Жағым талғанша қазақтың ғажап тілі жөнінде «біреулермен қарап жүріп таласам, біреулерге жол көрсетіп қарасам, біреулердің бетіне айтып кінәсін, ақиқатқа өз әлімше жол ашам» деп, тіліміздің ақ қанат қорғаушысы болып жүрген белгілі ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры» қамқоршылар кеңесінің мүшесі, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің, Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Асылы Османның 70-ке толған мерейжасына арналған түрлі-түсті суреттермен безендірілген өмірдеректік кітап-альбом осылай аталады.
Қалың оқырманға ұсынып отырған бұл үлкен еңбекте атауы атойлап тұрғандай «Қазағым барда мен бармын» сөзін ғұмырлық ұстанымы еткен Асылы Османның өмір жолы мен шығармашылығы, егеменді ел болғаннан кейінгі қазақ тілінің мәртебесі мен мерейін арттыруға сіңірген еңбегі мен қайраткерлігі жайлы кеңінен сөз болады. Бір кереметі, кітап бастан-аяқ тарих шежіресінен көрініс беретін деректі суреттермен сабақтастырылған.
Алматы облысы әкімдігінің демеушілігімен жарық көрген ғұмырнамалық кітап-альбомның беташары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауымен ашылған.
Қазақ тілінің жаршысы, ұлттар арасындағы дәнекер, елдестіруші әзербайжан қызы жайлы еліміздің маңдай алды зиялылары да өз жүрекжарды лебіздерін арнапты. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қасымжомарт Тоқаев: «…әр тынысыңыз Отанға деген махаббатқа толы»…» деп ағынан жарылса, экс-Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев: «Қазақ тілін қалтқысыз меңгеру бір басқа, сол тілдің бүгіні мен болашағы жолында аянбай, қай кезде де батыл бастама көтеру бір басқа» деп шынайы тілегін білдіреді. Ал бүгінде ҚР Президентінің Іс басқарушысы Серік Үмбетов әзербайжан отбасында дүниеге келсе де, қай кезде де қазақ халқының сөзін сөйлеп, жыртысын жыртып жүрген, мемлекеттік тіл мерейленсе жаны жадырап, оның атына артық ауыз сөз айтыла қалса, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдайтынын алға тартса, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Асылы апайдың жастайынан қатал қоғамның пәрменімен туған топырағынан жер аударылып, тағдырдың тауқыметі мен теперішін тартқанын, бірақ мейірбандықпен қарсы алған қазақ халқының кең пейілі мен кемел парасатының, қолдап-қарайласуының нәтижесінде қатардан қалмай, түптің түбінде халқымыздың айбарлы да аяулы қыздарының біріне айналғанын мақтанышпен тілге тиек етеді. «…Дүйім жұртшылық сізді бүкіл саналы ғұмырын мемлекет және қоғам игілігіне арнаған, адамгершілігі мол, кең пейілді жан ретінде таниды», деп Алматы қаласының әкімі А. Есімов өз бағасын берсе, Достық және Парасат орденді Асылы Әлиқызын Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеруге ерекше атсалысып жүрген патриот ретінде құрметтейтінін білдіреді.
Аға ұрпақ өкілдері С.Зиманов, Қ.Қайсенов, С.Сартаев, Ә.Нұршайықов, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Кәкішев, Б.Рамазанова, С.Қабдолова, М.Мырзахметов, т.б. екі халықтың рухани қазынасын тел еміп өскен телқара қыз жайлы өз ниеттерін жеткізсе, белгілі ақындар М.Әлімбаев, Т.Молдағалиев, Н.Лушникова, С.Тұрғынбеков, Қ.Аманжолов, Ө.Оралбаев, т.б. сәулелі жыр шумақтарын сыйлайды. Қысқасы, Сансызбай Мәдиев құрастырып, Шахан Маханбетов көркемдеп, безендірген, «Елнұр» баспасында жарық көрген 361 беттік кітапты алып қарасаңыз, Асылы Осман жайлы тілек қоспаған қазақ зиялысы жоқ. Қызығушылықпен ерінбей санап шыққанда Елбасынан бастап 132 дуалы ауыз – еліміздің қоғам, мемлекет қайраткерлері, елім, жұртым дейтін ұлт жанашырлары, халық қалаулылары, жоо ректорлары, танымал ғалымдар, белгілі ақын-жазушылар, қоғамдық ұйым жетекшілері, кәсіпкерлер жылы лебіздерін арнапты. Оған мерейжас иесі жайлы әр жылдары жарияланған 21 мақаланы қосыңыз. Бұдан қазақ халқы, оның тілі десе таяқтан тайсалмайтын, семсерден сескенбейтін, қазақ үшін ақ сөйлеп, адал күліп, тағдырын теліген Асылы апайға деген қазақ халқының көңілін, ол кісіге деген құрметін байқау қиын емес.
Сонау алыстағы Қап тауында орын тепкен Грузияның Ахалкалак ауданында кіндік қаны тамғанмен, бесіктен белі шықпай жатып-ақ солақай саясаттың құрбаны болып, небәрі үш жасында, 1944 жылдың қара күзінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына маңдай тіреген Асылы Әлиқызы өзі айтатын «көкте Құдай, жерде қазақ жар болып жетілдік» демекші, осы топырақта өніп, өсіп, көркейіп, бүгінде қайсар қайраткерге айналды. Ендеше, Асылы апайымыз «Қазағым барда мен бармын» деп иек артса, біз де «қазақ халқы тұрғанда Асылы Осман да бар» деп жауап бергіміз келеді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы