Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін», – деп қауіптенсе, ал Мағжан ақынның: «Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы – асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр», – деп жазғанының бүгін де тәрбиелік мәні артпаса кеміген жоқ.
Ана тіліміздің қазіргі хал-ахуалы қалай? Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен XIV Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық форум өткен болатын. Осы жиында еліміздің әр аймағынан қазақ тілін жете меңгерген өзге этнос өкілдері бас қосып, жастарды мемлекеттік тілді оқып-үйренуге шақырды.
Мен, ұлысымыздың ұйытқысы атанған Оңтүстік өңіріндегі бір қарапайым отбасының қызымын. Ұлтым – иран, жаным – қазақ, себебі, қасірет шеккен менің аталарымды аман сақтап қалған киелі қазақ жерінде туып, қазақтың суы мен ауасынан нәр татып, даласы мен данасынан үлгі алып өскен өркенмін.
Қазақ тілін меңгергеніме, оның мол қазыналы байлығына кенеліп еркін сөйлей алғаныма киелі қазақ топырағы мен оның дана халқына алғысым шексіз. Кезінде Шәкәрім атамыз парсы халқының білімі мен ілімін үйрену үшін осы тілді меңгерген болатын, ал мен керісінше сол Шәкәрім сөйлеген тілде еркін сөйлей алатыныма мақтанамын!
Қазақстан азаматтарының тегі басқа болса да – теңдігі бір. Елбасымыз «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны тұрақты түрде дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз керек», деген болатын.
Біздің елімізде барша қазақстандық ұлттардың ұйытқысы, мемлекет құраушы халықтың тілінің мәртебесі анықталған, сондай-ақ, қалған тілдерді дамытуға тиісті дәрежеде қолдау көрсетілуде. Бұл – үлкен жетістік. Біз осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, оның әдеби қорын толықтыру тек қазақ халқына ғана емес, тағдыры бір қазақстандық әрбір этносқа жүктелетінін түсінуіміз қажет.
Қазақстанның Ел бірлігі доктринасында Ұлттық рухты нығайту мен дамыту туралы нақты айтылған. Біздің ұлттық рухымыздың негізі – дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухында жатыр. Біз секілді көшбасшы елдің жастары мораль мен парасаттылықтың жоғары нормаларын сақтайтын, заңға мойынсұнушылық танытып, зиялы, үш тілді еркін меңгерген элиталы қауымды құруға міндетті.
Біз – бақытты жастармыз. Айналамызға бір сәт қарайықшы. Әлемдік өркениетте болып жатқан қаншама келеңсіздіктер, соның ішінде парсы шығанағы, ислам елдеріндегі жағдайлар алаңдатпай қоймайды. Болашағы бұлыңғыр болып тұрған менің ата-бабамның жері, экономикалық тығырыққа тірелген Еуропа жастарының күйі қандай екен? Осындай әлемде орын алып жатқан жайларға қарамастан біздің елімізде әр ұлттың өз мәдениетін сақтауға, тілін, дінін, ділін жетілдіруге, ел өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдауға барлық жағдай жасалынып отыр. Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарының өзінде-ақ толеранттылық, ұлтаралық келісімді таңдаған еліміз, бүгінде күллі әлемге бірлік пен келісімнің, толеранттылық пен серіктестіктің қазақстандық моделін салып берді.
Өзімнің қысқа болса да өмір жолымнан шығарған бір қорытындым – қазақ елінде, қазақ тілінде сөйлейтін әрбір өзге ұлт өкілі ең сыйлы адам.
Сөз соңында мен жастарды Елбасының өмірлік жолынан үлгі алып, әр істі жауапкершілікпен, адал атқаруға, ел мүддесі мен игілігі үшін қызмет етуге шақырамын.
Али-Мамед Ирана.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Келешектің жарқын келбеті
Әр тілдің өз ерекшелігі, әсемдігі бар. Тілді білудің және қолданудың пайдасы да көл-көсір. Тіл үйрену арқылы адамның бойында биік рух қалыптасады, тіл адамды адамгершілікке тәрбиелейді. Өзге адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауда да тілдің алатын орны ерекше.
Мен бастауыш мектепте қазақша оқыдым. Басында қиындау болғанымен, дос балаларымның арқасында қазақша ойнап, қазақша сөйлесіп, қазақтың тілін, салт-дәстүрін меңгеріп алдым. Орта мектепте орыс, ал жоғары оқу орнында ағылшын тілін оқып үйрендім. Осылай, заман талабына сай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгердім.
Қазіргі кезде қазақ тілін үйрену мүмкіндіктері көбеюде. Балабақша, мектеп, оқу орны, тіпті қызметкерлерге де тіл үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Оқулықтардың, электронды-инновациялық құралдардың саны өсіп жатыр. Тек, қазақ тілін үйренемін деген ниет, ықылас болса жетіп жатыр.
Осы орайда және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен іске асырылған «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасының маңыздылығын ерекше атап өткім келеді.
Бұл жоба жас ұрпақтың кез келген салада жоғары білікті маман болуына, сол арқылы Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етуіне жағдай жасайды.
Үш тілді еркін меңгерген, көзі ашық, білікті, толерантты азамат, бұл – заманауи жас қазақстандықтың жарқын келбеті!
Геннадий РАУ.
Ғаламтордан үйрендім
Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі таңда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте-мөте қажет», деп атап өткен еді. Қазір құдайға шүкір, елімізде ғылым, ғаламтор және жаңа технологиялар саласында мемлекеттік тілдің даму қарқыны жаман емес. Оған саны күн санап артып келе жатқан қазақ тіліндегі интернет-сайттар мысал бола алады.
Бүгінгі күні ақпараттық технология құралдары тек ғылыми зерттеулер мен әр түрлі әлеуметтік, экономикалық және саяси үдерістерді басқаруда ғана емес, мемлекеттік тілді үйретуде де кеңінен қолданылып жүр. Сөзім дәлелді болу үшін, мемлекеттік тілді үйренудегі өз тәжірибеммен бөліссем деймін.
Менің мемлекеттік тілді өз бетіммен оқып үйренуіме көп көмегін тигізген жоба – қазақ тілін ғаламтор арқылы оқыту бағдарламасы. Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы әзірлеген, мемлекеттік тілді үйренуге ынта білдірген барлық мүдделі адамдарға тілді қашықтан оқытудың «Учимся говорить по-казахски» мультимедиалық жүйесі 2010 жылы іске қосылды. Алғашында осы «KAZCENTER.KZ» сайтының қызметін 32 мың адам пайдаланса, бүгінгі күні олардың саны 70 мыңнан асты. Солардың бірі – менмін.
Бағдарламаның мен үшін тиімділігі өзіме ыңғайлы уақытта кіріп, тілді үйрене алатындығымда. Бұл бағдарлама арқылы қазақ тілін үйренуім менің оқуыма да, жұмысыма да ешқандай кедергі жасаған жоқ. Ең алдымен өзімнің сөздік қорымды молайттым. Олар сайтта тақырыптар бойынша жинақталып, ауызекі тілде бірден қолдануға болатын сөз тіркестері ретінде берілген. Екіншіден, тіл үйренуші ретінде сөздерді тыңдай отырып, дұрыс сөйлеуге үйрендім.
Алдағы уақытта осы бағдарлама негізінде «skape» (скайп) жүйесі арқылы мемлекеттік тілді оқыту көзделіп отыр.
Бүгінгі күні республикамызда мемлекеттік тілді оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Тек, әрқайсымызда оны оқып-үйренсем деген ниет қана болса болғаны.
Ақпараттық технологияларды игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға үшін оқу және жазу қабілетін қалыптастыру сияқты сапалармен бір қатарда тұр. Және ол әрбір адам үшін қажетті шартқа айналды. Қазіргі жас буын жаңа технологияны барынша жетік меңгерген десек, ғылым мен техниканың даму қарқыны мемлекеттік тілді оқыту үрдісіне, жоғарыда атап өткендей, жаңа технологиялық әдістерді кең көлемде қолдануға да мүмкіндік беріп отыр. Тек сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуіміз керек.
Бақыт ЗЛОБИН.
Шығыс Қазақстан облысы.
Егемен Қазақстан
http://www.egemen.kz/2012/09/29/347157/