Қазақ әдебиетіне «теңіз жыршысы» деген атпен енген Әнес Сарай еңбек жолын журналист болып бастап, прозадан тарихқа, ғылыми тарихқа ауыса отырып, дара соқпақ, сара жол қалыптастыра білді. Жақында біз Әнес ағамен әңгімелескен едік.
– Сіз «Қазақтың аталы сөзiне қазақтың жаны, ойы, философиясы, тұрмыс қағидаларының барлығы сыйған… Аталы сөздi түсiнетiн, оған мән беретiн, көзi ашық, санасы ояу ұрпақ азайды. Соны уайым етуге болады» дейсіз. Сіз айтқан көкірек көзі соқыр, санасы таяз ұрпақ қайдан, қалай қалыптасты?
– Біздің қазақ сан ғасырлар көп қиындық көрді. Бірнеше рет өзінің элитасынан айырылды. Кешегі отаршыл заманда көп ұлыларымыздан айырылдық. Отаршылдармен текетіресте арғыны айтпағанның өзінде Исатай, Махамбет, Көтібар, Иса, Досан, олармен үзеңгілес даланың сөз бастаса шешен, ел бастаса көсем, қол бастаса батыр – Кенесары, Наурызбай сынды ұлдарынан айырылдық. Бұлардың барлығын жоғалту қазақтың элитасына, тамырына шабылған балта болатын. Ол кешегі 37-де тағы да жайпап кетті. Одан кейінгі соғыс та қазақ халқының оқыған, елін сүйген, ұлтының қамын жеген ұлыларының бәрін алып кетті.
Қазіргі жүрген оқыған дейтін, зиялы дейтін қауым өзі үзіліп барып қайта жалғанған ұрпақ. Біз шындығында топырақ пен күлден қайта жаралған адамдармыз. Сондықтан, оларды жоқтан бар болған ұрпақ деп ойлаймын. Сондықтан, оның бойында кемістік бар. Өте көп кемістік бар. Шындықты айта алмайтын кемістік бар. Жалтақтық кемістік бар. Терең оқымаған, дүниені терең пайымдамаған кемістік бар. Осы кемістіктер жиналып келіп бір кездері мәңгүрттікке әкеліп соқса, одан кейін де алысқа кете қойған жоқпыз. Ойымыздың таяздығы, көкжиегіміздің тарлығы, ойлау қабілетіміздегі кінәраттардың барлығы осыдан. Тарихты пайымдағанда, өмірді пайымдағанда көбіне дарақымыз. Кішкентай нәрсені дабыралап, бүкіл дүниенің бәрін бітіріп тастағандай сезінеміз. Бұның барлығы тек даңғойлықтың басы ғана.
– Бұдан қалай құтыламыз?
– Енді, бұдан бүгін, ертең құтыла алмайсың. Ол үшін жылдар керек. Ондаған жылдар керек. «Ұлт болам десең, бесiгiңдi түзе», деп кетті кеше Мұхтарлар. Мен, «Шырақтарым, мына, біз сияқты бойына коммунистік тәрбиеден сіңген ойы, өмірлік қағидалары былқ-сылқ еткен, ойымызды өзгерте салуға бейім, жанымыз бөлшектенген, «раздвоение, разтроение» ұрпақты жөнге саламын деп арам тер болмаңдар» дер едім. Жас ұрпақты, жаңа өсіп келе жатқан, жаңа тәй-тәй тұрған, жаңа мектепке барған ұрпақты қолдан шығарып алмау керек. Солардан үмітім бар.
– Сіз айтқандай, сол жас ұрпақты қолдан шығарып алмау керек еді. Бірақ, қазір қазақтың жан дүниесі, руханияты, болмысы екіұдай күйде. Ұрпақ екіұдай күйде. Бұл қашанға дейін созылар екен. Ең соңында қазақ опық жеп жүрмей ме?
– Оған амал жоқ. Ол – кешегі күннің сарқыншағы. Оны тамырымен жұлып тастай алмайсың. Бірақ жаны қазақ, қаны қазақ ұрпаққа сенуге болады. Жастар қазір сөзге сенбейді. Сөздің парқына барғанымен, сенбейді. Айтқаныңа күмәнмен қарайды.
– Тәуелсіздік алдық. 21 жыл азат елміз. Кешегі тәй-тәй басқан бала, қазір 20-21 жастағы нағыз азамат шағы. Солай бола тұра, тәуелсіз 20 жылда тек қазақ тілінің өзі қазақтың «ақылы, ойы, жүрегі» бола алмай отыр? Иә, Петр Своик…
– Жоқ. Ондайлар бізге қоқан-лоқы көрсетіп, бізді қорқытып, үркітпей-ақ қойсын. Қазақ тілі өзінің қуатына келеді. Қазақ тілі өз мәртебесіне жетеді. Сол кезде бұл пластинка өзгереді, оп-оңай өзгереді. Жаны жаралы, сырты бүтін, іші түтін бұл ұрпақтың, халықтың маңдайынан сипайтын, арқасынан қағатын ағалар көп керек. Себебі, бұл халық өмірден теперіш көрген, жоғалып барып тірілген халық. Біз орыстың ықпалынан алыстауымыз керек еді. Алыстаудың бір қадамы ретінде латынға көшкеніміз абзал болар ма еді. Мен байқаймын, бұл іргелес көршіміз бұрын кішкене абдырап, сасып қалған еді. Қазір саясатын түзеп алып, ішімізге еніп келе жатыр. Сондықтан олардың кирилицасынан кетіп, латынға көшкен дұрыс болар еді. Бұл халықаралық коммуникациядағы біліктілігімізге септігін тигізер еді.
– Сіздіңше, ХХІ ғасыр қазағының рухани-мәдени деңгейі, мазмұны қандай болуы керек? Неге біз кешегі Алаштың заңды жалғасы деңгейіне көтеріле алмай отырмыз?
– Алаш рухын ардақтауда, асқақтатуда әлі ақсап жатқанымыз жасырын емес. Атап айтар болсақ, “Алаш” ұлттық-демократиялық партиясы мен “Алашорда” мемлекетiнiң – 95, ал Жаһанша Досмұхамедұлының – 125, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 140, ал ағартушы жасаған әлiпбиге – 100 жыл, әрі қарай жалғастыра беруге де болар еді…
Қазақ мемлекеті қалай болуы керек? Алаш қозғалысы, Алашорда, Алаш партиясы, соның негізін қалап, негізгі біртұтас идеясын соқырға таяқ ұстатқандай анық жасап кетті. Біз сол жолмен жүрсек, адаспаймыз. Күнделікті қарым-қатынас, алыс-беріс, саясат уақыт өткен сайын дами түседі. Бірақ, Алаш көсемдерінің ұстанымы біздің елдік қағидамыздың өзегі, тамыры, діңі болуы керек еді. Алаш көсемдері қазақты жанымен жақсы көрді. Қазақ үшін жанын берді. Алаш арыстарын бірін-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Олардың мақсаттары, мүдделері бір болатын. Ол халқымыздың ояну кезі еді. Мемлекеттікке ашық ұмтылған кезі еді. Сол кездегі идеология, бағдарлама дәл қазір де біздің шамшырағымыз, бағыт-бағдарымыз болуы керек еді. Сонда біз төрт аяғымыздан тең тұрар едік.
Ұлы заңдар, бағдарламалар бір-ақ рет жасалады. Американың кезінде жасалған заңнамасы өзгеріссіз, ғасырлар бойы жасап келе жатыр. Сол сияқты Алаш көсемдерінің де заңнамасы мәңгілік. Сондықтан, үкімет неге жасамады, анау неге олай, мынау неге бұлай демей әрқайсымыздың жүрегімізде Алашқа тағзым өлмеуі керек. Азат жылдарда аз да болса Алаш рухы бойымызға сіңді. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Халықтың бойында Алаш рухы өшкен жоқ, оны ары қарай дамыту керек-ақ.
– Әнес аға, қазіргі қазақ драматургиясы туралы да сұрағым келіп отыр.
– Қазіргі қазақ драматургиясы – орташа деңгейдегі драматургия. Оны дамыту үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Ұйымдастыру жұмыстары мен ниет дұрыс болса болғаны. Мемлекеттің, ұлттың өсіп, өркендеу жолы жазушыларсыз, ақын, актерлерсіз болмайды. Мен 20 жыл бойы «Америка» деген журналды жаздырып алып, оқыған адаммын. Сонда түсінгенім, Америкада рухани өмір біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша. Өте озық. Тек Лос-Анджелестің өзінде 64 театр бар екен. Сол театрларда екі-екіден драматург бар. Сонда бір қаланың театрында 120-130 жазушы-драматург қызмет істейді деген сөз. Бұл – мемлекет үшін жазушының қаншалықты қажет екендігінің айғағы. Рухсыз деген Американың өзінде театрды ұйымдастырып, оның таным тамырын бүкіл жас ұрпаққа, ортаңғы ұрпаққа әсер ету тетіктерін күнбе күн зерттеп, безбенге салып, қайсысына қандай шығарма керек деп театрлардың көрерменін сараптап отырған жазушы-драматургтар. Сондықтан оларда театр дамыды. Оларда театр барлық жанрды қамтиды. Біздегідей бір қойылыммен отыратын заман өтіп кеткен. Театрды рухани азық ретінде пайдалану керек. Театр билік пен халықтың арасын жалғауы керек. Қоғамның өзекті ойы театр арқылы, сахна арқылы айтылуы керек.
– Өзіңіз қазақ үшін не істей алдым, тағы не істеуім керек деп ойлайсыз?
– Мен негізі прозаикпын ғой. Соңғы 20-25 жылдай қазақ тарихының бүге-шігесін зерттеп, 10-15 жыл көлемінде 5 кітап жаздым. Қазір сол тарихты бұрмалап, кез келген адам өзінше тарих жазып, өз ауылынан, руынан 10-15 батыр шығарып, атақты нояндар шығарып, арам-тер болып, мақтанып жүрміз. Тарихты бүлдіруге әуестігіміз өте күшті. Қазақ тарихында ақтаңдақ беттер өте көп. Басқаны айтпағанның өзінде, зерттеу, зерделеу нәтижесінде менің түсінгенім, қалмақ қырғыны, жоңғармен соғысымыз толық айтылмаған, көп жері қалып қойған. Қалмақтың қазақ еліне шабуылы 1607 жылы басталды. 1607-1723 жылдың арасындағы 120 жылдық соғыс тарихымыз ұмытылған. Бұлардың барлығын қалпына келтіру керек. Бұл шындық халық үшін керек. Тарихты зерттеу, түгендеу деген инемен құдық қазғандай қиын. Ондаған құжаттарды салыстырып барып қана ішінен бір шындықты аласың. Өздерің де білесіңдер, «Еділ-Жайық», «Атырау», «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Көк түріктері», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет» сынды еңбектер жаздым. Оқырман жылы қабылдады.
– Яғни, біздің тарихымыздың оқырманға, халыққа жетпей жатқан тұстары өте көп. Соны халықпен қалай қауыштыруға болады? Мүмкін тарих оқулықтарын түгелдей қайта жазып шығу керек шығар.
– Түгелдей қайта жазып шығу керек-ақ.
– Мысалы, біз қазақ хандығын, қазақ мемлекеттілігін Керей-Жәнібектен бастап жүрміз. Шындығында қазақтың тұңғыш ханы Орыс хан деген пікір де бар.
– «Қазақ хандарының атасы немесе қазақтың алғашқы ханы кім?» деген мәселеде ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен белгілі тарихшылар Хаммер, Левшин, Шоқан Уәлиханов бір ауыздан Орыс ханды қазақ хандарының атасы деп, бір тоқтамға келген. Орыс хан Ақ Орданың билігіне келуімен Ақ Орда тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақтың жер кіндігіндегі Сығанақты мемлекеттің астанасы етті. Хан ордасын тікті. Ордада Ақ Орданың ақ туы көтерілді. Қазақтың алғашқы армиясы – Алаш мыңдығы осында жасақталды. Яғни, Қазақ хандарының атасы Орыс хан болса, ол билеген Ақ Орда неге Қазақ мемлекеті емес?! Егер мұны мойындасақ, қазақ мемлекеттілігі тарихы әдетте айтып жүргендегімізден 100 жылға ұзармақ екен… Осының бәрін ұрпақ санасына қалай жеткізуіміз, сіңіруіміз керек? Біз қазір балаға не оқытамыз деген сұрақ көлденең тартылғанда, расында да тарихты санаға сіңірген дұрыс болар еді.
Қазақ хандары Керей-Жәнібек деген бәтуә қалыптасып кеткенімен, қазақ хандарының атасы Орыс хан деп отырғаның дұрыс.
Менің зерттеу, түгендеу идеям одан да терең. Біздің тарихымыз, тамырымыз анау Түрік қағанаты. Одан әрі қарай 552 жыл алғашқы Түрік қағандығының тарих сахнасына шыққан кезінен бастасақ та қателеспес едік деп ойлаймын.
– Ұрпақ санасына, оқушының тұла бойына сіңіруге тиіс қаншама құндылықтарымыз бар. Әлемдік білім нәрімен сусындатамыз деп, жас ұрпақтың дүниетанымына оңды-солды әрнені тықпалап жатамыз. Әлі күнге дейін ата тарихымызды ауызға алмай, алдымен орысша, ағылшынша сайрағанына мәз боламыз. Білім тілдің ұшында емес, ой түбінде болуы керек қой.
– Біз әлі күнге дейін оқушыны, оқулықты бір мақсатқа бағыттап ала алған жоқпыз. Бірақ ағылшын тілін жанталаса оқытып, 1 сынып, тіпті, балабақшадан бастап үйретуге тым әуес болып отырмыз. Ағылшын тілін үйрену керек. Бірақ әр нәрсенің өз «нормасы» болғаны жөн. Қазақ баласының санасын 5-ші сыныпқа дейін бөтен нәрсемен «былғамау» керек. 5-ші сыныпқа дейін таза саф күйінде өз ұлтының, қазақ халқының болмыс-бітімін, рухани жандүниесін, қазақ тілінің қуат, нәрін бойына сіңіруі керек. Одан кейін ол баланы ештеңемен ала алмайсың. 5-ші сыныптан кейін басқа әлеммен таныса берсін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.
«Егемен Қазақстан» 20.11.2012