«Қазақстан халқы ассамблеясының қоры» қоғамдық қорының «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ықпалдастық: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты Халықаралық жобаның жабылуы, жас ғалымдар мен магистранттарға арналған ғылыми және әлеуметтік маңызы бар жобалардың белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімі болып өтті.
Осы жылдың маусым айы мен қыркүйек айының арасында Кемер (Түркия) қаласында өткен жоба бағдарламасында жаздық тіл мектебі: «Тілдарын» әдістемесі бойынша жеделдетіп қазақ тілін оқыту және Дмитрий Петровтың авторлық әдістемесі бойынша ағылшын тілін оқыту курстары, жаздық көшбасшылық мектеп: жастардың және басқарушылардың көшбасшылық әлеуетін ашуға бағытталған тренингтер, жаздық ғылыми-зерттеу академиясы: бірнеше бағыт бойынша жас ғалымдар мен магистранттарға арналған ғылыми және әлеуеметтік маңызы бар жобалар байқауы ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ жоба аясында «Түркітану және мәдениетаралық диалог» атты сараптамалық симпозиум, «Болон процесі — тәжірибе мен болашақ» атты халықаралық конференция, «Тіл — азаматтық қоғамды біріктіруші фактор» атты халықаралық форум, «Инновациялық технологиялар арқылы тілдерді жеделдетіп оқыту» тақырыбында халықаралық семинар, жобаның мәдениеттік құрылымы бойынша қазақстандық және шетелдік кинематографистердің тарихи және өмірбаяндық деректі фильмдері көрсетіліп, халықаралық қауымдастық сыйлығының лауреаты Серікжан Есжановтың «Мәдениет арқылы өмір» көрмесі, Ресей жазушысы, «Мәдениет» арнасының тележүргізушісі Олег Шишкинмен кездесу өткізілген болатын. Өз елімізден, Түркия, Ресей, Чехия секілді алыс-жақын шетелдерден 800-ден астам қатысушылар тіркелген ауқымды жоба Қазақстан тарапынан шетелде алғашқы рет ұйымдастырылып отырған білім жобасы болуымен де маңызды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба өзіне мемлекеттік тілдің функционалдық белсенділігін кеңейту, этносаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриоттық, отансүйгіштік сезімді жетілдіруді мақсат тұта отырып, толеранттылық — қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін халықаралық аренада насихаттауды, түркі әлемінің мәдени мұрасын және тарихын зерттеуді, «Тілдарын» тілдерді жеделдетіп оқытудың инновациялық әдістемесін кеңірек таратуды міндеттейді.
Әлемдік есімі бар ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері этномәдени бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттері, оқушылар, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері, блоггерлер мен журналистер қатысқан «Ықпалдастық: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» жобасын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Қазақстанның Даму Банкі АҚ қаржыландырған болатын.
Ерлан ТӨСБАЙҰЛЫ
Астана
«Айқын» газеті 26.10.12.