Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Тіл тағдыры қазақтың өз қолында

17 Ақпан 2010 | 1:01


Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленуге тиіс Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасын әзірлеуші жұмыс тобының Алматыда өткен отырысына қатыстым. Мемлекеттік тіл саясатының келесі он жылдықтағы стратегиялық мақсаттары мен оның нақты іскери тетіктерін белгілейтін жаңа бағдарлама әзірлеу жөніндегі алқалы жиын ашық пікір алмасу түрінде өтті. Ал басқосу мақсаты мен жиналған қауым құрамы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі»:
Бірі – дана ғалымдар, зейінділер,
Бірі – хатшы, білсін дер кейінгілер.
Үшіншісі – жүректі ер, батырларың,
Жау десе, жайдай жайпар жасындарың.
Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,
Қалған жұртты үйіріп, қоңсыға алса…
деп келетін жазумен мазмұндас келді. Бұл игі істің алғашқы отырысының өзінде-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бағдарламаны әзірлеуге қажетті алғышарттардың ғылыми-әлеуметтік тұрғыдан сарапталып-талданғандығы, қазақ тілі төңірегінде қордаланған келеңсіздіктерді жою үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдану қажеттігі, мемлекеттік тілдегі ақпарат кеңістігін сандық-сапалық жағынан ұлғайту, тілдің қоғамдық қызметі мен қолданбалы жағының жетекші орынға шығуы, бағдарламаның мерзімдік жағын айқындау мен орындалу жауапкершілігін нақтылау қажеттігі, тілдің ғылыми қамтамасыз етілуі мен оқыту жайының кейбір проблемалары турасында маңызды пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Жиын соңында екі ай ішінде бағдарлама жобасын әзір етіп, жұмыс тобының қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды. 2011-2020 жылдарға арналатын бұл бағ¬дарламаның түпкі мақсаты – мемлекеттік тілдің әлемнің экономикалық, мәдени, білім, саяси кеңістігінен орын алуына және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы функцияларын жетілдіруге жағдай жасау.
Тіл – қоғамдық қатынастардың барлық саласымен, олардың өзгерістерімен тығыз байланыста дамитын құбылыс. Тілді халықтан, әлеуметтен, қоғамдық ортадан бөліп қарауға болмайды. Ал қоғамда, халықтың күнделікті тіршілігінде тілге деген сұраныс болмаса, әлеумет оны қолданбаса, қолдамаса тілдің өркен жаймасы анық. Мемлекет Басшысының бастамасымен 2008 жылдың аяғында құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры жұмысының да басты бағыт-бағдары — республика аумағында және шетелдерде қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, мемлекеттік сана мен отансүйгіш сезімді нығайту, қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал ету, қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру және қазақ ұлты мен оның тілінің мәртебесін көтеру мақсатында кешенді түрде түрлі іс-шаралар өткізіп тұру. Сондықтан да Қор осы мақсат-міндеттерді орындау бағытындағы игі істерге мұрындық болып келеді.
Былтырғы жылы Қор тағайындаған гранттар қоғамның ерекше қызығушылығын тудырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілінің қолданыс аясын одан әрі дамытуға бағытталған 100-ден астам түрлі жобалар келіп түсті. Олардың ішінен арнайы комиссия таңдаған 40-қа жуық қоғамдық бастамалардың жүзеге асырыла бастағанын ерекше атап өтуге болады. Осы жобаларды іске асыруға бөлінген Гранттарға қазақстандық қоғамдық ұйымдармен қатар ресейлік ұйымдар да ие болды. Олардың қатарында қазақтілді интернет-сайттар ашу, қазақ тілін үйретудің авторлық бағадарламаларын, оқыту әдістемелерін, бұрын жарық көрмеген әдебиеттер мен сөздіктер әзірлеп шығару және бұқаралық үгіт-насихат шаралары сияқты жобалар болды. Сондай-ақ, біздің бастамамызбен қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларының Астана қалалық қауымдастығы құрылды. Алдағы уақытта да қазақ тіліне қалың бұқараның қызығушылығын тудыратын, қазақ тілін үйренуге баулитын, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге бағытталған ең үздік жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отырмыз.
Елбасымыздың Қазақстан халықтары Ассамблеясының XV-сессиясында ұсынған «Ел бірлігі» Доктринасында белгіленген ұлтаралық, этносаралық, дінаралық келісім мәселелері Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінде ерекше маңызды деп білемін. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – біздің мемлекеттілігімізді нығайту мен беделді мемлекетке айналуымыздың бір кезеңі. Қа¬зақ¬стан өз төрағалығы ке¬зін¬¬де Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Тө¬зімділік идеялары негізінде жұмыс істейтінін жариялады. Осы құндылықтар Қазақстан тарапынан жүргізілетін жұмыстардың басты бағытын айқындап беріп отыр. Олай болса, түрлі халықтар мен этнос¬тар¬ арасында араздық пен қантөгісті болдырмау, ядро¬лық қарулануды жою сияқты бүкіл адамзат баласын ойландырып отырған проблемаларды халықаралық деңгейде шешу үшін, ең алдымен, еліміздің өз ішінде ауызбіршілік пен бірлік қажет екені сөзсіз. Құжаттың «Қазақстанның ел бірлігі» деп аталуы да, ұлтаралық, этносаралық, дінаралық келісім мен ел бірлігін нығайту мәселелеріне басты назар аударылуы да осы тұрғыдан аса маңызды.
Доктринада «этносаралық қатынастар саласын¬дағы мемлекет қызметінің маңыз¬ды бағыты тең¬герімді тіл саясатын жүргізу болып табылады» деумен қатар, мемлекеттік тілді Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде дамыту да нақтыланып отыр. Бұл жобадан басқа, ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі құқықтық тұрғыдан толық негізделген, оның дамуы мен нығаюына бағытталған біршама ресми құжаттар бар екендігі баршамызға аян. Елбасымыз әр жылғы халыққа жолдауында, Ассамблея жиындарында, журналистермен болған сұхабаттарында тіл саясатына байланысты стратегиялық бағыттарды айқындап келеді. Дегенмен, қол жеткен нәтижелерге қарамастан, мемлекеттік тілдің мерейі тиісті деңгейге көтеріліп, тілдік әлеуеті толық іске аспай отыр. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру қандай да бір құжатқа ғана байланысты деп те айтуға болмас. Бұл іс науқаншылдықтан арылып, «баршамыз жұмыла» осы ресми құжаттармен қабылданған шаралардың нақты жолдары мен тетіктерін жасағанда, тиісті жауапкершілік пен талап қою мәселелерін күшейткенде, тіл тағдыры қазақ ұлтының өз қолында екенін түсініп, өзге ұлт өкілдеріне Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілде екенін ұғындыра білген жағдайда ғана алға басатынына сенімдімін.
Мысалы, жобада: «… республика бойынша 60-тан аса қазақ тілін оқитын орталықтар жұмыс істейді, алдағы бір-екі жылда олардың санын 120-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр» делінген. Бұл мәселеге келер болсақ, орталықтардың бүгінгі таңда атқарып отырған қызметі қоғам сұранысына сай жүргізіліп отыр. Жоғары оқу орындарында қазақ тілді мамандар дайындауға көшкенімізбен, барлық мекемелер мен ұйымдардың орта буындағы қызметкерлері қазақ тілінде іс жүргізу міндетін атқара алмай келеді. Сондықтан да оларды оқытуға мәжбүрміз. Ал алдағы уақытта тіліміздің өрісін кеңейту жұмыстары жүйелі, жоспарлы жүргізіліп, отбасындағы қарым-қатынаста қалыптасып, балабақшадан бастау алса және мектептерде жалғасым табатын болса, жоғары оқу орындарында қазақ тілінен емтихан белгіленіп, жауапкершілік арттырылса, ел экономикасының барлық саласында қазақ тілді мамандар саны артып, тіл орталықтарының қызметіне деген сұраныс азайып, олардың санын арттыру қажеттігі болмас та еді.
Аталмыш жобада: «Алдағы жылдары барлық қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ, мемлекеттік тілді меңгеруі қажет» делінген. Жалпы қазақстандықтарға Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ұғындыру, өзге тілді этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін ояту қажеттігі айтылып та, жазылып та жүрген жайт. Бұл мақсаттағы жұмыстардың басты мұраты – сөз бен істің арасын барынша жақындату. Қор тарапынан былтырғы жылдың өзінде осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша еліміздің барлық 16 облысында этномәдени топтар өкілдері мен оларға қазақ тілін оқытатын оқытушыларға арналған «Достық тілінде» — атауымен аймақтық семинар-тренингтер ұйымдастырдық. Шараның басты мақсаты – этностық топтардың белсенді мүшелерін тілдік мәселелер мен қазақ тілінің беделін арттыруға жұмылдыру болды. Бұл семинарлар аясында бірқатар аймақтардың қазақ тілін меңгерген өзге этнос жастарымен кездесулер өткіздік. Олар негізінен пікірталас форматында өтті. Осы шаралар барысында еліміздің аймақтарындағы этномәдени топ өкілдерінің, олардың жастарының қазақ тілін үйренуге ерекше қызығушылық танытып отырғандары байқалды. Өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген оң түсінік қалыптасып отырғанының өзі жалғасын табар жақсылық екенін айтып өткен жөн. Осы тұста айта кетер бір жайт, қазақ тілі төңірегіндегі оң істер мен қол жеткен табыстарға, атқарылып жатқан игі шараларға, болашақ жоспарларға қатысты батыл да жігерлі ой-пікірлер, екпінді ұсыныстар бірінші кезекте қазақ тілді тыңдаушылар арасында айтылып, қазақ тілді оқырмандарға таратылып жатады. Мемлекеттік тілдің болашақта әлемнің экономикалық, мәдени, білім, саяси кеңістігінен тиісті орын алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында толыққанды жүзеге асатындығы турасындағы батыл талдау-сараптаулар, ой-тұжырымдар орыс тілді қауым арасында кеңінен насихатталуы қажет деп ойлаймын. Қор алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысын белсендіре түспек.

Азат ШӘУЕЕВ,
Мемлекеттік тілді дамыту қоры
директорының міндетін атқарушы