазақ тілін дамытуға бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, оларды жүзеге асыру арқылы ана тіліміздің мәртебесін көтеру, барша қауымға Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ұғындыру. Ендігі міндет – осы арнадағы жұмыстарды заман талабына сай тиімді ұйымдастыру, қоғам сұранысын қанағаттандыру, тіл үйренушілердің қызығушылығын тудыра отырып, жоғары нәтижелерге жету. Сондықтан да Қор бастамашы болатын жобаларды таңдап-іріктеуде барынша ұтымды, мазмұны жағынан тартымды, қолдану тұрғысынан қарапайым, көпшілік көңілінен шығады-ау деген оңтайлы да озық, сапалы әрі қолжетімді дүниелерге көп көңіл бөлмекпіз. Және де бұл шараларды жоспарлауда біз қоғам мүшелерінің жас мөлшері, қарым-қатынас жасайтын ортасы, қызығушылықтары, тілге деген қажеттілік деңгейі секілді ерекшеліктерді ескеріп, тіл үйретудегі амал-тәсілдердің әр алуандығына ден қойып отырмыз. Сөздің құны сүбелі істе дегендей, осы ойға алған істерімізді жүйелі ұйымдастыру, жоспарлы жүргізу, істің көзін табу ұйым басшысы ретінде маған жүктелген зор жауапкершілік деп білемін.
Жыл басынан бері мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін үйретуге арналған “Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі” байқауын ұйымдастырып, қорытындысын шығардық. Жүзеге асырған жобаларымыздың тағы бірі – мектеп оқушыларына арналған «Ерлік пен Жеңіс», «Еліміз Еуропа төрінде» тақырыптарында эссе жазу байқауы. «Ұлан» республикалық балалар газетінде жарық көрген үздік шығармалар қорытындысын маусымның басында шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Қордың атқарған шараларынан жұртшылық хабардар, жоспарлы жұмыстарыңыздың жаңаша, жүйелі жүргізілетініне де тоқталып өттіңіз. Бірақ бірқатар шаруаның қаржыға тірелетіні белгілі…
– Бізге мемлекеттік бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлінбейді. Былтыр Қорға негізгі құрылтайшымыз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры бөлген қаражат пен демеушілерден түскен қаржыны бірқатар жобаларды жүзеге асыруға жұмсадық. Тіл үйретуге, мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттауға арналған жобаларға арнайы гранттар тағайындап, олардың іске асуына ұйытқы болдық.
Биыл құрылтайшыларымыз тарапынан бөлінетін қаржы кешеуілдеп отыр. Сондықтан қор қоржынына келіп түскен 130-дан астам жобаның ішінен (озығы да, тозығы да бар дегендей…) таңдаулы дегендерін конкурстық комиссиямыз іріктеп, еліміздің ірі компанияларына қаржылық қолдау көрсетуге ұсындық.
Өзіміз де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қор сарапшылары тіл дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстарға, қолда бар дүниелерге сараптама жүргізіп, тіл үйрету үйрену үдерісіндегі ұсыныс-сұраныс деңгейін, өзге елдердің тіл үйретудегі іс-тәжірибелерін зерделеп, жаңа ұсыныстар мен бастамалар әзірлеуде. Жұмысты жандандыруда жастардың да белсенділігін пайдаланудамыз. Мәселен, қазір «Жас Отанмен» бірлесіп, жастарды қазақ тілін үйренуге ынталандыру, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал ету мақсатында Елордамыздағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студенттерді осындай бір жобаға тартып отырмыз. Жобаға қатысу үшін қазақтілді студент өзімен бірге қазақ тілін үйренуге ықылас білдірген бір немесе екі өзге ұлт өкілін ертіп әкелуі қажет. Олар тілді білу деңгейін анықтау үшін «ҚазТест» бағдарламасы бойынша тест тапсырады. Тілді үйретуші «ұстаз» бен үйренуші «шәкірт» екі-үш ай уақыт ішінде тиісті нәтижеге қол жеткізуі тиіс. Белгіленген мерзім біткен соң тіл үйренуші студент қайта тест тапсырады. Арнайы комиссия оның тілді білу деңгейін салыстырады. Қорытындысы оң болған жағдайда үйретуші студентке оның әр «шәкіртіне» ақшалай жүлде беріліп, тілді үйренген талаптанушыға бағалы сыйлық пен арнайы диплом тапсырылады. Жаңалыққа жаны құмар жастардың игілікті іске белсене атсалысып, туған тіліміздің өрісін кеңейтуге нақты үлес қосарына сенімдіміз.
– Сөз орайында тілектес қауымды Қордың сан салалы қызметінің негізгі бағыттарымен таныстыра кетсеңіз?
– Біз өз жұмысымызды негізгі үш бағытта ұйымдастырып келеміз. Олар, біріншіден, ана тілімізді дамытуға арналған жобаларға қолдау көрсетіп, ынталандыру; екіншіден, мемлекеттік тілді өркендетуге жұршылықты жұмылдырып, оған қоғамдық бақылау орнату; үшіншіден, ағартушылық, насихаттық қызмет және мемлекеттік тілдің қажеттігі туралы қоғамдық пікір қалыптастыру болып табылады. Тұжырымдамамыздағы осы басты міндеттерге сәйкес Қордың үстіміздегі жылға арналған жоспарында заман талабына сай жаңаша және ұтымды жобаларға қолдау жасау көзделеді. Олардың қатарында: ұялы телефонға арналған тіл үйретуші ойындар, балаларға арналған тіл үйретуші компьютерлік ойындар, бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балалар үшін әр алуан радио-телеойындар мен бағдарламалар, қазақ тілін үйретуші мультипликациялық фильмдерді, тиімді оқу әдістемелері мен балаларға арналған көркем әдебиеттер шығару секілді интернет жүйесіне қосылатын жобалар мен бейнероликтер бар.
– Жалпы, көпұлтты халқымыздың бірлігін нығайту жөніндегі қазақстандық тәжірибені дүниежүзі үлгі ретінде қабылдап отыр. «Ел бірлігі» доктринасы сол тату-тәтті тірлікке сергек қараудың тағы бір дәлелі емес пе?
– Әлбетте, солай ғой. Бұл тарихи құжат маңыздылығының өзі қазақ тілін үйрену республика азаматтарына өмірлік қажеттілік екенін діттей түсетінінде. Өзіңіз білесіз, қоғамдық пікір барынша ескеріле отырып дайындалған осы құжатта мемлекеттік тілді үйренудің әрбір қазақстандықтың парызы мен міндеті екені атап көрсетілген. Әсіресе, қайталап айтсам артық болмас, қазақ тілін үйренудің міндеттелуі Елбасының «Қазақ елі барда қазақ тілі де болады. Өседі. Өркендейді» деген сөздерін тұжырымдап, тіл саясаты бағытындағы істерге айқындық беріп отыр.
– Өткен жылы Мемлекеттік тілді дамыту қоры бірқатар жобалардың іске асуына ұйытқы болды. Қордың бастамасымен бірнеше қазақтілді сайттар дүниеге келген еді…
– Рас, былтыр қор бірқатар нақты жобаларды жүзеге асырды. Аудиотаспалар мен кітаптардың жарық көруіне мұрындық болдық. Қор гранттарына жарияланған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам жоба түсті. Бір жылдың ішінде бірнеше республикалық байқау өткіздік. Олар: орыстілді БАҚ-тарда қазақ тілін насихаттауға арналған мақалалар, қазақ тілін жарнамалауға арналған “Қазақ тілі – бірлік пен береке тілі” бастамасы, қазақ тілін оқытудың үздік әдістемесі және “Қоғамдық тіл инспекциясы” фотобайқауы. Сол сияқты «Сөзмерген» тележобасы – ұлтымыздың шешендік өнерін жанына жалау еткен сөз зергерлерінің сайысы. Қазақ тілінің интернет желісіндегі үлес-салмағының артуына қомақты үлес қосқан «Zamandas.kz», «Minber.kz», «Altyn-orda.com» интернет-сайттарының ашылуы мен «Abai.kz», «Zonakz.net», «Inosmikz.com» сайттарында қазақ тіліндегі тарауларының ашылуы.
Биыл да қазақ тілінің интернет желісіндегі үлес-салмағын ұлғайту жұмыстарына басымдық беріп отырмыз. Солардың бірі – мемлекеттік тілдегі интернет-журналистиканы дамытатын іс-шаралар кешені. Келесі кезекте балалардың қазақ тілінде жан-жақты ақпарат алуына мүмкіндік беретін әдеби-танымдық интернет-портал құруды көздеп отырмыз.
Былтыр сондай-ақ Қор жанынан қазақ ұлтының жан-жақты кемелденуіне сараптама жасайтын «Қазақ альманағы» журналы жарық көрді. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты аймақтық дөңгелек үстелдер, этно-мәдени топтардың өкілдеріне арналып «Достық тілінде» атты аймақтық семинар-тренингтер өткіздік. «Халық батыры» акциясын ұйымдастырдық. «Тіл – достық мерейі» фестивалі, «Мен – қазақпын» радиожобасы, «Қазақша сөйлесейік» жастар акциясы секілді жобаларға бастамашы болдық. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпай, қарқынды дамытамыз деген ойдамыз.
– «Мемлекеттік тіл – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Тілі ала-құла ел түрлі арандатуға тез ұрынады», – деп айтып та, жазып та жүрміз. Сөзден іске көшетін мезгіл баяғыда-ақ жетті. Осы біз қатқан сеңді әлі де бұза алмай отырған жоқпыз ба?
– Сөзден іске көшетін мезгіл жетті деген пікіріңізге толық қосыламын. Сондай-ақ қазақ тілін өркендетуге, оның мәртебесін көтеруге тек билік басындағылар жауапты немесе бұл құзыретті мекемелердің ғана міндеті деп қарау да жаңсақ пікір деп ойлаймын. Жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір азамат қазақ тілін білмейтін өз әріптесін, жиі араласып тұратын жолдасын, туысын, көршісін, ал студенттер мен оқушы жастар курстасын, сыныптасын, досын, құрбысын үйретсе, қазақ тілін білмейтін азаматтардың басым бөлігі бір-екі жылда ауызекі сөйлесуге жарап, кейіннен қазақша газет оқып, теледидар көруге де ынталанар еді деп ойлаймын.
Қазақстанда тұратын сан алуан ұлыс өкілдерінің басын біріктіретін күш – қазақ халқы. Ал халықтың күші де, байлығы да тілде. Барлық рухани, мәдени құндылықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, ХХІ ғасырға аман алып жеткен ұлы құндылық – тіл, қасиетті қазақ тілі.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры», – дейді. Сондықтан да қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтерген жөн. Қазір заман басқа, заң өзге. Біз де соған лайық, заман талабына сай бағыт ұстанғанымыз жөн.
Бізге ендігі жерде жөнсіз айтыс-тартыстан гөрі, таңдау жасау қажет. Таңдау – қазақ тілі. Қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласындағы қолданысын қамтамасыз ете алатындай жағдайға жеткізу керек.
Біз бұған табиғи жағдай ретінде қарауымыз керек. Өйткені жер өзіміздікі, ел өзіміздікі, тіл өзіміздікі. Күреске күш шығындағанша, сол күшімізді, қуатымызды өзімізді нығайтуға, мықты болуға жұмылдыру керек. Бүкіл қазақты, барша жұртты біріктіретін, тұтастыратын жағын ойлауымыз керек. Осыған қазақ ұйытқы болатындай мәселені назарға алайық. Біз басқа мемлекетте отырған диаспора емеспіз ғой. Әрбір қазақ өз елінің қожасы, иесі сезінуі тиіс. Біз әрқайсысымыз осындай психология қалыптастыруымыз керек. Соған күш салуымыз керек.
– Ана тіліміздің мерейін үстем ету үшін алдымен Үкімет басында отырған, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарымыздың қазақ тілінде сөйлеуіне талапты күшейтуіміз керек емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Бұл сөзіңізге мен толықтай қосыламын. Мемлекеттік қызметте отырғандар мемлекеттегі басты саясаттың біріне айналған тіл саясатын өз деңгейінде жүргізуі тиіс. Сондықтан да қазақ тілінің абыройын арттыру, мәртебесін көтеру ең алдымен мемлекет басындағыларға жүктелуі тиіс. Елбасы Президенттікке үміткер болған кезде, қазақ тілінен тест тапсырады. Ал біздің саяси сахнадағы мемлекеттік қызметкерлеріміз орынтақтарына жайғасар кезде олай істемейді. Неге? Себебі оларды жоғарғы билік тағайындайды да, тест тапсырудың қажеті болмайды. Ал кез келген министр мен облыс әкімдері Мемлекет басшысынан артық емес қой. Тек әрқайсысының өзіне тән қызметі болмаса. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі, мұны қайталап айтуға тура келеді, жоғарыдан нұсқау күтіп, жайбарақат отыр. Қазақ тілінің еліміздің басты заңы – Конституциямызда бекітілген мемлекеттік мәртебесін іс жүзінде қамтамасыз ету үшін қосымша нұсқау күтудің жөні қайсы?!
– «Халық батыры» акциясы осымен тоқтап қала ма, әлде әрі қарай жалғасын таба ма?
– «Халық батыры» акциясы тоқтамайды, жалғасын табады. Себебі орталықтан шалғай жатқан ауылдық жерлерде Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсетіп, тиісті наградаға ұсынылғанымен, оны ала алмай отырған ардақты ағаларымыз бен апаларымыз баршылық. Оның үстіне тыл қаһармандарына да бет бұратын уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Аға буынның майдан мен тылдағы ерліктерін паш ету, олардың қаһарман ерлігін мәңгі есте сақтау – біз үшін қасиетті аманат.
– Әңгімеңізге рақмет!
Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы,
«Ана тілі», 27-Maмыр. 2010