Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

ЕЛУІНДЕ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНГЕН ҚАЗАҚ

4 Тамыз 2014 | 8:53

Елуден асқанда қазақша үйренген кісіні естуіңіз бар ма? Әуелде біз де таңданғанбыз. Тіпті «қазақтың қазақша сөй­легенінің несі айып?» деп кінә артатындар да болар.

Оқыр­манның мұнысы да дұрыс. Алайда бала кезінен орыстілді ортада өсіп, орыс балабақ­ша­сында тәрбиеленіп, орыс мек­те­бінде өскен жанның қазақ тілі­нен қағыс қалуы қалыпты жағ­дай еді ол кезде. Кеңестік ке­зең солтүстіктегі бес облысқа да өзінің салқынын тигізбей қой­ған жоқ. Біріншіден, ол об­лыстардың көбінде қазақ мек­тебі болмады. Екіншіден, көр­ші-қолаң, туыс-туғанның көбі ресми тілде сөйлеуге мәжбүр болды. Біздің бүгінгі кейіп­керіміз Қанат Тасыбеков те тілді білмейтін ортада өсті.

Кейіпкеріміздің жасы елуді еңсерген. Жастайынан жылқы малы десе құлағы елең ете қа­латын жасөспірім орыс тілінде тәрбиеленсе де, мал шаруа­шылығын зерттесем деген ар­манынан тайқыған жоқ. Ол арман жасөспірімді жетелеп, Алматыдағы мал-дәрігерлік институтына алып келді. Ақ­мола облысында туып-өскен жігіт өзі қалаған оқу орнына түсті. Үздік бітірді. Институтты бітіріп қана қойған жоқ, мал шаруашылығын, оның ішінде жылқы шаруашылығын зерт­тесем деген ой оның білімін ары қарай жетілдіруіне сеп болды. Аспирантураға оқуға түсіп, кандидаттық диссер­тациясын Мәскеуде қорғады. Ғылым жолына түсті. Целино­град ауыл шаруашылығы инс­титутында сабақ берді. Инс­титутта сабақ беріп жүргенінде, болашақ ғалымның Дижон (Франция) қаласына жолы түсті. Француз мамандары­ның арқасында Қанат Тасыбеков-­тің докторантураны Бургун­дияның орталығы Дижонда оқуына мүмкіндік туды. Осы­лайша, орыс тіліне жетік маман фран­цуз тілін де меңгеріп шық­ты. Алайда жаны, жүрегі қазақ деп соққан Қанат ағаның бір ғана кемшілігі бар еді. Ол өзінің ана тілін білмейтін. Түсінсе де, екі ауыз сөздің басын құрап, ойын жеткізе алмайтын.

Орысша өскен, француз тіліне жетік, өз кәсібін бір кі­сідей меңгерген, орта бизнес өкілінің ойын өзгерткен не нәрсе? Ол – намыс еді. Қазақ бола тұрып, қазақша сөйлей ал­м­ауы қорлық емес пе? Елуден асқан шағында, балалары же­тіліп, өз қолы өз аузына жеткен кезінде Қанат Тасыбековтің «қазақша үйренемін» деп қа­зақ­шаға бет бұруы жолдаста­­рын да таңғалдырған еді. Тіпті Қа­нат ағаның бұл тірлігін «қожа­насырлыққа» балағандар да бар.

– Қазақша үйренемін деп Алматыдағы бірқатар кітап дүкендерін аралап шықтым. Ондағы керегі – қазақ тілін үйрететін әдістемелік құралдар алу. Көпке топырақ шаша ал­маймын, алайда сенсеңіз, әдістемелікке жарайтын дені дұрыс кітап таба алмадым. Сол себепті де, тіл үйренуді өз әдісіммен бастадым. Өзімді өзім үйреттім. Алдында оқыған француз тілім бар. Француз тілін қалай меңгерсем, қазақ тілін де солай меңгеруге ты­рыстым. Әрбір сөздің жанына орысша баламасын жазып отырдым. Мәселен, ата-тек, жеті ата, үй-іші, отбасы, ата-әже, бала-немере туралы сөз­дер­дің бәрі ұғынықты болу үшін басынан бастауыма тура келді. «Атасыз ұл жетесіз, же­тесізден ақыл сұрап не етесіз?» (безродный человек – глупая голова, к чему у такого спра­шивать совета?), не болмаса, «жақсыда кек жоқ, жаманда тек жоқ» (хороший прощает близ­кого, плохой происхождения низкого), «тексіздің тегі – құл», (не знающий своей родо­словной – раб) дейді. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Қазақтың әрбір сөзінің түпкі маңызы терең. Әрбір сөздің бірнеше баламасы барын тіл үйреніп жүріп ұқтым, – дейді кейіпкер.

Ең қызығы, Қ.Тасыбеков өзі жазған қағаздарына қарап отырып, дайын әдістемелік құрал жазып шыққан. Барлық парақтарының басын бірік­тірсе, бір кітаптың нобайы дайын болғандай. «Мұны неге кітап етіп шығармасқа?» деген ой қылаң беруі сол екен, Та­сыбеков өзі шимайлаған қа­ғаздарының бәрін ретке келтіріп, жаңа бір әдістемелік бағдарламаның негізін жасап шығарады. Осылайша, өмірге «Ситуативный Казахстан» кітабының идеясы келген еді.

Бұл кітаптың өзге әдісте­меліктен жолы бөлек. Өйткені мұнда тілді үйрену мүлде өзгеше бағытта дамыған. «Қазақ болған соң, той-томалаққа, өлім-жітімге бармай тұрмайсың. Қазақтардың тойында немесе көңіл айтуда орысша шүлдірлеп тұрғаның намысыңды оятады екен. Мен әуелі тіл үйренгенде, тойда қандай сөздер айтылады, қандай тілектер айтуға болады, не болмаса қазақша көңілді қалай айтамыз, қалай жұбата­мыз, осы мәселелерге көбірек мән беруге тырыстым. Мәсе­лен, «вы купили машину – өзің мініп, өзің тоздыр; в семье прибавление – нәрестенің бауы берік болсын; вы похоронили родственника – қайырын берсін; вас поздравляет с Наурызом – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген сияқты сөздерді қазақша-орысша баламасымен бірге үйрендім» дейді Қанат аға.

Бір кездері мұның «әпен­ділігіне» күлген достары оның тіл үйренудегі табандылығына тәнті болды. Қазақша сөйлеп үйренгенімен қоймай, орыс­тілді достарын да қазақша үй­ретуге тырысып жүрген Қанат ағаның еңбекқорлығына бір жа­ғынан сүйсініп қалдық. Күні-түні еңбектеніп жүріп, тілді бір кісідей меңгеріп алды. Қазір қазақша сөйлесе, бір кісіні сүріндірерлік жайы бар. Сөйлегенде бірауыз ресми тілден сөз қоспауға тырысады. Қанат аға үшін бұл үлкен жетістік.

Қ.Тасыбековтің авторлы­ғымен «Ситуативный Казах­стан» кітабының алғашқы томы жарық көрді. Ең қызығы, авторда бұл еңбегінен ақша табамын деген ой болған жоқ. Кітапты өз қаржысына шы­ғарды. Еліміздің әрбір айма­ғындағы кітап дүкендеріне де өзі таратты. Кәсіпкер бола тұ­рып, кітабын тегін таратуға дайын тұрған автордың басты ұстанымы – өзі секілді орыс­тілді қазақтарға тіл ұстарту. «Ана тілінің кез келген аза­маттың ары екенін, өзге тілдің бәрін білсе де, өз тіліне жет­пейтінін» кеш болса да, сезін­геніне қуанады. Әрі өз еңбегінің тіл үйретуге кішкентай болса да үлесі тисе екен деп ойлады. Автордың еңбегі еш кетпеген сияқты. Мың ғана таралыммен шыққан кітапты қайта бас­тыруға тура келді. Кітапқа деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді.

«Бұл – өзге ұлт өкілдері үшін емес, орыстілді ортада тәрбиеленген, қазақша үй­ренгісі келетін қазақтар үшін жасалған еңбек. Тілді білмейді, қазақша сөйлемейді деп бай­балам салғаннан гөрі, оларға тілді үйретуге тырысайық. Олардың үйренгісі келеді. Бірақ сөйлей алмайды. Білімді, ақылды, ойы жетік, шет тілін меңгерген. Қазақшасы кемшін түсіп жатыр. Неге? Өйткені ересек адамдардың тіл үйренуге уақыттары жоқ. Сөздерді оқып, ереже жаттап жүре алмайды. Олардың оқуы үшін әдістемелік кітаптар керек емес пе? Бүкіл әдістемелік кітаптардың бәрін оқып шықтым деп көпке то­пырақ шаша алмаймын. Ло­гикалық тұрғыдан оқитын әдістемелік жоқ болғандық­тан, үйрене алмаймыз. Сол себепті де, осы тұрғыдан «Ситуатив­ный Казахстанды» жазып шықтым. «Жиырма жыл бойы тілді үйренбедік, білмедік» деп бай­балам салып жүргендер көп. Тіл үшін күресу керек шығар, бі­рақ оның жолы қандай? Тілдің қажет екенін бәріміз білеміз. Тіпті орыстілді қазақтар да жақсы түсінеді. Өйткені ол – біздің мемлекеттік тіліміз. Тіл үшін күреспей, тілді үйретуге тырысайық. Олардың намы­сын оятайық. Тілді үйретуді кім­нен бастаймыз? Әрине, қазақ­тан. Өзге ұлт өкілдеріне барып, «сен неге қазақша сөйлемейсің?» деп сұрап көріңізші. «Өздерің неге үйренбейсіңдер?» деп өзіңізге бас салуы мүмкін. Сондықтан тіл біздің өзімізге керек, яғни қазақтарға керек. Бұл – біріншіден. Екіншіден, техникалық тілдің көбі ресми тілде. Терминдердің көбі ау­дарылмайды. Бізде терминком арнайы бекіткен терминдер бар. Оның заңдылығы сақталуы тиіс».

Қанат аға қазақтың сөзге шешен азаматтарымен әңгі­мелескенді ұнататынын да жа­сырмады. Кейде әңгімелескісі келсе, Жазушылар одағына келіп, қаламгер ақын-жазу­шылармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып қайтады екен. Тілді білген сайын, қазақ ті­лінің құнарына қаныға тү­сетінін де айтады Қанат аға. От­басында да үнемі қазақша сөйлеуге тырысады. Ұлы да, қызы да – шет тілдерін мең­герген, жақсы мамандар. Олар­дың да қазақша сөйлеуіне көбірек мән беріп жүр.

«Ситуативный Казахстан» кітабының негізгі оқырмандары – орта буын өкілдері. Автор өзінің бұл еңбегіне сұраныстың көбейіп тұрғанын айтады. Еліміздің жер-жерлерінен, әсіресе, солтүстік аймақтардан жергілікті тұрғындар хабар­ласып, кітапты оқуға құлшыныс білдіріп жатқан көрінеді. Демек, бұл орыстілді аудито­рияның өз тілін білуге көңілінің бөліне бастағаны. Әрі автордың үмітінің ақталғаны. «Қазақтар әлемінен» сыр шертетін кітап­тың алғашқы томы ел аралап кетті. Қанат Тасыбековтің бұл еңбегі жалғасын таппақ. Ал­ғашқы томы ата тек, жеті ата, үй-іші, отбасынан тұрады. Ал екінші томы – диологтардан, үшінші том сөздіктерден құ­ралатын болады.

Бүгінгі кейіпкеріміз туралы әңгімеміз тамам. Ең бастысы, Қанат Тасыбековтің ердің жасы елуінде өз ортасына қайта орал­ғаны көңілімізді мар­қай­тып тастады. Мұны біз шет тілін еркін меңгерген кәсіпкердің өзінің ана тіліне деген ерекше құрметі деп қабылдадық.

http://www.aikyn.kz/

09.07.2014