Мемлекеттік тіл – менің тілім
Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі – бүгінгі өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің гуманитарлық пәндер факультеті «Тілдер апталығы» шеңберінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу өткізді.
Ресми дерек бойынша елімізде қазақ тілін өзінің ана тілі санайтын 6 мыңнан астам өзге ұл өкілдері бар екен. Олардың қатарының жылдан-жылға толығып келе жатқаны да анық. Оған «Мемлекеттік тілді құрметтеу – қасиетті парызың», «Үш тұғырлы тіл», «Тіл – сенің жүректегі жүйрік елшің» тақырыптарда өткен шараларды ұйымдастыру барысында да көз жеткізілді. Апталықтың жабылу салтанатына арнайы шақырылған өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде еркін көсіле сөйлеуі де ана тіліміздің мерейін асқақтата түскендей болды. Өз ана тілімен қатар қазақ тілін терең меңгеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген «Тіл» журналының бас редакторы Максим Николаев, «Еуразия» телеарнасының тілшісі Владислав Цой, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері Юлия Кушнарева мен Сухраб Янан және басқалары қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, болашағы жайлы сөз сабақтады.
Кездесудің ашылуында сөз алған университет ректоры Ақылбек Күрішбаев: «Тіл – достық дәнекері, береке мен бірліктің алтын құралы. Міне, сондықтан да бізбен бір шаңырақтың астында тұрып жатқан түрлі ұлттардың өкілдері өздерінің болашағын қазақ тілімен байланыстырады. Қоғамда қазақ тіліне деген сұраныс еселеніп артып келеді. Біздің университет ұжымы да бұл игі істен тыс қалмақ емес. Соның бір мысалы Ғылыми кеңестің шешімімен үстіміздегі жылы толықтай қазақ тілінде іс жүргізетін кафедра оқытушыларының жалақысына үстемақы қосу қарастырылып отыр», – деді ол.
Өткен жылы ғана республикалық «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталған Максим Николаев: «Шыны керек, менің мамандығым, алған білімім теледидар түгілі, тіл білімінен де алшақ жатыр. Университетті «еңбек пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, журналистика саласынан бір-ақ шығуыма септігін тигізген қазақ тілі. Мен ауылда өстім. Арпа ішіндегі бір бидай тәрізді қарадомалақтардың арасында сары домалақ болып жүруші едім. Достарымның бәрі қазақ балалары болғандықтан қазақ тілін жетік меңгеруіме неғұрлым көп көмегін тигізді. Сол үшін де достарыма қарыздармын», – дей келіп, өзінің бағын қазақ тілі ашқанын, ендігі жерде сол тілге қызмет етуді парыз санайтынын айтты.
Әріптесінің бұл сөзін қуаттаған кәріс ұлтының өкілі, «Еуразия» телеарнасының тілшісі Владислав Цой: «Мен де Максим тәрізді қазақ ауылында өстім. Ақтөбе облысының Темір атты қазақ ауылы мені Астанаға қазақ тілін еркін меңгерген кәсіби маман етіп аттандырған еді. Өз жұлдызымның жанғанын қазақ тілін жетік меңгеруімде деп білемін. Телеарнада жүріп, қазақ тіліндегі журналистер босамай жатқан сәтте өзім қазақ тілінде ақпарат дайындап, көрерменге ұсына беретін дәрежеге дейін жеттім. Менің көрермендерім қазақ және орыс тілдеріндегі кең ауқымды аудитория екенін мақтанышпен айта аламын. Журналистикаға келмес бұрын «Superstar.kz» жобасы арқылы қазақ тілді көрерменге танылдым. Аталған жобада халық арасына кең тараған ән – Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнін орындап шыққан болатынмын» деп, өзінің қазақ тілі арқылы жеткен табыстарын ортаға салды.
Ал ауғандық студент Сухраб Янан: «Мен қазақ тілін небәрі 9 айда үйреніп алдым. Алматы қаласындағы тіл оқыту курсында оқып, бүгінгі күні еркін сөйлесе алатын дәрежеге жеттім», деп, қазақ тілін меңгеруді өзінің басты табысы санайтындығын жеткізді.
Кездесу концертке ұласты. Оған қатысушылар да қазақтың өнерінен құралақан емес екендерін көрсетті. Алла Попова мен Тамерлан Начжимеденов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, Миновар Мабова «Қамажай» биімен жиналғандарды өз өнеріне тәнті етті. Сол сияқты, домбыраның құлағында ойнап, күй шерткен Ксения Сурикова мен Владислав Калмыковтың, Диляра Кальтиеваның орындауындағы «Төрт ана» өлеңі жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Ал кеш шымылдығын «Еуразия» арнасының тілшісі Владислав Цой Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнімен жапты.
Серік РАХМЕТОВ.
АСТАНА.
Біріктіруші күш
Мемлекеттік тіл аясын кеңейту мәселесі дөңгелек үстел басында талқыланды
Мұнайлы Атырау – іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге алғаш көшкен өңірлердің бірі. Өйткені, мұнда тек қаны да, жаны да қазақ деп соғатын қандастарымызбен бірге өзге ұлт өкілдерінің арасында да қазақша сөйлегенде алдына жан салмайтындар көп-ақ. Өзге ұлт өкілдерінің аға буыны балаларының қазақ тілін жетік меңгергенін қалайтыны да жасырын емес. Міне, осы мәселе таяуда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Атырау мұнай және газ институтында өткен дөңгелек үстел басында және бір рет қуатталды.
Осы басқосуға қатысқан өзге ұлт өкілдерінің бірі, «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Сейтамин Акаев «Біз Қазақстанға қоныстанғалы бері қазақтың дархан көңілін, бауырмалдығын сезініп келеміз. Қазақ елінен, жерінен бақыт тапқан жанның бірімін. Қазақ қызына үйленіп, отбасы бақытына да бөлендім. Қазақтың пейілі қандай кең болса, тілі де үйренуге жеңіл. Мен тілін меңгеруде еш қиналған жоқпын» дейді. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлем тілдері факультетінде оқитын түрік қызы Жан Мурадованың да жүрегі қазақ деп соғатыны байқалады.
– Кіндік қаным қазақ жерінде тамды. Осы жерде бой жеттім, осы жерде білім алудамын. Өз тіліммен бірге қазақ, орыс, ағылшын, әзербайжан тілдерін меңгердім. Енді қытай тілін меңгеруді бастадым. Алдағы мақсатым – Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті, барлық саласы өркендеген өркениетті елу елдің қатарына қосылуына өз үлесімді қосу. Бұл жолда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жетілдіруді де көздеймін. Себебі, мен – тәуелсіз Қазақстандай Отанымды шексіз сүйетін патриотты жастың бірімін. Ал өз Отанының патриоты туған елінің тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін жетік білумен бірге, мемлекеттік тілді құрметтеуі, оны еркін меңгеруі қажет, – деп ағынан жарылады түрік қызы Ж.Мурадова.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Қилымғали Қайненовтің пікірінше, өңірде мемлекеттік тілді оқыту мақсатында тегін курстар ұйымдастырылуда. Өткен жылы 907 адам арнайы курста мемлекеттік тілде сөйлеу, жазу машығына оқытылса, биылғы жыл басынан бері 492 адам тартылған. «Қазақстанның әр азаматының, әсіресе, жастардың мемлекеттік тілді меңгергенін қалаймыз. Өйткені, тәуелсіз еліміздің болашағының, даму перспективасының басты мақсаты да қоғамды біріктіруші күш – мемлекеттік тіл. Әр азаматтың патриоттығы да мемлекеттік тілді меңгеруінен де сезіліп тұруы тиіс», – дейді басқарма бастығы Қ.Қайненов.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Байқауда бақ сынады
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас кеңсесінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген теміржолшылар тіл мерекесіне орай «Тіл бірлігі – ел бірлігі» байқауында бақ сынасты. Оған темір жолдың облыстық бөлімшелері, еншілес кәсіпорындары мен филиалдарының өкілдері қатысты.
«Тіл бірлігі – ел бірлігі» байқауын ашқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчурин мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын айта келе, ұлттық компанияда мұндай байқау өткізудің дәстүрге айналғандығын жеткізді. Кезінде ұлттың ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Тіл жоқ жерде, ел жоқ» деген болатын. Бүгінгі байқаудың басты шарты – мемлекеттік тіл аясын кеңейту, оның маңызын көтеру, – деді ол.
Байқауда Қазақстанның барлық өңірлерінен келген темір жол мамандары «Туған өлкем – ардағым», «Халықтың асыл мұрасы», «Әзіл-сықақ сандығынан», «Ән-күй шашу» атты үш сатылы байқауда сыналды. Байқауға қатысушы әр ұлт пен ұлыстардың өкілдері мемлекеттік тілде өздерінің шығармашылық өнерлерін орындауда жан-жақты қырларымен танылды. Қызықты байқауға қатысқан көрермендер мен қазылар алқасы Достық стансасының «Жетісу» тобына бірінші, Атырау жол бөлімшесінің «ВЧД тарландары» тобына екінші, Павлодар жол бөлімшесінің «Ертіс» тобына үшінші орынды берді.
«Егемен-ақпарат»
Егемен Қазақстан
http://www.egemen.kz/2012/09/28/347106/