Қазақ тілін қашықтықтан үйренуге арналған «Soyle.kz» тұңғыш онлайн- курсының авторы саналатын Мемлекеттік тілді дамыту қоры Тілдер мерекесіне орайластырып Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бірқатар жаңа интернет-жобаларын жұртшылыққа ұсынды. Қордың жаңа жо- балары мен ана тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында атқарылып жатқан өзге де жұмыстары туралы айтып беруін өтініп, қордың дирек- торы Азат ШӘУЕЕВТІ әңгімеге тарттық.
– Азат Сәдметұлы, сіз басқарып отырған қордың «Soyle.kz» онлайн- порталы қазақ тілін халыққа тегін үйретіп отырғанынан хабардармыз. Жуырда тағы да жаңа интернет-жобалардың тұсауын кестіңіздер, осы өнімдеріңізге толығырақ тоқталсаңыз… – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында білім беруде ІТ саласын кеңінен қолдану, 3D-принтинг, онлайн, мобилді, цифрлық қызмет көрсету секілді салаларды дамытуды айтып, бұл іске мемлекеттік емес секторды белсенді түрде тарту қажеттігін атап өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының бастамасымен және қолдауымен әзірленіп, күні кеше көпшілікке ұсынылған Qazaqstan3d.kz интернет-сайты Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы нақты жұмыс дер едім. Қазір бәріміз, әсіресе жастар жағы өзімізге қажетті мағлұматты, ақпаратты интернеттен іздейтініңіз белгілі. Бұл жылдам әрі қолжетімді. Осы тұрғыдан келгенде «Qazaqstan3D» жобасы – Қазақстанды бейнелі түрде таныстырудағы таптырмас мультимедиалық жолсерік. Жаңа технологияға негізделген жобаның басты мақсаты өз отандастарымызды, шетелдік қонақтарды республикамыздың көрнекті жерлерімен ғаламтор желісінің мүмкіндігі арқылы таныстыру болып табылады. Қазіргі заманға сай дайындалған 3D моделіндегі веб-сайттың, оның Android және iOS платформаларында жүктелетін қосымшасының құрылымы да жүйелі, интерфейсі де қолайлы. Сайт арқылы бүкіл әлем Қазақстан туралы толық мағлұмат ала алады, елімізге саяхаттап келетін шетелдік азаматтарға да көмегі зор болмақ, олар қауіпсіз саяхат жасау бағытын анықтауға, қолайлы тұратын орын таңдауға мүмкіндік алады. Жоба үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр. Ұсынылып отырған екінші жобамыз – «Жеті қазына» мобильді қосымшасы, мұны да көпшілік көңілінен шығатын ерекше жоба деуге болады. Халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы «жеті қазына» ұғымы мобилді қосымшаның тұтастай құрылымы мен мазмұнына арқау болды. Қосымшаны жүктеп алған пайдаланушы «Киелі сандар сыры», «Салт-дәстүр», «Асыл мұра», «Сөз сандық», «Алтын зер», «Тайқазан», «Ұлы дала ғажайыптары» деп аталатын 7 бөлімнен қазақ және орыс тілдерінде мол мағлұмат алады. Ресурс ата-бабамыздан қалған мұралар туралы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келе жатқан тарихи аңыздар мен шежіреден сыр шертеді, мәдени құндылықтарымызды таныстырады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әзірленген бұл жаңа жобалар, танымдық ресурстар ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, дәріптеуге, жастардың өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға және олардың IT саласындағы білім-біліктерін жетілдіруге ықпал етеді деген ойдамыз. – Мемлекеттік тілді дамыту қорын құру идеясының авторы Елбасымыз екенін жұртшылық жақсы біледі. Үкіметтік емес ұйым болып табылатын қордың өзге мекемелерден өзгешелігі неде? – Қордың басты ұстанымы – Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларына қоғамдық қолдау көрсету, еліміздің рухани жетістіктерін, тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттау, жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен нығайтуға атсалысу. Біз қоғаммен, әртүрлі әлеуметтік топтармен тығыз қарым- қатынастамыз. Жоспарланатын шаралар, атқарылатын істер қоғам өкілдерінің тікелей араласуымен, солардың қажеттілігі, сұранысы мен тапсырысына орай орындалады. Осы уақытқа дейін балабақшадан бастап балалар үйлері, мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерінің белсенді қатысуымен 100-ден аса ауқымды іс- шаралар өткізілді. Этномəдени топтардың жастар қауымын, дарынды да қабілетті, өткір жастарды ақылдасу- кеңесуге, талдау-талқылауға, басқосуларға шақырамыз, бірлесе жұмыс атқарамыз. Іс-шаралардың ұйымдастыру бағыты да, әдіс-тәсілі де сан алуан. Жастар арасында бірлесе өткізілген сан алуан жарнамалық-ағартушылық акциялар, қазақ тілін оқытуға арналған интернет-портал құру жобалары қазір көпшіліктің көңілінен шығуда. Қоғамдық бастамаларға көмек көрсетеміз, қазақ тілінде оқытудың инновациялық бағдарламаларына, жекелеген авторларға қолдау-көмек көрсетілді. Қоғам сұранысына, заман талабына орай іске қосылған басты жобаларымыздың бірі – қазақ тілін қашықтықтан оқытатын «Soyle.kz» интернет- порталы. Көп ізденіс нәтижесінде әзірленген жоба азаматтарымызға қазақ тілін онлайн режімінде ақысыз, қолайлы уақытта үйренуге мүмкіндік беріп отыр. Порталда ең қажетті деген оқу-жаттығу жұмыстары қамтылған: жаңа сөздердің оқылуы мен аудармасы, сөздік қорды молайту жаттығулары, күнделікті қолданылатын дайын сөз орамдары, жағдаяттық диалогтар, аудио және бейне материалдар, тест сұрақтары, ақпараттық материалдар, тағы басқа көптеген мәліметтер бар. Портал іске қосылғаннан бергі үш жылдың ішінде оны әлемнің түкпір-түкпірінен 3 млн адам пайдаланса, арнайы тіркеліп тіл үйреніп жатқандар саны 70 мыңға жуықтап қалды. Soyle мобилді қосымшасы арқылы тіл үйреніп жатқандар жетерлік. Сондай-ақ биыл «SamrukKazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорының қолдауымен «Soyle.kz» әдістемесі бойынша 200-ге жуық адам скайп арқылы тілді тегін үйреніп шықты, 500-ден астамы кезекте тұр.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИ ДЕНТІ – ЕЛБАСЫ ҚОРЫНЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖӘНЕ ҚОЛДАУЫМЕН ӘЗІРЛЕНІП, КҮНІ КЕШЕ КӨПШІЛІККЕ ҰСЫНЫЛҒАН QAZAQSTAN3D.KZ ИНТЕРНЕТ-САЙТЫ ЕЛБАСЫ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАҒЫ ТЫНДАҒЫ НАҚТЫ ЖҰМЫС ДЕР ЕДІМ.
– Бұдан екі жыл бұрын Елбасының қабылдауында болуыңыз көптеген көкейкесті мәселелердің шешілуіне жол ашқан секілді. – Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында мені қабылдап, өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының бір бөлігін ана тілімізді дамыту жобаларына арнайы бөлген болатын. Осы қаражаттың арқасында тіл үйрететін онлайн-порталымызды одан әрі дамытып, балаларды мектепке даярлауға арналған «bala.soyle.kz» онлайн сайты мен «Sozdik.soyle.kz» тақырыптық сөздік ресурсын ашу мүмкіндігін иелендік. Абай атамыздың 170 жылдығына орай «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық порталын іске қостық. Балаларға арналған «Тәтті алма» 2-томдық көркем шығармалар жинағын шығарып, «Tattialma.kz» балалар әдебиеті сайтын аштық. «Тәтті алма» Елбасының бүлдіршіндерге арнаған керемет сыйлығы болды. Жинақ еліміздің барлық балалар кітапханаларына тегін таратылды. Биыл Елбасы Қорының қолдауымен аталмыш жинақтың 3 және 4-томдары жас оқырмандар қолына тиді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштіке тәрбиелеу мақсатында әзірленген «Менің Қазақстаным», «Қазақстанның Ұлы Тұлғалары», «Қазақстанның мерекелері» сияқты мобилді қосымшаларын да жастар үлкен қызығушылықпен пайдалануда. 2015 жылдан бастап Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен өзіміз жасаған алғашқы отандық интеллектуалды «Кім білгіш?» мобилді қосымшасы арқылы жыл сайын жоғары сынып оқушылары арасында республикалық онлайн-турнир өткізіп келеміз. Биылғы турнирдің екі турының нәтижесі бойынша финалдық бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 12 оқушы өтті. Соларды арнайы Астанаға шақырып, қорытынды ойынды қазан айында өткіземіз. Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталатын болады. – Жақсы байқау екен. Жастар үшін өз қабілет-қарымын шыңдауға, білімін көрсетуге зор мүмкіндік, олардың талпынысын ынталандыруға жол ашатын. – Мұндай байқауларды жиі өткізіп тұрамыз. Жуырда қазақстандық интернет- кеңістікті, ақпараттық ресурстар мен сервистерді дамыту, олардың арасынан үздіктерін анықтау, ынталандыру мақсатында Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен жыл сайынғы «Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы байқауын» жарияладық. Қараша айында қорытындысын шығарып, байқауға түскен сайттардың он аталым бойынша үздіктері анықталып, арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады. Жыл сайын өзіміз де, жас ақын-жазушылар да асыға күтетін ерекше сайыс – «Алтын тобылғы» байқауы. Байқау Тұңғыш Президент Қорының бастамасымен және қаржылық қолдауының арқасында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіледі, оған 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақын-жазушылар қатыса алады. «Алтын тобылғы» жүлдесі «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» және «Балаларға арналған үздік шығарма» және еркін тақырып аталымдары бойынша беріледі. Әр номинацияның бас жүлдесі 1 млн теңгені құрайды. 2015 жылы байқаудың еркін тақырыбына «Мәңгілік ел» идеясы арқау болса, 2016 жылғы байқау тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, «Тәуелсіздік тұғыры» атауымен өтті. Биылғы байқауымызда еркін тақырыпты Елбасының «Болашаққа бағдар: руха- ни жаңғыру» мақаласында көтерілген «Туған ел» тақырыбына арнадық. Жас ақын-жазушылар осы байқауға қатысамын десе әлі уақыт бар, өтінімдер бірінші қарашаға дейін қабылданады. Осы байқаулардың ережелерімен Тұңғыш Президент Қорының www.fpp.kz немесе біздің қордың http://www.qazaq-found.kz сайттарынан танысуға болады. – Бүгінгі таңда қоғамымызда латын әліпбиінің нұсқасы қызу талқылануда, тіл маманы ретінде осы мәселе бойынша ойыңызды білдірсеңіз. Еліміз үшін маңызды қадамға қор қандай үлес қоспақ? – Латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддемізді қорғаудың басты тетігі. Елбасы бастамасымен көтерілген бұл игілікті істе әлемдік тәжірибелер, ішкі және сыртқы тарихи-саяси жағдайлар ескеріліп, бізді осындай қадамға алып келді. Және де ұлттық санамызды жаңартып, қоғамға рухани серпін беріп, заман көшіне ілесуге жасалған игі қадам деуге болады. Латын графикасының маңызы, бүгінгі әліпбиімізге қарағандағы тиімділігі мен оңтайлылығы ғалымдар тарапынан толық зерделенді деуге болады. Жүргізілген ғылыми зерттеулер мен салыстырулар көп ұтатынымызды көрсетіп отыр. Ең алдымен Елбасымыз айтқан «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және шетелде тұрып жатқан қандастарымызбен қарым-қатынасымызды жақсарту жолындағы маңызды шешім. Екіншіден, интернеттің кеңінен қолданылуы, халықаралық деңгейдегі сапа, талап тұрғысынан алғанда латын әліпбиі жаңа технологияларға жол ашары анық. Латын әліпбиін қабылдау, бекіту арқылы біз үлкен тілдік реформа жасаймыз. Алдағы кезең латын әліпбиінің ұсынылған нұсқаларына қазақ тілінің табиғаты мен заңдылықтары тұрғысынан, орфографиялық, орфоэпиялық ережелеріне икемділігі жағынан талдау, талқылау жүргізілетін кезең болмақ. Және де бекітілетін соңғы нұсқа тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алатындай, тіл үйренушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне оң ықпал жасап, келешегіміз қазақ тілінде сауатты жазып, еркін сөйлейтіндей болуы шарт. Сонда ғана бұл маңызды қадамның игі іске айналары сөзсіз. Жалпы, латын әліпбиіне көшуді біз қуанышпен қабылдадық. Олай дейтінім, бізге елімізден тыс жерлерде тұратын қандастарымыздан, әсіресе олардың жастар қатарынан көптеген өтініш хаттар түсуде. Қазақ тілін үйрену үшін біздің портал қызметіне жүгінетін шетелдік қазақтар орыс тілін, кириллицаны білмей қиналатындықтарын алға тартады. Сондықтан олар «Soyle.kz» порталының ағылшынша-латынша нұсқасын жасауымызды өтініп отыр. Латын әліпбиінің нұсқасы бекітіле сала біз осы порталдың ағылшынша-латынша нұсқасын жасауға кірісеміз. Осы жұмыстар арқылы шетелдегі қандастарымызға ана тілін үйрететін болсақ, ал өз отандастарымыз қазақ тілін латын әліпбиі арқылы үйренуге, ағылшын тілін қоса меңгеруге мүмкіндік алады. Келесі жылы іс қағаздарын қазақша жазып, қазақша толтыруға, сауатты әзірлеуге үйрету мақсатында «Құжат тілі» (Quzhat.kz) онлайн порталын ашу жоспарымызда бар. Алғашқы ұйымдастыру, жүйелеу жұмыстарын бастап та кеттік. Әрине атқарылар шаралар тізімі мұнымен шектелмейді. Қор ұжымы үнемі ізденіс үстінде. Елімізде мемлекеттік тіл өзінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін толыққанды атқаруы үшін, ана тіліміздің беделін, қажеттілігін аттыру үшін тоқтаусыз жұмыс жасайтын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет. – Сізге де рахмет, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды ертеңгі келе жатқан Тілдер мерекесімен құттықтаймын, ана тіліміздің абыройы асқақтай берсін деп тілеймін. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»
Источник: https://pdf.egemen.kz/pdfs/2017/09/22092017-web.pdf