Ғаламтор желісі төл тілімізді насихаттайтын бірегей, әмбебап порталмен толықты. «Тіл әлемі» деп аталатын портал бүгінде өз жұмысын бастап кеткен. Бұл жерден тіліміздің өзекті мәселелерін қозғайтын түрлі мақалалар, кітаптар мен әдістемелік жиынтықтарды табуға болады. Ерекшелігі сол, порталда ономастикалық «Atau.kz», орфографиялық «Emle.kz» және терминологиялық «Termincom.kz» электрондық базалары құрастырылған.
«Тіл әлемі» порталы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша әзірленіп отыр. Мақсат – мемлекеттік тілдің ауқымды кеңістікте еркін самғауына, мәртебесінің көтерілуіне, тіл үйретудегі тиімді әдістердің бірігіп, игілікті жұмсалуына жол ашу. «Тіл әлемі» порталында мыңға жуық кітап, 200-ден астам аудио және видеосабақтар жинақталыпты. Сонымен қатар көпшілік қауыммен интерактивті байланыс та ескерілген. Әр автор, ғалым немесе жазушы тілге қатысты өзінің жеке парақшасын ашып, әлеуметтік желі ретінде байланыса алады. Оған қоса тіркелген оқырмандар ғалымдар мен әдіскерлерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, аудио, бейнесабақтар арқылы жаңа сөздер үйрене алады. «Әдіс», «Тіл райы», «Тарту», «Толғаныс» атты айдарлары көшелердегі немесе жарнамалардағы қателерді портал бетіне жолдауға, түрлі сөздіктер мен кітап-журналдарды оқуға, автордың өзі жазған жазбаларын орналастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде тілдік саламызда күрмеуі шешілмей жүрген күрделі мәселелер жоқ емес. Көшелерге белгілі тұлғалардың есімін беру, бір есіммен бірнеше көшелердің аталуы, кеңестік заманның тұсында орыстанған көше, жер-су аттарын қазақыландыру, жалпы қазаққа пайдасынан зияны көп, тілімізге қатысты түйткілді түйіндер жетіп артылады. Терминологиямызға жыл сайын жаңа сөздер еніп, тіліміз түрленіп, дамып жатыр. Олардың жазылуы, айтылуы, қолданылуы бәрі-бәрі бір жүйеге қордаланып жатқаны сансыз сұрақтарды аз да болса сейілтеді. Аталмыш сайттар соның дәлелі болып тұрғандай.
«Atau.kz» сайты – еліміздегі ең ауқымды ономастикалық электрондық база. Яғни елдімекендердің шығу тарихы мен оның бүгінгі күнгі аталуы, ондағы мекеме-меншіктерге, көшелерге, жер-су аттарына берілетін атаулардың өзгеріп-өзгермегені туралы ақпарат беретін электронды жүйе. Кез келген сайт қолданушысы қажетті елдімекеннің атауын теріп, іздеген аймағы туралы мәлімет ала алады. Сайтта ақпаратты интерактивті карта орналастырылып, онда еліміздің 14 облысы мен 2 қаласының аумағы, шығу тарихы, әрбір аудан-ауылдың атауына қатысты құнды мәліметтер кестеге тізілген. Сондай-ақ қазақ ономастикасына байланысты ғылыми-тәжірибелік негіздегі кітаптар мен белгілі жазушы-ғалымдардың мақалаларымен танысуға мол мүмкіндік бар.
Ал «Emle.kz» сайты тіліміздегі сөздердің сауатты жазылуы мен дұрыс айтылуына сілтеме жасап, орфографиялық нормалардың сақталуына бағытталыпты. Бұл сайтта әдеби тіл нормалары жайлы туындылар, орфографиялық ережелер, пунктуацияға, аббревиатураға қатысты арнайы айдарлар бар.
«Termincom.kz» сайтында терминологиялық лексиканы біріздендіру, қорды толықтыру, атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу көзделген екен. 1971 жылдан бүгінге дейін бекітілген 13 мыңнан астам термин салалық және хронологиялық ретпен жарияланыпты. Сондай-ақ комитеттің тарапынан шығарылған 30 томдық сөздік те кіргізілген.
Бүгінде ғаламтордағы қазақ аудиториясына арналып талай дүниелер іске асырылуда және оны келешек дамытып отыру заман талабы болып тұр. Сондықтан аталмыш сайттардың халық игілігіне жарарына сенім басым. Мұндай ауқымды, теңдесі жоқ таңдаулы жоба елімізде алғаш рет енгізіліп отыр. «Тіл әлемі» жобасы – Ана тіліміздің кеңге қанат жайып, заман ағымымен өркендеу жолында, келер ұрпақтың игілігі үшін қызмет ету бағытында ұтымды бастама деген ойдамыз.
http://www.alashgazeti.kz/?p=1303