«Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», деп дана Абай айтпақшы, қазақ тілін терең меңгеруге арналған әдемі шара елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде өтті.
Алғашқы күні «Қазақ тілінің креативті оқытудың үздік тәсілдері» деген тақырыпта жоғары оқу орындарының оқытушылары мен колледж, мектеп мұғалімдері қазақ тілді емес топтарға шағын сабақтар берді. Одан кейін эссе жазды. Осы шараның арасында «Қазақ тілі: бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелде «USTAZ» орталығының директоры Н.Иманғалиев, Астана «USTUDY» орталығының директоры Ұ.Қармысов, Назарбаев Университет қауымдастығының профессоры С.Оразғалиев Жоғарғы құқық мектебінің директоры С.Пен секілді азаматтар ұлт тілінің көркеюі ұлт санына да, сапасына да қатысты екенін айтып, қазақтың көбею мәселесін қозғады. Жастардың ұлтты бекіту, тілді терең білу жөніндегі пікірлеріне белгілі қаламгерлер Қ.Жиенбай мен Қ.Әбіл үн қосып, ағалық тілектерімен қанаттандырды. Дөңгелек үстелден кейін оқу орнының бірінші курс студенттері қазақ тарихынан алған білімдерін бекіту мақсатында ұйымдастырған «Баталасу» атты сахналық қойылымды жиылған қауым назарына ұсынды. Онда Ордабасында елдікті сақтау мақсатында серттескен, баталасқан қазақ жақсыларының бейнесі көрініс тауыпты. Әсіресе, «Ақтабан шұбырындыға» түскен қазақ халқының ауыр тағдыры сын сағатта қалғанда Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Есет, Наурызбай, Баян, Тайлақ батырлардың бірігіп білек болып, туған жерді жаудан босатқаны студенттердің сомдауында келісті шықты. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры А.Шәуеев айтқандай, нағыз отаншылдық рух осы дегізді. Бір атап өтерлігі, студенттердің мамандықтары бөлек болғанымен, ұлттық рухы мықты екен. Батырлардың мәртебесін арттыруға талпыныстары алға қойған мақсаттарына жеткізді. Оларға серік болып жүрген ару қыздардың ақылды әрекеті кімді де болса ойландырмай қоймады. Тағы бір айтарымыз, теориялық білім мен тәжірибені ұштастыруды университет 2014 жылдан бері жүргізе бастапты. Оның басында оқу орнының басшысы Талғат Нәрікбаевтың тұруы ұлттық сананың жаңғыра бастағанын көрсетсе керек. Студенттер жыл бойы тарих пәнінен алған теориялық білімдерін ата тарихымыздың бастауы болған жерлерде болып, ондағы ескерткіштермен танысуды дәстүрге айналдырған. Кейін, соның негізінде сахналық көріністер қою жарасым тапқан. Алдағы екі шарадан кейін сынға түскен оқытушылардың арасынан шыққан үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. «Мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасын таба береді», – дейді білім ордасындағы қазақ тілі мен әдебиетін креативті оқыту орталығының директоры Күләш Шаймерденова.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
https://egemen.kz/article/til-birlik-bar-zherde-bur-zharady