Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне ерекше тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.
Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсетті.
«Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген әңгіменің айтылғанына да біршама уақыт болды. Өйткені біреу ұнатып айтса да, біреу ұнатпай айтса да латын жазуының (графикасының) жайы кез келген адамды толғандырмай қоймайды.
Қазақ жазуына (бір әліпбиді ауыстыру ғана емес) қажет реформа жайлы өз басым аз жазып, аз айтып жүрген жоқпын. Дегенмен, осы мәселенің басы-қасында жүрген маман болғандықтан латын жазуы туралы, жазу реформасына қатысты өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.
Бірінші айтатыным, ерте ме, кеш пе латын жазуына әйтеуір көшетініміз күмәнсіз. Өйткені ол – заман талабы, әлеми ақпараттық кеңістікке көштен қалмай енеміз десек, сондай-ақ күнделікті қолғанат қондырғыларды (оргтехниканы) еркін пайдаланамыз десек, оның басқа жолы жоқ. Бүгін біз көшпегенмен, ертең бізден кейінгі ұрпақ қалай да қалай көшеді, бірақ ол кешеуіл тірлік болар еді. Сондықтан латын қарпіне көшу мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр.
Мен саясаткер емеспін, сондықтан мәселенің саяси астарына соқпаймын, ол жағы мен айтпай-ақ әрбір ұлтжанды қазақтың ойында жүргені анық. Бұл жерде Ресейдің төл жазуынан айырылмай отырғанын алға тартпай-ақ қояйық, оның да бізге белгілі өз сыры бар…
Екінші айтатыным, қадірлі ағайын, қазақ жазуының тағдырын шын сөз еткіміз келсе, ең алдымен қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыс құрамының басын ашып алайықшы… Өйткені көбіміз (тіптен бәріміз) дәл осы мәселеге келгенде шорқақпыз. Оған себеп жылдар бойғы «орыстандыру» саясаты болды. Аға ұрпақтың есінде болар, кезінде «бәріміз түгел орыс тіліне көшсек, коммунизмге тез жетеміз» деп, Кеңес басшыларының бірі тастаған ұранымыз да болған. Ең жанға бататыны, орыс тілінің «игі ықпалы» деген сылтаумен өткен ғасырдың 50-ші жылдары төл сөздеріміздің жазылу емілесіне қосылған и, у тәрізді таңбалар (дыбыс емес) болды. Оқулық пен оқу құралы біткен осы күнге дейін түгел сол жапсырмадан арыла алмай келеді.
Мектептен (тіптен балабақшадан) бастап «қазақ тілінде 42 дыбыс (?) бар» деген тоқпақпен өскен ұрпақтан не сұрайсыз. Өзгені былай қойғанда, қазақ тілінің мұғалім-оқытушыларының өзі осыған ұйып қалған. Сондықтан да мен бүгінгі қазақ әліпбиін «қазақ-орыс», тіптен, керісінше, «орыс-қазақ» әліпбиі деп атауға мәжбүрмін. Өйткені бүгінгі әліпби мен еміле-ереже түгелімен жүйесі (туыстығы) бөлек орыс тілінен келген көшірінді. Дәлел керек пе? Онда кез келген оқулықтың бетін ашыңыз немесе кез келген қазақ тілі кабинетінің босағасын аттаңыз, «қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары» деп 7-8 таңбаны ең көрнекі тұсқа бадырайтып бөліп қояды. Сонда осы бір санаулы дыбыстан басқа қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары болмағаны ғой… Басқаша қалай ұғуға болады?
Осыған орай еске түседі. Осыдан бірер жыл бұрын белгілі бір ақынымыз (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) орталық орыс газетінде бір бетті толық алып, ауыл деген бір сөздің төңірегінде қазақ тілтанымы мен оның мамандарын қазақ тілінің өзімен қоса, өзінің дағдылы әдетінше сыбап өтіп, орыс аудиториясының алдына жығып сап беріпті. Сондағы уәжі үш дауысты дыбысты қатар жазған деген «не сұмдыққа» саяды. Ұмытпасам, қырғыздың айыл, өзбектің ағыл сөздерінің жазылымын мақтап өтеді. Қазақ сөзінің төл дыбыс құрылымын білмеу мен маңдайға жазған орыстақы еміле-ережеден бейхабарлықтың салдары ғой. Болмаса, қырғыздың аЙыл сөзі й дауыссызымен, өзбектің аҒыл сөзі ғ дауыссызымен, қазақтың аУыл (дұрысы – ауұл) сөзі у[w] дауыссызымен (оның жасалым анықтамасы төменде беріледі) бір текті ғой. Әттең, орыстың у дауысты таңбасы бәрімізді естен тандырып, дауыссызымызды дауысты етіп елестетіп тұр ғой. Біз бастан кешіп отырған «көз елес» пен «орыстақы орфографияның» азабы бір бұл емес. Кірме таңбаны (әріпті) қазақтың дыбысы деп өзеурегендерді, олардың ішінде фонетист-мамандар да бар, әлі көп кездестіретін боламыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді де әлі көп еститін боламыз. Құлаққа сіңген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды.
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деп, өзімізді алдаусыратып, жұбатып қоямыз. Сөйтіп, шыдам танытып, шыдас беріп келеміз.
Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан еді. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе
бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.
Қазақтың төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау А.Байтұрсынұлынан басталған болатын. Сол кезде таңба санын қорғаштап Ахаңның «жағасынан алғандар» болған. Оларға Ахаң «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деген екен. Менің де 42 таңбаны байлығымыз деп масаттанып отырған ағайындарымызға айтарым: артық таңбаларды еншілеп кетейін деп отырған ойым жоқ.
Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары: а, ә, б, ғ(-г), д, е, ж, з, й, қ(-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у(w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26(-28) дыбыс. Осы дыбыстардың сыртында қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген у таңбасының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, «ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді [w] дауыссыз дыбысы» болып табылады: ау [aw], ауа [awa], әу [äw], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu],
у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Бұл дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, көріп отырсыздар қазақ тілінде де бар.
Мен латын графикасын тек осы төл дыбыстар үшін ғана құрастырған едім. Ондағы ойым, алдымен қазақ сөзінің үндесім әуезіне лайық әліпби үлгісін дайындап алу болатын. Ондай әліпби, егер қазақ тілінің қамын шын ойласақ, бөгде тілдің дыбыс-таңбасынан арылған таза, қоспасыз болу керек. Ал өзге орыс тілінен енген кірме дыбыстар мен таңбалар жайын, басқа амалдың жоқтығынан, өз алдына шешу керек деп, екінші кезектегі мәселе ретінде ескертіп отыратынмын. Және оның үлгісін алыстан іздемей-ақ, орыстардың өздері көрсетіп отырғанын да еске салып қоятынмын. Мысалы, в-v//ph, ф-f//bh, ц-tc, ч-ch, т.б. Маған сенбесеңіздер, орыс тілінің жазба дерек көздерін ақтарып қараңыздар. Орыстардың өзі халықаралық құжаттарды, әкімшілік-кеңсе аттары мен жарнамаларды латынша беруге мәжбүр болып отырғанын күнде оқып-көріп отырмыз ғой. Соны көре-біле отырып, неге орыстақылықты аспандатып, қазақылықты тұқыртып отырамыз? Жалпы, Ресейдің өзінің кирилшеден айырылмай отырғанын уақытша жайт деп қарау керек.
Сонда бүгінгі қазақ әліпбиі дербес-дербес екі бөліктен тұрады. Төл әліпби өз таңба құрамы және еміле-ережесімен, ал кірме сөздердің жазылуы өз таңба құрамы және еміле-ережесімен тізбектеледі. Өйткені олардың үйлесім тауып, бір шаңырақтың астында басы бірігуі ғылыми тұрғыдан да, қолданба (практикалық) тұрғыдан да мүмкін емес. Бұған дейінгі барлық жарияланымдарымызда оның үлгісін беріп отырған болатынбыз [Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. – Алматы: Арыс, 2007. Б.231. т.б.]. Кестеде тек ұлттық әліпби тізімі тұрады, кестенің сыртында кірме дыбыстардың жазылым еміле-ережесі мен үлгісі беріледі. Бұл – амал жоқтан болып жатқан іс. Ендеше, орыс сөздерін жаза алмай қаламыз деп уайымдап, орыс тілінен айырылса далада қалатындай болып жүрген өз ағайындарымыз үрейленбей-ақ қойсын. Айтылымы орыс үлгісіндегі кірме сөздерден («халықаралық атаулар» деп ат жамылған) әзір құтыла қоймаймыз, сондықтан оның орысша жазылымына көңіл бөлмей отыра да алмаймыз.
Қазақтың төл сөздерінің жазылымына қатысты жаманды-жақсылы әліпби мен еміле-ережеміз өткен ғасырдың ортасына дейін болды. Сол кезде қазақ сөзінің айтылым әуезі, морфем құрамы, буын үлгісі мен тасымал ретіне еш нұқсан келіп көрген емес болатын. Былық сол ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у таңбаларын жазу керек деген «зорлықтан» басталды. Жасыратыны жоқ, кірме таңбалардың орынсыз екенін айтып шырылдаған жанашыр топты алпауыт орыс тілінің «игі ықпалын» қолдаған саясатшыл топ жеңіп шықты. Қазақ сөзінің үндесім айтылымы бейәуезденіп, морфем құрамы сетінеп, буын құрылымы жарықшақтанып, тасымал реті бұзылып сала берді. Тый мен тійдің жазылымын үйлестіре алмай әлек болғанымызға күлеміз бе, әлде жылаймыз ба? Қазіргі ұрпақтың мый деудің орнына ми деп кеткеніне қайғырамыз ба, әлде қуанамыз ба? Қазақ тілінің бастан кешіп отырған тауқыметі бұл екі-үш мысалмен бітпейді.
Ендеше, әрі қарай.
Қазақ жазуындағы кірме таңбаларға қатысты жаңсақтықтардың бәрін термелеп жатудың бұл жерде реті жоқ. Сондықтан оқулықтарда дауыстылардың қатарында жүрген и, у таңбаларына ғана тоқталамыз (я, ю, щ, х, һ таңбаларының жайы осыған ұқсас).
Сонымен, орфографиялық талданым.
Морфем талданым:
-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й» деген ереже қайда қалады?
-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у» деген ереже қайда қалады?
Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у тіркесіп, тұйық рай оқұу жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.
Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз.
Буын талданым:
-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.
-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше, қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.
Тасымал талданым:
-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.
-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, тағы әрі-сәрі боламыз.
Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының күмәнді тұстары көп деген сөз.
Енді дәлелдемеге көшейін.
Қазақ сөзінің құрамындағы кірме и, у, я, ю, щ, һ, х таңбаларының дыбыс мәні жайлы фонетика-фонологиялық тұрғыдан бұған дейін көп жазылған, сондықтан оған тоқталып жатпаймын. Тек қана дыбыс құрамын көрсетіп өтейін.
и –[ый, ій], у – [ұу, үу],
я – [йа, йә], ю – [йұу, йүу],
щ – [шш], һ – [қ], х – [қ]
Кірме әріптердің дыбыс құрамына қарағанда олар екі-үш дербес дыбыстардың тіркесімін (кейде дербес дыбыстың өзін) белгілейтін таңбалар екенін көреміз. Осы кірме әріптердің дыбыс мәнінің дәлелдемесін, бәріне тоқталып жатпай, и мен у таңбаларына ғана қатысты жеке-жеке талдап берейін.
Морфем дәлел. Тіркесімнің екінші сыңарының морфологиялық қызметін өзге морфем бірліктерімен салыстырып барып аңғаруға болады:
оқы – л [oqu — l] оқы – п [oqu — p] оқы – с [oqu — s]
оқы – й [oqu — y] оқы – у [oqu — w]
Осында оқыл дегендегі дауыссыз л[l] – ырықсыз етіс көрсеткіші, оқып дегендегі дауыссыз п[p] – көсемше көрсеткіші, оқыс дегендегі дауыссыз с[s] – ортақ етіс көрсеткіші ретіндегі морфологиялық қызмет, оқи дегендегі дауыссыз й[y] – көсемше көрсеткішіне, оқу дегендегі дауыссыз у[w] – тұйық рай көрсеткішіне де тән екенін көреміз. Тілдік (морфологиялық) қызмет осындағы [l], [p], [s], [y], [w] дауыссыздарына бірыңғай тән. Ендеше и, у таңбаларын дауысты деп шатаспауымыз керек.
Буын дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары, қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді, буынның құрамды бөлігі болып табылады:
қыр – қы+р [qɪ-r] тіc – ті+c [ti-s] ұл – ұ+л [u-l]
қи – қы+й [qɪ-y] ти – ті+й [ti-y] у – ұ+у [u-w]
Осындағы [r], [s], [l], [y], [w] дауыссыздары буынның соңғы сыңары ретінде бірдей жұмсалып отыр.
Тасымал дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді тасымал жігін көрсетеді:
тыным – ты-ным шіре – ші-ре
тиым – ты-йым шие – ші-йе
құсы – құ-сы елігі – е-лі-гі
қуы – құ-уы елуі – е-лі-уі
Осындағы [n], [r], [y], [s], [g], [w] дыбыстары дауыссыз болғандықтан сөз ішіндегі буынның бас шебінде тұр. Сөйтіп, сөз соңындағы бейтәртіп тұйық буын мен дауысты буыннан құтыламыз.
Олай болса, дауысты и, у деп жүргеніміз екі дыбыстың тіркесімін белгілейтін таңба (!) екен.
Жазу реформасының реті бірнеше сатыдан тұру керек. Соның ең бастысы алдымен, кешіріңіздер, «сауат ашып» алу. Арамызда «Астапыралла, неғылған сауат ашу, мектеп түгілі қалтамда қос институттың дипломы бар» деп қалатындар табылып қалатыны сөзсіз. Дегенмен, сабыр-сабыр. Сөз жоқ, ми [mi] емес, мый [mɪy] екенін, су [su] емес, сұу [suw] екенін, ащы емес ашшы, т.с.с. екенін көбіміз біле бермейміз (ұмытып қалдық немесе ұмыттырып жіберді). Бұлар – ең қарапайым мысалдар. Мұндай мысалдардың тілімізде ұшы-қиыры жоқ. «Сауатсыз» болып қалғанымызға да біз кінәлі емеспіз, бізді солай сауатсыз етті. Немесе қазақтың еркін тыныспен айтылатын сәнді ашшы, тұшшы, кешше сөздеріндегі қос дыбыстың орнына төркіні бөлек тұншығыңқы щ дыбысын қойып айта алатын қазақ табылар ма екен? Бар болғаны үш сөздің ерсі жазылымына бола басы артық еміле-ереже алып, бас қатырып отырғанымызды қозғамай-ақ қойдық.
Ендеше, алдымен сабыр сақтап, сауат ашып алуымыз керек. Сонан соң барып жазу реформасын, оның ішінде әліпби ауыстыру да бар, бастау керек.
Осы саланың білікті мамандарының бірі Серік Ерғали ініміз www.abai.kz сайтында менің әліпби жобамды жариялап жіберген екен. Інімізге рақметтен басқа айтарым жоқ. Жоба едәуір пікір таласын тудырыпты: қолдап жатқандар да бар, қорлап, намысқа тиіп жатқандар тағы жоқ емес. Көпшілік болған соң әрнәрсені күтуге болады. Дегенмен, қолдаушылар жағының басым екендігі көңілге демеу.
Ұсынылған әліпби «Ұлттық жоба» деп аталады, өйткені ол ұлт жазуына арналған. Сайтта берілген жоба көшірмесінде бірер жаңсақтық кетіп қалыпты: і таңбасы қос нүктелі ï болып кетіпті, ал ұ және ү дыбыстарына ü деп бір-ақ таңба беріліп кетіпті. Соның салдарынан оқырмандар арасында «бұл қалай» деген түсінбестік орын алған.
Әліпби «Жоба» деп аталады, ендеше ол біткен жұмыс болып саналмайды. «Жоба» деген түзетілуі мүмкін, жетілдірілуі мүмкін, тіптен, қабылданбай да қалады. Сондықтан «Жобаға» тек ұсыныс деп қана қарау керек. «Жоба» қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал шегін бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар жаңсақ еміле-ереже туындамайды.
«Жобаға» ақыл қосатын тұстары да жоқ емес. Мүмкін қос нүкте мен қанатшаның орнына бір ғана көлденең сызықша жүргізе салған әдістемелік тұрғыдан (қол жаттығу) ұтымды болар ма еді? Еміле-ереже құрастыру үстінде де ақылдасып шешетін жайттар бар.
Әлеми жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен қарастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы Кеңес түркі республикаларында (оның қақ төрінде өзіміз бармыз) ғана болды. Мысалы, орыс тілінен ц, ч, т.б. дыбыстарын қабылдап, ц, ч, т.б. таңбаларын қоса алып отырдық.
Қазіргі еуропалық елдер де орыс сөздерін жазып-сызуға мәжбүр болып отыр, бірақ олар ц дыбысын tc деп, ч дыбысын ch деп латын әліпби үлгісімен жазу амалын тауыпты. Бұл амал теория-практикалық тұрғыдан әбден сыннан өткен. Орыстардың өзі жатсынбай қабылдады.
Ендеше, бір сәт ағылшын жазуының үлгісіне жүгініп көрейік. Ағылшын тілінде 48 дыбыс бар, бірақ әліпби тізбегінде 48 таңба жоқ, бар болғаны 26 таңба. Сонда қалған 22 дыбыстың жазылымы еміле-ережемен реттеледі. Олай болса, «орыс-қазақ» әліпбиінің құрамынан шығара алмай отырған кірме дыбыстардың жазылымын осы ретпен жөнге салуға әбден болады: ф-f//ph,
в-v//bh, ц-tc, ч-ch, х-kh, т.с.с. «Қимай» отырған кез келген кірме сөзді жазып, оқып кете берудің еш қиыншылығы болмайды. Алайда бұл таңбалар, ағылшын тәжірибесімен, қазақ тілінің әліпби тізбегінде тұрмайды. Phonetik(a), tcekh деп жаза береміз, бірақ ph, tc, kh деп әліпби тізіміне кіргізе алмаймыз. Бұл біз ойлап тапқан ұстаным емес, әлеми жазу тәжірибесі. Ал [i], [u] таңбаларының қазақы және халықаралық оқылымының жайын әлі де болса ойлануға тура келеді, бұл жерде шешілмей тұрған едәуір қиындық бар екені рас.
Қазіргі орыс айтылымындағы сөздерді «Ұлттық жобаның» негізінде жазып көрсетіп («федерация-ны п[p]-мен жазамыз ба?» деп), жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, мазақ қып жүрген орыстілді ағайындарымыз тағы бар. Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса амал қанша.
Кірме дыбыстардың жазылымы өз алдына шешілу керек дей беретінім сондықтан. Орыс айтылымындағы халықаралық сөздердің жазылымын алға тартып, айбат шегіп отырған ағайындарымыздың тынышталуына болады.
Жазу реформасын тәуекел деп бастау ғана қалды. Өйткені реформаның оңайы болмайды: саяси реформа, әкімшілік реформа, қаражат реформасы және т.б. Алайда бұл реформалар жоғары билікте орындалады да төменгі көпшілік оның дайын нәтижесін ғана алады. Сөйтіп, бұқара көпшілік реформа ауырлығын сезбейді. Ал жазу реформасының қиыншылығын сауат ашуды бастаған баладан бастап, демалыстағы зейнеткерге дейін әрқайсысы өз жеке басынан өткереді. Жазу реформасының өзге реформалардан ерекшелігі де, міне, осында. Сондықтан да жазу реформасына тәуекел деп кірісудің алдында сабыр сақтау керек болады. Мақсат – қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны – қазақ сөзінің айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру.
Ол үшін (дайындық реті):
– бірінші, «сауат ашып алу» керек, көпшілік үшін қазақ мәтінінің «әліпби дыбыс жазбасын (транскрипциясын)» дайындау. Қазақ сөзі ми емес мый, су емес сұу, у емес ұу, и емес ій, ки емес кій, ит емес ійт, ою емес ойұу, сүю емес сүйүу, ащы емес ашшы, хат-хабар емес қат-қабар, жиһаз емес жиқаз, құлын емес құлұн, жүрек емес жүрөк екеніне көз жеткізіп, көңілге қондыру қиынның-қиыны болады (х, һ таңбаларын жасанды дыбыстап жатамыз, бірақ ол тіл заңдылығына жатпайды);
– екінші, «әліпби дыбыс жазбасына» лайық морфем, буын, тасымал емле-ережелерін қайта дайындау (өзгерістер енгізу);
– үшінші, қазақ тілінің төл дыбыстарына (кірме дыбыстар да қалып қоймасын) берілген балама латын таңбаларына көз үйретіп, қол жаттықтыру;
– төртінші, содан кейін барып, латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына ырғалып-жырғалмай, жүрексініп-тартынбай, уақыт оздырмай жаппай көшу.
Жазу реформасын игеру үшін көпшілік бұқараға бір жылдың ар жақ бер жағы жетіп жатыр. Ал мектеп және өзге оқу орындары үшін жазба құралдарының дайындығына кететін уақытты есепке алуға тура келеді. Дегенмен, бұрынғыдай қорғасын сапырып, тарсыл-гүрсіл боп жатқан баспаханалар жоқ, компьютердің кілтімен кирилшеден латыншаға қас қағымда аударып алуға болады ғой. Ағылшын тілін жаппай оқып жатқан балаларға қазақ латыншасына жаттығу қиындық туғызбайды. Ең маңызды мәселелердің тағы бірі… Әліпби ауыстыру әңгімесі көтерілгелі бері жүзге тарта жобадан хабардармын. Әліпбиін заңдастырып, куәлік қағазын (патентін) жалаулатып, әліпбиіне өз атын беріп жүргендерді де көрдім. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей-ақ жоба ұсынып жатқандар бар, таңба мен дыбысты шатыстырып алып, жоба ұсынып жатқандар тағы бар, 42 кирилді 26 түймешеге қалай сыйдырамын деп әлек болып жатқандар да жоқ емес. Әлемдік жазу дәстүрі мен ұстанымынан бейхабарлық көпшілігіне тән. Соның нәтижесінде таңба құрамында бірізділік пен жүйе жоқ, сөздің оқылым-жазылымында әдістемелік қайшылық көп.
Соған қарамай, әркімнің өз әліпбиі – озық, өз уәжі – басым, пендәуи тірлікке төрелік жүрмейді. Ендеше, менің де өз уәжім жоқ емес: қазақта «шымшық (бөдене, тауық деп те айтады) сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Олай болса, қорытынды сөзді тілтаным мамандары, оның ішінде фонетистер айту керек деп ойлаймын.
«Мұның бәрін не үшін айтып отырсың?» дерсіз… Ертең әліпби бәйгесі басталды дейік. Қазақы дәстүрде бәйгеге ат қоспа дейтін тыйым жоқ. Әркімнің өз әліпбиі әдемі, сондықтан әліпби науқанына жоба авторларының түгел қатысатынына күмән жоқ. Солай болғаны да дұрыс шығар. Бірақ жазу жарысы (реформасы) тек әліпби бәсекесіне айналып кетпеу керек.
Бәйгенің аты бәйге… Ат қосар межесі, шауып өтер жолы, барып жетер қарауылы анық-айқын болмаса, ауыл балаларының апыр-топыр шаң қапқан жаяу жарысына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан байыпты ұсыныстарды қолдайтын, аптықпай, асығыстыққа сабыр айтатын, үстірт қарауға тыйым салатын, турасын айтқанда, шылбыр мен тізгінді қоса ұстаған билік керек.
Жоғарыда айттық, латын таңбасы болашақ ұрпақ үшін керек. Ал бірақ сол келесі ұрпақтың еншісіне қазақ тілінің төл дыбыс құрамын айқын түгендеп, әліпби үлгісін соған лайық ықшамдап, еміле-ережесін реттеп беріп, «өзіңдікі мынау, өзгенікі анау» деп жөн-жобасын сілтеп кету тілтаным мамандарының борышы болу керек қой. Жаңа ұрпақ бүгінгі біз сықылды «дүбара» жазудың шытырман торында адасып-шатасып жүрмес еді.
Күдік те жоқ емес: бүгінгі жазу тәрбиесімен өскен бір ұрпақ ауысса, үндесім әуезді қазақ тілінің жайы не болмақ екен.
Сөз соңында айтарым, біреулер қазақ тілі «дамып, кірме таңба, дыбыстармен байып жатыр» деп қоқан-лоқы көрсетеді, біреулер жазудағы «таңба үнемін» алға тартып, тапқырлық көрсетеді, біреулер қаражат шығынымен қорқытады, біреулер орыс үлгідегі атау, терминдер байлығын қимайды, іздей берсе бітпес іске себеп көп. Алайда қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын мен тасымал жігін бұзатын дыбыс байлығының, таңба үнемінің, қаражат сараңдығының, орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сыңар жақ атау, терминдерді қимаушылықтың не қажеті бар?
Бұл сұраққа менің жауабым әңгіме түрінде болса да айтылды. Ал көпшілік оқырман не дерін өзі білсін.
Әлімхан Жүнісбек,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
«Ана тілі» 26.12.2012