Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

SKYPE АРҚЫЛЫ ТІЛ ҮЙРЕТУ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРДЫҚ

15 Қыркүйек 2017 | 4:09

Азат ШАУЕЕВ,

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:

Azat-SHaueev-kesip-beru-kerek2-640x480

           Тіл – ұлт бірлігінің, жұрт тірлігінің кепілі. Тілсіз қандай да бір ұлттың ұлт ретінде қалыптасуы һәм сақталып қалуы да мүмкін емес. Қыркүйек айында әдетте еліміз бойынша Тіл мерекесі күні аталып өтіледі. Осы мейрам қарсаңында ұлттық мұра – ана тіліміздің мәртебесін арттырумен айналысатын Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қазір қазақ тілін дамытумен айналысатын бірқатар мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Өзіңіз басқарып отырған қордың мақсат-міндеті, қызмет бағдары туралы не айтасыз?
– Алдымен, қорды құру идеясы­ның авторы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтуға тиіспін. Басты ұстаным – Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға бағыт­талған бастамаларына қоғамдық қолдау көрсету, қазақ тілінің қолданысын арттыруға арналған қоғамдық жобаларды жүзеге асыру.
Қор ұжымы осы мақсатты орындау жолындағы қызметін негізгі үш бағытта жүзеге асырады. Олар            – қоғамдық бастамаларды ынталандыру мен жүзеге асыру, қоғамды жұмыл­дыру және қазақ тіліне деген қажеттілік туралы қоғамдық пікір қалыптастыру, яғни ағартушылық, үгіт-насихат қызметі. Үкіметтік емес ұйым ретінде біз мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың орындалуына, мемлекет саясатын жүзеге асыруға қолдау, көмек көрсе­теміз.
Құрылғаннан бастап қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарымен жұмыс істеп келеміз.                  Балабақшадан бастап, балалар үйлері, мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуы­мен, этномәдени топтардың жастар тобын қамтитын ауқымды іс-шаралар өткізілді. Атқарылған жұмыстар да, жоспарланған іс-шараларымыз да ұйымдастырылу бағыты мен әдіс-тәсілі жағынан сан алуан. Ана тіліміздің қолданысын кеңейтуге бағытталған бірқатар қоғамдық бастамаларға көмек көрсетілді. Қазақ тілді интернеттің дамуына демеу жасалды. Бүгінде қазақ тілінде оқытудың инновациялық бағдарла­маларына жасалған қолдау, көмек, жастар арасында өткізілген сан алуан жарнамалық-ағартушылық акциялары, қазақ тілін оқытуға арналған интернет-портал құру жобалары ел игілігіне айналды.
     – Осы жүзеге асқан іс-шаралар қатарында көпшіліктің қызығу­шылығын тудырған ауқымды жоба ретінде қайсысын атар едіңіз?
– Осы уақытқа дейін қолға алған жобаларымыздың қайсысы болмасын асығыс әзірленіп, арнайы тапсырыс­пен даярланған дүние емес. Алдымен ізденіп, талдау жасап, өзге елдердің тіл дамытудағы тәжірибелерімен танысып, өз ішімізді бажайлап барып белгілейміз, жоспарға енгіземіз. Қашықтықтан оқытуға негізделген Soyle.kz интернет-порталын сол ізденіс нәтижесінде іске асқан жоба дер едім. Елімізде тұңғыш рет ашылған жоба отандастарымызға мемлекеттік тілді онлайн режимде ақысыз, өзіне қолайлы уақытта үйренуге мүмкіндік береді. Soyle.kz порталында көптеген оқу-жаттығу жұмыстары қамтылған. Жаңа сөздердің оқылуы мен аудармасы, сөздік қорды молайту жаттығулары, күнделікті қолданылатын дайын сөз орамдары, жағдаяттық диалогтар, аудио және бейне материалдар, тест сұрақтары, ақпараттық материалдар, тағы басқа көптеген мәлімет бар. Ресурс 10 бөлімнен тұрады: «Сабақтар», «Сөйлейміз», «Оқимыз», «Тыңдаймыз», «Жазамыз», «Үйрене­міз», «Көреміз», «Тақырып­тық сөздік» «Өзіңді тексер», «Кітапхана» болып жалғаса береді. Портал іске қосылғаннан бергі үш жылдың ішінде оның қызметін әлемнің түкпір-түкпірінен қосылған 3 млн астам пайдаланушы қолдануда, ал арнайы тіркелген тіл үйренушілер саны 70 мыңға жуықтап қалды. Soyle мобильді қосымшасын екі жылдың ішінде 40 мыңнан астам адам жүктеп алып, тіл үйреніп жатыр.
Былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап Samruk-Kazyna Trust әлеу­меттік жобаларды қолдау қорының қаржылық көмегімен Soyle.kz әдістемесі негізінде қазақ тілін Skype арқылы тіл үйрету жобасын жүзеге асырдық. Бүгінгі таңда 200-ге жуық адам Skype арқылы тілді тегін үйре­ніп шықты. Портал жүйесінде балаларды мектепке даярлауға арнал­ған bala.soyle.kz онлайн сайты, sozdik.soyle.kz тақырыптық сөздік ресурсы жұмыс істеп тұр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы наурыз мерекесі қарсаңында мені қабылдап, қор жұмысымен танысып, өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығын ана тілімізді дамыту жобаларына бөлгенін білесіздер. Міне, осы қаржыға Абай атамыздың 170 жылдығына орай Abaialemi.kz тұңғыш энциклопе­диялық порталын ашып, Семей өңірінде алғашқы тұсаукесерін өткіздік. «Тәтті алма» атты 2 томдық көркем шығармалар жинағы, Tattialma.kz танымдық балалар әдебиеті сайты – Елбасының бүлдіршіндерге арналған керемет сыйлығы болды. Кітаптар еліміздің барлық балалар кітапханаларына тегін таратылды. Биыл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорының қолдауымен осы жинақтың 3 және 4-томдары жас оқырман қолына тиіп отыр.
Өздеріңізге белгілі, қазір көпшілік өзіне қажетті мағлұматты, ақпаратты интернет жүйесінен іздейді, жылдам әрі қолжетімді. Сондықтан болар, жастар жағы «Менің Қазақстаным», «Қазақстанның ұлы тұлғалары», «Қазақстанның мерекелері» сияқты қор әзірлеген мобильді қосым­шаларын үлкен қызығушылықпен жүктеп алып, пайдалануда.
       – Қазақ тілін оқытып-үйретуді заман ағымына сай икемдеу қажет екендігі айдан анық. Осы мақсатта IT саласының мүмкіндіктерін қалай пайдаланып жатырсыздар?
– Қазіргі таңда IT-технология бойынша отандық өнімдерді көбейту, қазақтілді интернет кеңістігін дамыту арқылы мемлекеттік тілді үйрету, насихаттау, қашықтықтан оқыту бағытын дамыту, әлеуметтік желідегі жұмысты белсендіру арқылы жаңа технологияларды іздестіру, енгізу – біздің негізгі мақсатымыз. Бүгінде адамдардың ар-намысын қамшылау, құрғақ үгіттеу, мәжбүрлеу арқылы ешнәрсе тындырмасымыз анық. Жастарымыздың да ана тілін білуге деген талпынысы байқалады. Олай болса, жүргізілетін шаруаны жастар сұранысына, қызығушылығына қарай икемдеген дұрыс.
Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолда­уында: ІТ саласын дамыту, 3D-принтинг, онлайн, мобильді, цифрлық қызмет көрсету секілді білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамытуды айтып, IT-білімді қалыптас­ты­руға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу, бұл іске мемлекеттік емес секторды белсенді түрде тарту қа­жет деген еді. Мемлекеттік тілді да­мыту қорының жүзеге асырған жобалары, атқарып отырған қызметі осы аталған тапсырмаларды орындау бағы­тын­дағы нақты жұмыстар деуге болады.
Ақпараттық технологиялар мүмкіндігін барынша пайдаланып, шараларды түрлі бағытта жүргі­зу­деміз. Жастарымыздың үштілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген, өз ұлтын, тілін, тарихы мен салт-дәстүрін құрмет­тейтін тұлға ретінде қалыптастыруға үлес қосудамыз. 2015 жылдан бастап Тұңғыш Елбасы қорымен бірлесіп өзіміз жасаған тұңғыш отандық интеллектуалды «Кім білгіш?» мобиль­ді қосымшасы арқылы жоғары сынып оқушылары арасында республикалық онлайн-турнир өткізіп келеміз. Биылғы турниріміз басталып та кетті. Соңғы айналым осы айда онлайн режимінде өтеді. Мәреге жетіп, жоғары ұпай жинаған 10-15 оқушы қазан-қараша айларында Елордаға шақырылып, финалдық турнирде бақ сынасады. Жеңім­паздардың барлығы бағалы сый­лықтармен, арнайы дип­ломдармен марапатталатын болады.
Бұған қоса қазақстандық интер­нет кеңістікті, ақпараттық ресурстар мен сервистерді дамыту, олардың арасынан үздіктерін анықтау, ынталандыру мақсатында жыл сайын Тұңғыш Елбасы қорының қолдауымен Үздік қазақтілді интер­нет-сайт сыйлығы байқауын өткізіп келеміз.
Жыл сайын өзіміз де, жас ақын-жазушылар да асыға күтетін тағы бір ерекше жобамыз – «Алтын тобылғы» байқауы. Байқау Тұңғыш Елбасы қоры және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп өткізіледі, оған 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақын-жазушылар қатыса алады. «Алтын тобылғы» жүлдесі «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» және «Балаларға арналған үздік шы­ғар­­ма» және еркін тақырып атал­ым­дары бойынша беріледі. 2015 жылы байқаудың еркін тақырыбына Мәңгілік ел идеясы арқау болса, 2016 жылғы байқау Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып «Тәуелсіздік тұғыры» атауымен өтті. Биылғы байқауымыз да еркін тақырыпты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кө­те­ріл­­ген «Туған ел» тақырыбына арнадық.
      – Алдағы уақытта да атқарылар шараларыңыз, игілікті істеріңіз аз емес болар?
– Әрине, келер күнге ұмтылу – уақыт талабы. Жобаланған жұмыстар да баршылық. Soyle.kz порталы бойынша тілді тереңдеп үйретуді жалғастырып, көпшіліктің сұрауы бойынша осы сайттың ағылшынша-латынша нұсқасын жасауды ойлас­тырудамыз. Іс-қағаздарын қазақша жазып, қазақша толтыруға, сауатты әзірлеуге ықпал ету, көмек көрсету мақсатында «Құжат тілі» (Quzhat.kz) онлайн порталын ашу жоспарымызда бар. Алғашқы ұйым­дас­тыру, жүйелеу жұмыстарын бастап та кеттік. Жобаға қызығу­шы­лық танытқан мемлекеттік ұйым­дарды, ұлттық компанияларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Болашақта өзіміз де пайдалансақ әрі ортақ іске септігіміз тисе деген ниеттегі ұйымдар, мекемелер өз салалары бойынша қазақша-орысша дайын құжат үлгілерін, әзірленген салалық сөздіктерін ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді.
     – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ

Источник: https://aikyn.kz/2017/09/15/26850.html