Тіл мәселесі – қай кезде де, қандай болмасын қоғамдық құрылыс тұсында да тұғырынан түспеген, әлі де түспейтін толғақты тақырыптардың бірі. Өйткені, тіл – ұлт ұғымын анықтайтын алғышарттың айрықшасы әрі асқағы.
Ал, енді, кез келген дау-дамайын жалғыз ауыз сөзбен шешкен жұртымыздың далалық демократиясындағы қасиетті де қасіретті тілінің жөні тіпті бөлек. Әуелгіде отарлық – озбырлық пиғылда болған патшалы Ресейдің, кейіннен кеудемсоқ коммунистік идеологияның қыспағында қалып, қауқарсыз күй кешкен қазақ тілі «мың өліп, мың тірілген» соқтықпалы- соқпақты сүрлеуге түсті. Дей тұрғанмен де, сол бір алмағайып кезеңнің өзінде талпыныс танытып бақты. Алғашқы қарабайыр да болса, қажетті қадамдар сонау 1921 жылдың өзінде-ақ жасалған. Әрі әжептәуір шаралар жүзеге асырылған. Амал не, келе-келе сиырқұймышақтанып барып, аяқсыз қалған.
Одан кейін де, атап айтқанда, 1957 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі қазақ тілінде іс жүргізу жөнінде тағы да арнайы шешім қабылдаған. Өз кезеңіндегі осы бағалы бастама да әуелде қызу қолға алынып, кейіннен бәсең тартады да, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында мүлде саябырсып кетеді.
Әлбетте, бар кінәні келмеске кеткен кертартпа жүйенің мойнына арта салуға да болады. Алайда, байыпты барлауға бармай, бірден ақталудың амалын іздеу де абырой әпере қоймасы анық. Аңсап жеткен азаттық, тегеурінді тәуелсіздігіміз туған тілімізді өз тұғырына қондырды. Қазақтың қара қылды қақ жарған қайсар тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, еңсесін тіктеді. Осындайда Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», деген дара даналығы ойға оралады. Оған заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің: «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды», делінген қанатты қағидасын қосыңыз. Ендеше, ана тілінде іс қағаздарын дұрыс жүргізіп, әртүрлі құжаттарды сауатты жазудың ел мәдениетінің ғана емес, сонымен қатар қай өркениетті қоғам мен мықты деген мемлекеттің де жалпы даму деңгейінің көрнекті көрсеткіші екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Бұл мәселе қазір де күн тәртібінен түскен емес. Тіліміз уақыт өткен сайын ұлықтанып, қанатын кеңге жая түсуде. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасиетті де қасіретті қазақ тілінің қазіргі халі мен болашағына қалтқысыз қамқорлықпен қарайтындығында. Ондай ерен ерекшелік қол астында қызмет атқаратын біздерге ғана емес, қалың жұртшылыққа да жақсы белгілі. Елбасының бүгінде ел арасына кеңінен таралып кеткен «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» дегеннен бастап, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенге дейінгі аралықтағы алуан түрлі қанатты қағидалары осының айқын айғағы.
Тағы бір арнайы айтатын нәрсе, Мемлекет басшысы – ресми іскерлік сөздерді жақсы білумен бірге, қазақ тілінің бейнелі болмысын да мейлінше меңгерген. Ол кісінің қандайда бір алқалы жиындардың биік мінберлерімен қатар кез келген кездесулерде ағынан жарыла сөзбен сурет сала, суырылып сөйлейтінін, біліктілікпен жеткізе айтатынын аңғармау мүмкін емес. Сондай-ақ, ойымен оңаша қалған қысқа да қат сәттерде жыр жазатынын, шабыттана шырқалатын бірнеше әдемі әндердің сөз мәтіндерінің авторы екенін де көзі қарақты оқырман қауым қалт жібермесе керек. Өйтпеген жағдайда Президент Н.Ә.Назарбаев: «…Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген тегеурінді сөз тіркестерін тебірене толғар ма еді?
Бұл ой Елбасының: «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында да жарқын көрініс тапты. Онда «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады», деп атап көрсетілгенін көзі қарақты қауым жақсы біледі.
Сонымен қатар, көп ұлттылық пен көп тілділіктің біздің басты құндылықтарымыздың бірі екенін және еліміздің негізгі артықшылықтарының бірі болып табылатындығына тоқтала келіп, конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік тіліміздің келісті келешегіне көз жүгірте отырып, былай деді: «Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет».
Бұдан асырып не деуге болады? Осы сөздердің аясында бұл саладағы міндет те, жоспар да, іс-шаралар да, шешім де менмұндалап тұрған жоқ па? Ендеше, тілімізді біреу өркендетіп береді деп дәметуді доғарып, әрқайсысымыз өз міндетімізге алуымыз, сөйтіп, белсене іске жегілуіміз қажет. Сонда Президент міндеттеген 95 пайыздық мерейлі межеге жетіп, ол асуды да абыроймен аларымыз анық. Өкінішке қарай, біраз жерлерде, тіпті мемлекеттік мекеме, билік орындарының басым бөлігінде негізінен құжаттардың басым бөлігі орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылып жататынын жоққа шығара алмасымыз да даусыз. Дей тұрғанмен де, ауызды қу шөппен сүрте берудің де берері аз.
Біріншіден, бізге ешкім тосыннан: «Құжаттарды қазақ тілінде дайындамаңдар!» деп ұрдажық ұсыныс таңып отырған жоқ. Бұл мәселе де, айналып келгенде, әр мекеменің басшысы мен әр қандасымыздың патриоттық сана-сезіміне байланысты. Екіншіден, сол мекеме – ұжымдардағы мамандардың жетіспеушілігі мен қажетті жағдайлардың жасалмауынан деуіміз керек сияқты. Болмаса, бұл істі де ілгерілетіп алып кетудің алғышарттары жоқ емес.
Атап айтқанда, біз Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері өз бастамашылығымен әзірлейтін ішкі құжаттарды (бұйрықтар, хаттамалар, қызметтік жазбахаттар, баянжазба актілері, тағы басқалар) тек мемлекеттік тілде әзірлеуге көшу туралы ұсыныспен шықтық. Алайда, бастамамыздың бірден төрт аяғынан тайпалып кетпейтінін де бағамдағандықтан, алдымен 6 ай мерзім ішінде 2 беттік, жарты жылдан соң 5 бет көлеміндегі құжаттар тек қазақша әзірленсін дегенге тоқтадық. Басшылық ұсынысымызды қолдады. Соның нәтижесінде туған тіліміздің қолданылу аясын анағұрлым ауқымды ете түсуге мұрындық болып, аяғынан нық бастырып жібергенімізді мақтанышпен айта аламыз. Бұл құптарлық қадам емес пе? Қаны мен жаны қазақ азаматтар қай жерде де осындай орнықты шараларды жасқанбай қолға алып, жауапкершілік жүгін көтеруге жанкештілікпен арқасын тосса, ақсап жүрген мәселе сөзсіз шешімін табады. Енжарлықты еңсеріп, нақты іске көшу ғана керек.
Осы тұрғыда тікелей өзіміз жүзеге асырып жатқан бірер шараға тоқтала кетсек, біздің бөлім Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімімен бірлесіп қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыруға белсене атсалысты. Сектор меңгерушісі курстың сабақ жоспары мен дәріс беру әдістемесін қадағалап, тестілеу емтиханына қатысып отырады. Сабақ Әкімшілік қызметкерлерінің тілді білу деңгейіне қарай үш топқа бөлініп жүргізіледі. Осы орайда атап өтетін бір жайт – Жалпы бөлімнің бастамасымен қазақ тілін оқытуға бейімделген арнайы лингафондық сынып дайындалды. Сынып заманауи компьютерлермен және тыңдауыштармен (наушниктермен) жабдықталған. Ол сыныпта мемлекеттік тілді меңгеруге ынталы 15 қызметкердің бір мезгілде дәріс алуына болады. Және бір маңызды шара ретінде Президент Әкімшілігі баспасөзде мемлекеттік қызметтің бос орнына қабылдау үшін конкурстар жариялау кезінде үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарының тізбесіне мемлекеттік тілді білу туралы тармақ енгізді.
Әлбетте, байыбына барған адамға тіл де тірі организм сияқты: өсіп, өркендеп отырады. Өйткені, сөз қолданысы да сол тілді тұтынатын халықпен бірге жасап, жаңғырып тұрады. Өткен ғасырда зауыт, үстел, керует, самауырын деген ұғымдармен толысқан тіліміз келе-келе балмұздақ, аялдама деген сияқты сұлу сөздермен байыса, бүгінде саммит, инновация, тағы да басқа көптеген тың түсініктермен түрлене түсті.
Ал ол сөздердің қажеттісін, дұрыс деген баламасын қолданатын қауым өздері екшеп алады. Алғашқы кезде құлаққа тосын естілген құқық, сынып, пайыз сөздері сіңісіп кеткен жоқ па?
Әйтсе де, бір «әттеген-ай» дегізетін жайт, тәуелсіздік тосынсыйларын шексіз еркіндік деп сезіну үрдісі тіл саласына да соқпай өткен жоқ. Әр мекеме өзінің салалық сөздіктерін шығарып, біраз оқырманды әуре-сарсаңға салғанын несін жасырамыз? Сәтін салғанда, ондай тәжірибе тежеліп, қазір қалпына түсіп келеді.
Айналып келгенде, бұл да Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының құзыретіне келіп тіреледі. Ең алдымен, Мемтерминком бекітпеген ешқандай сөздік баспадан шықпауға тиіс. Екіншіден, Мемтерминкомның шешімі заң сияқты жалпыға ортақ әрі міндетті болуы қажет. Бекіген термин мен сөз тіркесін ешкімнің басқа баламада қолдануға құқығы жоқ. Сонда ғана тілдік қорымыздағы терминдер біріздендіріледі. Ал оның мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудегі рөлі ұшан-теңіз.
Біз де бірнеше жыл бойында қордаланған, іс қағаздарын жүргізуде жиі кездесетін ресми сөз қолданысындағы 52 сөзді іріктеп алып, 2010 жылы Мемтерминкомның талқысына ұсынғанбыз. Комиссия мүшелері ұсынған терминдеріміз бен сөз тіркестерін түгелдей мақұлдап, кезекті отырыстарының бірінде бекітіп берді. Ондай шапағатты шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Енді біз қызмет етіп отырған мекемеде қазақ тіліндегі құжат айналымы қандай деңгейде, қызметкерлеріміздің мемлекеттік тілді жетік үйренуіне қандай жағдайлар қарастырылған деген сұрақтарға аз-кем тоқтала кетейін. Жалпы, Әкімшілік бойынша былтырғы жылы барлығы 18001 шығыс құжаты әзірленсе, солардың 12775-і мемлекеттік тілде дайындалды. Сөйтіп, 2011 жылы мемлекеттік тілде дайындалған құжаттардың үлесі 71 пайызды құрады. Ал бүгінгі таңдағы үлес – 85,2 пайыз.
Жоғарыда аталған игі істің, оның орындалуын қатаң қадағалап, ай сайын мониторинг жүргізудің арқасында соңғы кезде Президент Әкімшілігінің барлық құрылымдық бөлімшелерінде құжаттарды мемлекеттік тілде дайындаудың аясы едәуір кеңіді. Атап айтқанда, біз ұсыныспен шыққан 2010 жылы Президент Әкімшілігінен шыққан құжаттардың 33 пайызы ғана мемлекеттік тілде әзірленсе, 2011 жылы олардың көлемінің қаншалықты өскеніне жоғарыда тоқталып өттім. Салыстырмалы түрде қазақ тілінде дайындалған құжаттардың көлемі 2,4 есе артты.
Құрылымдық бөлімшелердің арасында көтерілген мәселеге үлкен мән беріп, іс жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын бір жылда 90-100 пайызға жеткізген Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің, Президент Протоколы мен Баспасөз қызметінің, Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығының, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің жұмыстарын айрықша атаған жөн.
Өкінішке қарай, құрылымдық бөлімшелердің бәрі бірдей мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге өз үлестерін межелеген деңгейде қоса алмай келеді. Бірлі-жарым ұжымдар 61 пайыздан аспады. Бірақ бұл мәселе бойынша былтырғы жылдың қорытындысымен салыстырғанда (тиісінше 7% және 31%) олардың өзінде үлкен ілгерілеушілік байқалатынын баса айтуға тиіспіз.
Қазақ: «Көш жүре түзеледі», демей ме? Бағалы бастамамыз баянды бола түсуде. Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде іс жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылу аясына қойылатын талап былтырғы жылдың екінші жартысынан бері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға да қойылып, олардың да мемлекеттік тілде іс жүргізуіне оң ықпалын тигізуде.
Мемлекеттік тілді іс қағаздарын жүргізуге кеңінен кіріктіру мақсатында бұл шаралардың сыртында тындырылып жатқан басқа да жұмыстар аз емес. Оған көшпес бұрын мынадай бір жағдайға арнайы тоқтала кеткен жөн сияқты: біздің бөліміміздің құрамында редакциялық сараптама секторы бар. Бұл – жалпы Әкімшіліктегі бірегей ұжым. Өйткені, бүкіл ел басқару органдарының барша құжаттары мен актілерін осы шағын ұжым қызметкерлері бір ізге түсіріп, сараптамадан өткізіп отырады. Олар, сондай-ақ функционалдық негізгі міндеттерімен қатар Әкімшілік қызметкерлерінің күнделікті жұмыста қолдануы үшін әдістемелік және көмекші құралдар, іс қағаздарында жиі кездесетін терминдер мен сөз тіркестерінің анықтамалықтары мен сөздіктерін құрастырып отырады. Қазір Президент Әкімшілігінің ішкі веб-порталына сондай 7 құрал орналастырылған. Олардың ішінде «Екі тілде іс қағаздарын жүргізу» атты анықтамалық пен «Іс жүргізуде жиі кездесетін терминдер мен сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігі» сияқты әрқайсысы 300 беттік көлемдегі екі кітап та бар. Сонымен қатар, Әкімшілікке жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлер түгелдей әрі міндетті түрде секторда әңгімелесуден өтеді. Онда аударма және редакциялық сараптама саласының ерекшеліктері кеңінен тілге тиек етіледі. Тіпті, сектордағы әріптестеріміз өз мекемеміздің шеңберінен шығып, орталық мемлекеттік органдардың осы саладағы істеріне қолғабыс тигізіп отырады. Олар Президент жанындағы Басқару академиясының тыңдаушылары алдында дәріс оқып, баспасөз бетінде іс-тәжірибелерін бөліседі. Қыркүйек айында тіл мерекесіне орай, министрліктер мен агенттіктерде, облыстық, қалалық әкімдіктерде өткізілетін тіл жанашырларының байқауларында қазылар алқаларын басқарып жүр.
Қорыта айтқанда, атқарылған жұмыстардың нәтижелілігін, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде іс жүргізуде мемлекеттік тілдің орнықты орын алғанын және бұл мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың ай сайынғы есебі жасалып, басшылыққа ұсынылатынын ескерсек, іргелі істеріміздің өз жемісін беретініне нық сенімдіміз.
Мірболат ЖАҚЫПОВ,
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Жалпы бөлімінің меңгерушісі
Егемен Қазақстан
http://www.egemen.kz/2012/10/05/347465/