Мемлекеттік тілді дамыту қоры сұрыпталған 24 қоғамдық жобаға 24 млн. теңге бөлді.
Астана күні қарсаңында 24 үздік жобаның авторлары Мемлекеттік тілді дамыту қорының Грантын жеңіп алды. Қазақ тілінің көсегесін көгерту жолындағы өз идеялары үшін олардың әр қайсысы 100 мың теңгеден 3 млн. теңгеге дейінгі қаржыға қол жеткізді. Бұл жөнінде бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында қор директоры Берік Әбдіғалиев және байқау комиссиясының мүшесі Амангелді Айталы хабарлады.
Бұл – қоғам назарын қазақ тіліне аудару және мемлекеттік тілдің арнасын кеңейту мақсатында жыл басында жарияланған Қор Грантының алғашқы қорытындысы.
Байқау ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің 12 өңірінен және Ресейден қордың Грантына үмітті 107 өтініш келіп түскен.
«Менің ойымша бұл жаман нәтиже емес, тілге деген жанашыр жұрттың белсендігілі қуантады. Тіпті қоғамның өзі қазақ тілінің кең қанат жаюын аңсап отырғандай. Сондықтан біз қордың алғашқы Грантын бөлуде жан-жақты саралап, барлық талаптарды орындауға тырыстық», – дейді Б.Әбдіғалиев.
Мысалы, төрт бірдей грант жаңадан құрылатын қазақ тіліндегі web-сайтқа берілді. Олардың ішінде бұдан сәл ертерек ашылып, өнімді жұмыс істеп жатқан сайт та бар.
Байқау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, бүгінгі таңда жалпы интернет айдынындағы ақпараттың үш-ақ пайызы қазақ тілінде екенін ескерсек, бұл шешімге ешкімнің дауы бола қоймас. Жалпы байқаудың толық нәтижесі туралы ақпаратты қордың www.qazaq-found.kz сайтынан алуға болады.
Сонымен бірге Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының бірлескен жобасы бойынша әр салада қазақ мүддесіне қызмет етіп жүрген 5 адам арнайы диплом және 150 мың теңгелік сыйлықпен марапаттады. Мәселен, жазушылар арасынан – кесек-кесек ойларымен қоғамға ой салып жүрген Герольд Бельгер, қоғам қайраткерлері ішінен – парламент қабырғасынан қазақтың сөзін сөйлеуде көп әріптестеріне үлгі көрсетіп келе жатқан Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, басылым бойынша – шалғайдан шықсада сөзі нық, ойы жүйрік «Алтын Орда» газеті, тележурналистикадан – ұлттық тақырыптарды биік деңгейге көтеріп жүрген «хабарлық» журналист Ринат Кертаев және әнші қауым қатарынан – патриоттық әндер орындаушы Ерболат Құдайберген.
Ал баспасөз мәслихатына қатысқандар қалыс қалған 85 жобаның екінші жарты жылдықта сұрыпталатынын атап өтті. Шамамен қараша айында Қор Грантының екінші топ жеңімпаздарын да көріп қалармыз.
Жиын соңында шараны ұйымдастырушылар Мемлекеттік тілді дамыту қорының алғашқы байқауына демеушілік жасаған «Қазцинк» және «Сауда үйі ҚазМұнайГаз» Акционерлік қоғамдарына алғыс айтты.
- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- 24 қоғамдық жобаға – 24 миллион теңге
24 қоғамдық жобаға – 24 миллион теңге
4 Наурыз 2009 | 6:27