Максим Қостанай облысына қарасты Арқалық шаһарында дүниеге келіпті. Әкесі Николай Тимофеевичтің мамандығы – дәрігер. Бүгінде аталған қаладағы аймақтық сот-медициналық сараптама орталығында жауапты қызмет атқарады. Анасы Юлия Леонтьевнаның да есімі облысқа кеңінен танымал. Ол кезінде Арқалық қалалық әкімі аппаратының жетекшісі болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын бір кісідей біледі. Қазір сондағы педагогикалық колледждің студенттер жатақханасына басшылық етеді.
«Шаңырағымыздың шырайын келтіріп отырған ардақты шешем өзім үйдегі жалғыз ұл болғандықтан ба, менің болашағыма ерекше көңіл бөлді. Анам Қазақстанда ғұмыр кешкен соң, қазақ тілін міндетті түрде білу қажет, осы тілде таза сөйлеп, сауатты жазу керек деген пікірде. Сондықтан болар, екі жасымда қолымнан жетелеп, Арқалық қаласындағы «Ақбота» деп аталатын балабақшаның қазақ тобына алып барды. Осы жерде алты жасқа дейін тәрбиелендім. Қаракөз қазақ балаларымен күнделікті араласып, сөйлесіп, ойнап жүргеннен соң ба, әйтеуір мемлекеттік тілді тез үйреніп алдым. Анамның өзі де бұл тілде жергілікті халықпен еркін сөйлесе алады. Көп тіл білгеннің ой-өрісі, дүниетанымы кең болатындығын үнемі айтып отырады. Соның бәрі маған тағылым емес пе? Жастай бойға сіңген әрі үйренген тіл ғұмыр бойы ұмытылмайды екен. Осыған көзім әбден жетті» дейді Максим.
Қызығы сол, ата-анасы орыс ұлтының өкілдері бола тұра кішкентайынан қазақ балаларымен араласып, қазақы ұғымдар бойына әбден сіңіп қалған Максимнің орысшадан гөрі қазақшаға жетіктігін байқаса да балабақшадан соң да оны қазақ мектебіне береді. «Қазақша ойлап, осы тілде сөйлеп үйреніп қалған мен алғашқыда орыс тіліне шорқақтау едім. Бәлкім, мектепті де тек қазақ тілінде бітірер ме едім. Әлгі мен барған №11 мектеп уақыт өте жабылып қалды. Содан кейін амалсыз орыс мектебіне баруыма тура келді» дейді балалық шағын еске алған ол.
Алайда қазақ тілі жадында әбден жатталып қалған Максим бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бұл жайында ол «әсіресе қазақтың ардақты ақсақалдары, ақ жаулықты әжелерімізбен сөйлесу кезінде көп жайды көңілге түйемін. Себебі олардың көкіректері тұнған шежіре емес пе?!» дейді. Өзге ұлт өкілі бола тұра Максимнің қазақ тіліне деген құштарлығын байқаған ұстаздары да қолұштарын көп созды. Солардың ішінде Гүлжауһар Алтынбекқызының еңбегін ерекше атап өтуге болады екен.
9-сыныптан кейін ата-анасына салмақ салғысы келмеген бозбала Арқалықтағы экономикалық-құқықтық колледжіне түсіп, қаржыгер мамандығын алып шықты. Содан соң Қарағанды шаһарындағы экономикалық университетті тәмамдады. Қазір көршілес Ресейдің Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай қаласындағы филиалында білімін жалғастырып жатыр. Бұл жерден заңгер мамандығын меңгермекші. Жастайынан мемлекеттік қызметте болып, туған жері мен халқына адал қызмет атқарсам деп армандаған орыс жігіті колледжді бітірген соң, Арқалық қаласына қарайтын Родина селолық округінің аппаратында жұмыс істеді. Ауылдық жерде қызметте жүргенінде де мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын сезінді. Өйткені тіл білгенінің арқасында жергілікті халықпен тіл табысу, түсінісу оған оңай еді. Оған қоса орыс баласының қазақ тіліне жетіктігін көрген қазақтар да Максимге ерекше риза еді.
«Өзіміз жер үйде тұрамыз. Көршілеріміздің бәрі – қазақ ағайындар. Олардың бәрімен де бір шаңырақтың адамдарындай араласамыз. Біздің отбасы да жыл сайын қыс кезінде соғымға жарты жылқының етін алады. Сөйтіп, көктем шыққанша сыйлас кісілермен қонақ шақырысып жатамыз. Бұл да бізге қазақ бауырлардан жұққан ізгі қасиет деп ойлаймын» деп жымияды жас жігіт. Тілге жетік жас мемлекеттік тілді тиісті деңгейде игеру үшін күнделікті сол тілде сөйлеп, тілашарларды оқып отырумен қатар, көркем әдебиет, яғни проза мен поэзияға да ден қойған дұрыс деп санайды. Өйткені оларды оқу арқылы жан дүниең нұрланады.
Мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған бірталай байқаулардың жүлдегері атанып үлгерген Максим – елімізге танымал бірқатар басылымдардың да тұрақты оқырманы. Бұл орайда «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін үзбей оқитын ол облыстық «Қостанай таңы» газетінің де бірде-бір санын жібермейді. Өйткені өзіне туған өңірінің тыныс-тіршілігі жайында біліп отыруды парыз деп санайды.
Сөз соңында Максим «Қазақстан – осында ғұмыр кешіп жатқан барша халықтың Отаны. Оны сүю, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, Ата Заңды ардақтау, қазақ тілін терең меңгеру — барша ұлт өкілдерінің басты міндеті деп түсінемін. Күні кеше Лондонда өткен олимпиададан алған алтындарымызға ел болып марқайдық. Масаттандық. Мақтандық. Өйткені ол медальдар – елдің мерейін өсіретін ортақ олжамыз. Бұл бізді Қазақстан деген бір тудың астына біріктіретін ерен күш. Ендеше мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі де Қазақстанда тұратын барша халықтың тіл табысып, тату-тәтті тұрмыс кешуінің басты тетігі болуы тиіс. Сондықтан барша отандастарымды осы ортақ құндылықты игеруге шақырамын. «Ана тілі» секілді беделді басылым арқылы замандастарыма өз еліңнің мақтанышына айналғың келсе, білікті маман атанып, өз биігіңнен көрінгің келсе, мемлекеттік тілді меңгер дегенді айтқым келеді» деген лебізін білдірді.
Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ
ҚОСТАНАЙ
Ана тілі газетінен
http://anatili.kz/?p=10145