Жуырда Хромтау қаласында іссапармен болып, осындағы тау–кен техникалық колледж студенттеріне дәріс оқыған едім. Аталмыш оқу ордасының мұғалімдер ұжымымен танысып, араласу барысында Евгений Дадаров есімді жас жігіттің қазақша еркін сөйлеуі бірден назар аудартты. Орысша сөйлеуді мәртебе санайтын кей қандастарыма өкпем қара қазандай боп жүргенде орыс азаматының менімен туған тілімде қарым–қатынас жасауын ерекше ықылыспен қабылдадым.
Содан Евгениймен жақсы араласатын ҚазҰТУ доценті Айгүл Қожахан ол туралы өз пікірін білдірді. Ол Евгенийдің қазақ тілін Рудный қаласындағы индустриалдық институтта оқып жүргенде үйренгенін айтты. Қазақ балаларымен етене жақын араласып жүруі де септігін тигізген көрінеді. Айгүл «Ана тілі» газетінің №44 (1198) 7-13 қараша 2013 жылы шыққан санында жарияланған Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы Пиалаш Сүйінкинаның «Бұл газет менің намысымды оятты» деген мақаласын оқып, сонда Евгенийдің ұлт басылымын жаздырып оқитынын алғаш біліп таңғалғанын жасырмады.
Осыдан Евгений туралы тереңірек білгім келді. Реті келгенде атап өтерлігі, Хромтау тау-кен техникалық колледжінде тәртіп басты назарға алынған. Мәселен, студенттердің бірегей киім үлгісі бұны аңғартады. Бұл ретте, оқу орнының басшысы Б.Молдалиева бірқатар жұмыстар атқаруда. Колледж директорымен Евгений туралы сұрап-білу мақсатында тілдескенімізде, ол жас жігітті осы еңбек ұжымында қызмет еткен 2 жыл ішінде тек жақсы қырынан байқап жүргенін айтты. Жас ұстаздың сабақтары құрылымы мен мазмұны жағынан қызықты да тартымды екенін әрі әр сабағын түрлендіріп өткізуді мақсат етіп қойғанын тілге тиек етті. Мәселен, 2013-2014 оқу жылдарында Евгений студенттердің «Дарын» ғылыми бірлестігіне жетекшілік етіпті.
Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ассоциацияның президенті А.Дүйсеновамен, әдіскер Р.Несіпбаевамен жүздесіп, пікірлесудің сәті түсті. Олар Евгенийдің Хромтау қаласындағы жастардың «Жастар уақыты» қоғамдық ұйымын 2013 жылдың ақпанынан басқарып келетінін, жастар саясатын дұрыс ұйымдастыруға немқұрайлық танытпайтын, елін сүйетін азамат екенін айтты. А.Дүйсенова болса өз кәсіби білімі жоғары, студенттерінің пәнге деген қызығушылығын арттырудың жаңа әдістерін ойлап отыратын ізденімпаз жас мұғалім Евгенийдің болашағы зор екеніне сенімді. Ал әдіскер Р.Несіпбаева Дадаровтың облыс көлемінде оқытудың жаңа технологиясы бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп жүрген тәжірибелі маман екенін сөз етті.
Міне, содан Евгенийдің өзімен тілдескен едік. Ең әуелі оның қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуі, тіпті сөз арасында мақал-мәтелдерді қосып отыруы мені қуантты. Ол өз сөзінде «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» деген сөзі сөзсіз толғандырады. Қуатты мемлекеттің тірегі – білімді, тәжірибелі, сапалы маман екендігі даусыз. Осы бағытта бәсекеге қабілетті мамандар даярлаушы қауымына қойылатын талап та жоғары болып отыр. Міне, сол себепті өзімнің шығармашылық жолымда алдымен мемлекеттік тілді, содан кейін басқа да тілдерді меңгеруді айқын мақсат етіп алдым» деді. Мемлекеттік тілді білуді парызы санайтын Евгений өз елінің патриоты бола білген ұстаз ғана өскелең жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыта алатынына сенімді. Мемлекеттік тілді жетік білу үшін қазақтілді басылымдарды үнемі оқып отыратынын жасырмады. Соның ішінде ұлт басылымы «Ана тілі» газетіне жазылып, ерекше ықыласпен оқиды екен. Евгенийдің айтуынша, бұл басылым өзге басылымдарға қарағанда қазақи салт-дәстүр мен ұлттық әдет-ғұрыптарды насихаттайтын материалдарды көбірек беруімен ерекшеленеді. Бұны естіп бір марқайып қалдық.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, арнаулы пәндерден оқу модулінің қорытынды сабақтары бойынша ғылыми жұмыспен айналысатын шәкірттерім аз емес. Мәселен, 2014 жылы ақпан айында өткізілген жастар конференциясында өзім жетекшілік еткен студент I орынды иеленгенін мақтанышпен айтамын. Биылғы жылдың сәуір айында Халықаралық экология және инженерия Академиясы ұйымдастырған Республикалық олимпиададан тағы бір курс студентім жүлделі орынды алып, шетелге тегін оқу грантына ие болды. Сондықтан осындай жетістіктерді көргенде Ыбырай атамыздың жаққан шамын сөндірмей, шәкірт тәрбиелеуде аянбай тер төгуге, шәкірт тәрбиелеуге ынтам артып келеді» деп ағынан жарылған Евгенийге қарап бойымызда тек оған деген мақтаныш сезімі оянды. Еліне, жеріне, мемлекеттік тілге құрметпен, өзінің қызметіне зор жауапкершілікпен қарайтын осындай азаматтар көп болсын дейік.
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
АНА ТІЛІ
http://anatili.kazgazeta.kz/?p=22242