Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Тіл – татулық тірегі

1 Маусым 2015 | 3:57

тил-454-300x218Астанадағы ұлттық мұражайда «Тіл – татулық тірегі!» атты республикалық кеңес болып өтті. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, облыстардағы Тілдерді дамыту орталықтарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялардағы тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кеңес барысында «Тілдердің үш­тұ­ғыр­лығы», Тіл­дерді дамыту мен қол­дану­дың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы, еліміздегі Тілдерді оқыту орталықтарының атқарып отырған жұмыс­тарының нәтижелері сарапқа салынды. Аталмыш жиынға Премьер-ми­нистрдің орынбасары Бердібек ­Сапар­баев төрағалық жасады.

– Адам баласы үшін тілдің орны бәрінен бөлек. Тіл – достықтың, бей­бітшіліктің, болашақтың кепілі. Әрбір мемлекет басты рухани байлық ретінде тілді да­мытуға айрықша маңыз береді. Біздің елімізде тіл мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын бәріңіз білесіздер. 1998 жылы ҚР «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Сол заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әр аймақта Тілдерді дамыту басқармасы құ­рылды. Бүгінгі таңда елімізде 8 мыңға жуық орта мектеп болса, оның 5 мыңға жуығы мемлекеттік тілде, 1 жарым мыңы орыс тілінде, 2 мыңға жуығы аралас орта білім беретін оқу орындары. Сондай-ақ отандық телеарналарда мемлекеттік тілдің 50 пайыздық үлесі қатаң ескерілуі керек. Қазіргі таңда елімізде үштұғырлық тіл саясаты қолға алынды. Егер біздің азаматтарымыз үш тілде еркін сөйлейтін болса, онда біз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болатынымыз анық, – деді Бердібек Сапарбаев.

Елімізде 27 мектеп өзбек тілінде, 5 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. 5 тілде театрлар жұмыс істесе, 5 тілде газеттер шығарылады.
Тілдерді дамыту мақсатында тек өткен жылдың өзінде мемлекеттен 7 миллиард теңге бөлініпті.

Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 88 пайызға жеткенін, бірақ оның аударма арқылы ғана осындай деңгейде екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мемлекеттік тіл орталықтарының сапалық деңгейінің төмендігін, оларда оқытуды әдістемелік бір ізге түсіру қажеттігін, нормативтік, құқықтық актілерді реттеуді және басқа да өзекті жайттарды атап өтті. Одан кейін сөз алған халық қалаулылары да тіл туралы тағылымды ойларын білдірсе, осы саланың лауазымды тұлғалары өздерінің атқарып отырған жұмыстары жайлы айтып берді. Әсіресе, жиналған қауымға «Егемен Қазақстан» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахмановтың сөзі ерекше әсер етті.
– Бүгінгі таңда біздің қазақ тілінің өзіндік әуен ырғағының бұзылып бара жатқандығы мені қатты алаңдатады. Соңғы10-15 жыл ішін­де алдымен телеарналар бастап, оны кө­рер­мен
қауым қостап, үлкен дерт келді. Ол дерт­тің аты – орфография. Әлемде барлық халық орфографиялық заңдылыққа сүйеніп жазады, сөй­­лейді. Ал бізде осы талап мүлде еске­­рілмей барады. Сондықтан қазақ тілінің орфо­гра­фия­лық сөздігін қайта бастырып, көп данамен шығарып, міндетті түрде телеарналарға тарат­­пасақ, олардан талап етпесек, таяудағы 20-30 жылдың ішінде жазу бойынша сөйлейтін халыққа айналуымыз кәдік, – деді белгілі қаламгер.
Айта кету керек, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде балалар әдебиеті, сөздік, оқу-әдістемелік құралдар, әлемдік классикалық шығармалар, таным­дық энциклопедиялық анықта­малар шығарылып, ұлттық мәдени орталық­тардың жексенбілік мектептері арқылы басқа ұлт өкіл­дерінің тілдерін дамытуға қолдау көрсетіліп келеді.

Осы орайда «Ватра» украин орталығының басшысы Т.Чернега қазақтың тілі барша түркі халықтарының ғана емес, Қазақстандағы барша славян халқының да басын қосып отырған тіл екеніне тоқталды. «Қазақ елінде этнос өкілдерінің өз ана тілімен қатар мемлекеттік тілді де меңгеруіне толық жағдай жасалған. Этнос өкілдеріне арналған көптілді әдістемелік кешені, түрлі салалық сөздіктердің жарық көруі біздің ұлтаралық қарым-қатынасымызды нығайтып қана қоймай, бірлігіміздің бастауы болып отыр» деді ол. Бұдан кейін әнші, мәдениет қайраткері Т.Бурмистрова «мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жоғары ұстап, бабадан жеткен салт-дәстүріміз бен бай мұрамыздың әлемдік жаһандану заманында жойылып кетпеуі үшін атсалысуымыз керек» дей келе, «тіл – жеке адамның ғана емес, жалпы ұлттың жаны, рухы. Қазақ елі мені біріншіден – өнерім үшін, екіншіден –қазақ тілінде сөйлей алып, ән салғаным үшін жоғары бағалайды. Мен осындай дарқан даланы, қасиетті қазақ жұртын қазақ тіліндегі әуезді әндеріммен тербеп жүргенімді ерекше тебіреніспен айта аламын» деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова бүгінгі таңда Қазақстанда этносаралық толеранттылық, қоғам­дық келісімнің қазақстандық үлгісі қа­лыптасқанын, елімізде тұратын этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытуға жағдай жасау көзделіп, ол іске асып келетінін алға тартты. Ұлттық мәдени бірлестіктер, олардың жексенбілік мектептері жұмыс істеп, қажетті оқу құралдары, балаларға арналған әдебиеттер, сөздіктер шығарылып, этностар жинақы орналасқан аудандарға та­ратылып жатқанын сөз етті. Ха­лық қалаулысы тіл – ұлт бірлігін ны­ғай­тудың аса маңызды факторы, ана тілінде еркін сөйлейтін, орыс тілін игерген, ағылшын тілін білетін, адамдары тату, бәсекеге қабілетті, өркениетті Қазақстанда тұру – ол бір бақыт деп білетінін айтты. Ал үштұғырлы саясаттың ешбір елде жоқ теңдессіз жоба екені жайлы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінің директоры Орхон Озтомсуқ өз сөзінде айтып өтті.

«Мен білім, ғылым салалары бойын­ша әлемнің бірқатар тәжірибелеріне көз жүгірттім. Үштұғырлы тіл саясаты тек осы мемлекетте ғана жүзеге асырылып жатқан жоба екендігіне куә болдым. Біз шетел азаматтары осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан, айрандай ұйып отырған халықтың көшбасшысына ыстық ықыласымызды білдіреміз» деді ол.

Кеңес жұмысы кезінде ұйымдас­ты­рылған көрме мемлекеттік тілді және өзге этнос тілдерін дамыту бағы­тын­да атқарылып жатқан істердің нақ­ты көрінісіндей болды. Мәселен, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік қызметшілердің тілдік біліктілігін «Ресми-іскерлік қазақ тілі» типтік бағдарламасы арқылы жетілдіру жобасын алайық. Мұнда 2013 жылы 10-желтоқсанда «Аударма және мемле­кет­тік тілді оқыту орталығы» ашылған. Оның тәжірибелері жиналған­дар назарын аударды.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры онлайн курс ұйымдастырып, интер­нет-портал арқылы тегін көмек көрсетеді. Ол ұсынған «Soyle.kz» – қазақ тілін үйренудің заманауи әдісте­мелік құралы. Ал «ВаІа.soyle.kz» пор­талында балалардың ой өрісін дамы­татын, үйрететін ойындар бар. Мұнда күнделікті 5000 бала тілді оқып-үйренеді.
Осы сияқты көңілге қонымды, ең бастысы, мемлекеттік тілді игеруге тиімді мүмкіндік беретін жаңалық­тар көрмеде аз кездескен жоқ. Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев барлық айтылған келелі мәселелерді қорытып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Түптеп келгенде, «Тіл –татулық тірегі» республикалық кеңесіне қатысушылар Қазақстанда тұратын барлық этнос тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамыту қажеттігін баса көрсетті. Арнаулы қарар қабылданды. Өскелең ұрпақ тіл достықтың, татулықтың, тәрбиенің қайнар көзі екенін біліп өсуі керек. Бұл үшін салиқалы тіл саясаты жетілдіріле, дамытыла түсуі тиіс.

Ғазиз Құрмашұлы
Астана

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=29966