Алматыдағы Достық үйінде «WikiBilim» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Интернет желісінде қазақ тілді мазмұнды дамыту және насихаттау» деген тақырыпта семинар-тренинг болып өтті. Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов және қазақстандық блогерлер қатысып, интернетті қазақ тілінде сөйлету барысындағы қол жеткен жетістіктермен қоса, алдағы уақытта атқарылуы тиісті мәселелерді тілге тиек етті.
Жиынды ашқан «WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжаханұлы қазіргі күні елімізде интернет желісін қолданушылардың жыл санап артып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Десек те, интернет желісінде қазақ тілді мазмұнды дамыту мен насихаттаудың бүгінгі күні өзекті де өткір мәселеге айналып отырғанын жасырмады.
— «WikiBilim» қоғамдық қоры құрылғалы бергі аз ғана уақыт ішінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып үлгерді. Үкімет басшысы, бұл бағытта шынайы қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше қолғабыс жасауда. Міне, осындай қамқорлық жағдайында интернет желісінде қазақ тілді мазмұнды дамыту және насихаттау бағытындағы алғашқы іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, бүгін таныстырылымы өтіп отырған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» және «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобалары таяуда ғана қолға алынып, қазақ тілді интернет қолданушыларға арналған аса маңызды һәм игілікті іс-шара болып табылады. Ана тіліміздегі интернеттің мазмұнын жаңаша насихаттау мақсатында жасалған «Қазақстанның ашық кітапханасы» мен осы интернет-кітапхананың құрамдас бөлігіне айналған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінің» басты мақсаты — дүниежүзіне кеңінен танымал онлайн сөздіктермен иық тірестіре алатын, ана тіліміздің барлық сөздік қорын бойына жинақтаған әмбебап сөздік жасау еді. Бір ерекшелігі, «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде» бұған дейін жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі» 92 мың 300 сөз бен 57 мың 856 сөз тіркесі — барлығы 150 мың 156 лексикалық бірлік қамтылған. Бұған қоса, сөздікте 166 мың 612 сөздің мағынасы ашып көрсетілген. Ең бастысы, бұл сөздік мұнымен шектеліп ғана қалмай, түрлі тақырыптағы және сан алуан саладағы сөздіктердің қорын бір жерге жинақтауға мүмкіндік беретін сөздіктердің «агрегаторы» болмақ. Бұған қоса, алдағы уақытта қазақ тіліне қатысы бар саяси-экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық және басқа да салалық сөздіктерде берілген сөздер жинақталып, жүйеленбек. Ал «Қазақстанның ашық кітапханасында» түрлі форматтағы және сан алуан тақырыптағы 1500-ден астам шығарма жинақталған. Қазақ тіліндегі осы интернет-кітапханада қазақ ақын-жазушыларының сан алуан тақырыптардағы шығармалары, аудиокітаптар мен қатар видеофайлдар бар. Бұл қазақ оқырманы үшін баға жетпес байлық болып табылары сөзсіз, — деп қазақ тіліндегі интернет қолданушыларға арналған қос жобаның мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.
Осы жиында қазақ тілді мазмұн мен интернеттегі негізгі тенденциялар туралы өз пікірін білдірген журналист-блогер Жалғас Ертай қазіргі күні елімізде ұзын-ырғасы төрт мыңға жуық алуан түрлі сайт тіркелгенін, алайда қарапайым интернет қолданушылар олардың тек үш мыңға жуығын ғана білетінін және күнделікті өмірде тек соларды ғана қолданатынын айта келіп: — Өкінішке қарай, біздің қазақстандық қолданушылардың басым көпшілігі тек орыс тіліндегі сайттар мен интернет-парақшаларды қолданады. Егер арнайы жүргізілген зерттеуге көз жүгіртсек, мысалы, бір сағат ішінде «Майл ру» сайтын біздің қазақстандық интернет қолданушылар 33 миллион рет қарайды екен. Ал бір аптада дәл осы сайтты 205 миллион қазақстандық интернет қолданушы қарайды. Өкініштісі сол, әзірге қазақ тіліндегі интернет трафикті қарау мұндай көрсеткішке жетпей отыр. Осы жағынан алғанда, бүгін интернет қолданушыларға таныстырылып отырған «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы осынау олқылықтың орнын толтыратын үлкен қазынаға айналуы тиіс деп ойлаймын, — деп өз ойын ортаға салды.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы болса, қолға алынған баянды бастамалардың ғұмырының ұзақ, қазақ тілді интернет мазмұнының толысып, ана тіліміз — қазақ тіліндегі интернет қолданушылар санының арта түсу мүмкіндігінің зор екендігіне тоқталды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, енді біраз жылда интернеттің қазақ тілді қолданушыларының саны анағұрлым артып, оның мазмұны ұлт жазушыларының інжу-маржандарымен барынша толыға түспек. Өйткені интернетті қазақ тілінде сөйлету — өмір талабы!
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
Айқын газеті