Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының ұйымдастыруымен «Тілдерді жеделдете оқытуға арналған инновациялық және интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар басталды. Аталған шараға шетелден арнайы шақыртылған тіл мамандары мен еліміздің жексенбілік мектептерінде жұмыс істейтін оқытушылары қатысуда.
Семинар барысында ел және шетел мамандары тілді оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерімен танысып, өзара тәжірибе алмаспақ. Осыған орай мұғалімдерге Латвия университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Маргарита Гаврилина, филология ғылымдарының докторы, доцент Гауһар Әлімжанова, педагогика ғылымдарының докторы Төкен Жұмажанова дәріс оқиды.
«EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев: «Бұл шараға қазақ тілін дамытуға үлкен үлесін қосып жүрген ұлттық орталықтардың мамандары қатысып жатыр. Бүгінгі семинар мұғалімдеріміздің жаңа әдісті меңгеріп, заманауи технология тілін үйренуіне мол мүмкіндік береді. Тілді үйретудің әлемде түрлі технологиялары мен әдіс-тәсілі бар. Бұл технология адамның тілдік кедергілерді оңай еңсеріп, тез үйренуіне септігін тигізеді. Ал бұл шараға Латвиядан арнайы келген тіл маманы Маргарита Гаврилина өзінің тәжірибесімен бөлісіп, оқытушыларға тілді оқытудың үздік жобасын ұсынады.
Сондай-ақ еліміздің білікті ғалымдары да дәріс оқып, қазақ тілінің деңгейінің көтерілуіне атсалысады. Бұрындары қазақтілді сөздіктер мен оқулықтардың жоқтығы тілді үйренушілерге кедергі болған. Қазір жағдай өзгерді. Семинар аясында ұйымдастырылған көрмеге еліміздің әр өңірінен келген ұстаздар оқу-әдістемелік кітаптарын ала келген. Бұл ұстаздарымыз бен тіл үйренушілерге толықтай жағдай жасалғандығын көрсетеді. Сонымен бірге әлем әдебиеті, шетелдің балаларға арналған кітаптары қазақ тіліне аударылып, пайдалануға ұсынылды. Мұның өзін үлкен жетістік деп білемін. Шыны керек, соңғы жылдары қазақ тіліне деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Тілді үйренем деушілердің арасында өзге ұлттың өкілдері де жетерлік. Өткізіліп жатқан семинардың маңызы зор», — деді.
Осымен үшінші мәрте қазақ жеріне келіп, еліміздің мамандарымен тәжірибе алмасып жүрген Маргарита Гаврилина осы шараға қатысты ойын былай түйді: «Қазақстан — тілге үлкен мән беретін елдің бірі. 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл семинарға қатысу мен үшін мәртебе. Өйткені жиынға қатысатын әрбір адам тіліне үлкен құрметпен қарайды. Олардың барлығы мұнда тілдің деңгейін көтеру үшін жүр. Мен осындай мамандармен тәжірибе алмасып жүргенім үшін қуаныштымын».
Семинарға сонымен бірге 18 ұлттық мәдени орталықтың мұғалімдері қатысуда. Шешен ұлттық мектебінің ұстазы Асламбекова Бэлла Әлиқызы: «Құдайға шүкір, еліміз тыныш, аспанымыз ашық. Тіл үйренем деушілер саны күн өткен сайын артып келеді. Әсіресе, тілді үйренуге жас қазақстандықтар құлшыныс білдіруде. Тәуелсіз елдің жастары өз тілін қалай құрметтемесін?! Ұлттық мектептерде тіл үйреніп жүрген талай ұлттың өкілі бар. Олардың барлығы дерлік қазақ тіліне құрметпен қарайды. Мен де өз тіліммен қоса өзге тілдерді де қадірлеймін. Бұл — менің ұстаздық әрі азаматтық парызым» дейді оқытушы.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
«Айқын» газетінен
10.11.2012