Біздің әзіл-сықақ театрларымызда монолог жанрының бағы ептеп болса да ашылып келе жатыр екен, бәрекелді деп отырдық. Бірақ ұнамағаны – ортаға шыққан жігіттердің бәрінің сөзінің тұздығы орысша.
Жұртты күлдіруге тиіс, талма тұстан ұратын сөздерінің барлығы – «ұлы да ерен» тілде. «Братан», «пробка», «обшым», «что такое?», «прикинь», «тема», «есличто», «проблема…
Сенбі күні «Қазақстан» телеарнасынан «Әзіл әлемі» театрының концерті көрсетілді. Сөз жоқ, жігіттердің бәрі дарынды. Сахнаға бір-бір әннен кейін кезек-кезек шығып жатса да, жұртты жалықтырған жоқ. Жатты, тұрды, неше түрлі қимылдарға салды, қоғамның теріс мінездерін тәуір-ақ сынады. Біздің әзіл-сықақ театрларымызда монолог жанрының бағы ептеп болса да ашылып келе жатыр екен, бәрекелді деп отырдық. Бірақ ұнамағаны – ортаға шыққан жігіттердің бәрінің сөзінің тұздығы орысша. Жұртты күлдіруге тиіс, талма тұстан ұратын сөздерінің барлығы – «ұлы да ерен» тілде. «Братан», «пробка», «обшым», «что такое?», «прикинь», «тема», «если что», «проблема… Әзілдерінен нақты мысал келтірсек. Армани айтады:
– «Говори қабыл болсын!» дейді бір қыз. «Не?!» десем, «Айтты» айтам да» дейді. Сосын алдым да: «Пусть, говорят», – дедім мен де. Ол ұқпай қалды. «Айтсын!» дегенім ғой».
– «Үлкендердің бірі «әкең кім боп істейді?» деп сұрады.
– Проводник.
– Бәсе, түрің вагонға ұқсайды! – деп қояды».
Медет Досханаев: «Басқалар үшін «пешеход» – жаяу жүргіншілер жолы болса, бізде ол – «беговая дорожка»!
Ерлан Құлшынбайшын: «Бала кезде біз жаман жыладық. Неге? Индийский фильмге».
Біздіңше, қазіргі қазақ тілінің дамуына ерекше үлес қосуға тиіс азаматтар – осындай әзіл-сықақ театрының артистері. Бір кездері Нұржан-Туканың «шешеміз ғой, шешу үшін жүрміз ғой!» дегені ауызекі тілде әлі күнге «хит»! «Атам-ай, атам басы-ай!» дегенін де орайлы қолданып, тыңдаушысының езуіне күлкі үйіріп жүргендер жетерлік. Жүсіп пен Уәлибектің, тағы бір Нұржанның, Жұлдызайдың жаңа жаргондарын жұрт талай іліп әкеткен.
Бұл не демегіміз? Тіл үнемі өсіп, жаңарып отыратын тірі ағза іспетті болғандықтан, жаргонның да қазақша болғаны дұрыс. Соңғы жылдары қазақ тілінде бұрын қолданыста болмаған, болса да, көбінесе тура мағынасында айтылған тамаша жаргон сөздер, тіркестер пайда болды. «Қоянның суретін салып кетті» деген тіркес «алдап кетті» дегеннен гөрі әлдеқайда әдемі естіледі, ең бастысы, алдап кеткен адамға кешіріммен, түсіне қарайтыныңды аңғартады. «Көрсетпей сұрап алды» – ұрлады, жымқырды дегеннің «образды» сипаты. «Жынды» нәрсе екен!» деген де қазір жастардың тілінен түспейді. Бір нәрсеге қатты сүйсінгенде, таңғалғанда айтатын сөз. Бірақ осы «жындыны» соңғы кездері «тема» ысырып бара жатыр. «Құлақтан теуіп» –«өтірік айтып» дегеннің баламасы.
Әрине, мұндай сөздермен тіліміз байып кетпес, бірақ бәрібір даму үдерісінің қызу екенін байқатар еді. Естеріңізде болса, 2012 жылғы футболдан Еуропа чемпионатында ағылшынтілді комментаторлар «кержаковшылау» деген жаңа сөз таптық» деп алақайлады. Ресей құрамасының шабуылшысы Александр Кержаков топтық турнирдегі 3 матчта қақпаларға 19 соққы бағыттап, соның бірде-бірін тура тебе алмаған ғой. Аспанға, қақпаның екі шетіне ұшқан, ешбірі тым құрыса қақпашыға тура бармаған. Бұл жаңа сөзді ағылшындар әлі қолданатын болса керек.
Жаңа жаргон сөздерді неологизмдер қатарына жатқызуға болмас. Десе де, Ұлыбританияда неологизм сөздер жыл сайын талданып, іріктеліп, тіпті «жыл сөзі» анықталып жатады екен. Фейсбук парақшасында астаналық Нұрғиса Асылбеков бұл туралы орайлы жазды да. «Лексикалық қорды байытып жатқан жаңа бірліктердің жілігін шағып, майын тамызатын линвгист мамандардың түрлі одақтары бар. Былтырғы «жыл сөздері» болып бірінде – «geek», енді бірінде «selfie» сөзі іріктеліпті. Geek – технологияның соңғы жетістіктерін, әсіресе, қалтафонның соңғы модификациясын, планшеттің ең соңғы шыққанын қалт жібермейтін, қолындағы алдыңғы нұсқасын тәрк етіп, жаңасына жеткенше аласұратындар. Selfie – өзін суретке түсіріп, оны әлеуметтік желіге орналастырушылар. Былтырғы селфилердің озғаны – Манделамен қоштасу рәсіміндегі Обаманың «қиқарлығы» еді, естеріңізде болса. Былай қарасаң, әр жылдың өзіне телінген «жыл сөзінің» сол жылдағы адамзаттың даму динамикасын, тыныс-тіршілігін, ілгерілеу не шөгу траекториясын бір сөзбен ұтымды бере алатын құдіреті бар» деп жазды Нұрғиса.
Біз болсақ, әлі күнге «ударный» сөздердің бәрін орысша қолданып келеміз. Ара-арасында «ғаламтор», «үдеріс», «тінтуір» деп аударып алып, өзіміз үркетініміз және бар. «Музей» мен «архивті» жап-жақсы қазақшалап едік, қазір «мұражай» мен «мұрағаттан» қайта аластауға жанталасып жатырмыз. Шынын айтқанда, осы жаңа заманды пайдаланып, қазақтың тілін жаңа сөздермен, жаңа аудармалармен, тіпті жаңа жаргондармен байытып алудың уақыты туып тұр. Оған жұрт алдына жиі шығатын азаматтар себепші болса, қанеки… Әзіл-сықақ театрларының дәуірі ғой, олар осыны халықтық игілікке пайдаланса деген бір тілек біздікі.
«Айқын» газетінен
http://www.aikyn.kz/articles/view/43827